Қызының бақытынан "қалыңмал" артық болды...

kalynmal

Түске дейін түсірілімде жүргендіктен, жұмысқа кешігіп келдім. Редакциядағылардың барлығы түскі астарын ішіп алыпты. Амал жоқ, жалғыз бардым. 

Баяғыша көзім телефонда, ауызым тамақта, жалғыз өзім ас ішіп отыр ем, кенет «Сәлем!» деген дауыстан селк еттім.

Қолында стақанға құйылған компоты мен тәрелкеде круасаны бар ұзын бойлы жігіт жымиып тұр. Қапелімде кім екені есіме түспей ойланып отырып қалдым. «Бұлар сөйтеді енді, мен ғой  Ринат. Курстасыңды ұмытып қалдың ба?» деп күлді.  Аяқ астынан танымай қалған қылығыма қысылып қалдым... 

Ринат-курстасым. Бүгінгі таңда әріптесім. Материалдарын сырттай оқығаным болса, өзін көрмегелі көп болды. Университетте оқып жүргенде бізден бір курс төмен оқыған Айжанға қатты ғашық болып,  екі жыл бұрын екеуінің шаңырақ көтергендерін естіп қатты қуанып едім. «Қалың қалай? Не жаңалық?» дегендей қалыпты сұрақтан кейін, Айжанның қалын сұрадым.

-Екеуің бас қосыпсыңдар, әй, жарайсың, соңынан көп жүгіріп ең, ақыры қол жеткізіпсің ғой? Қалай енді отбасылық өмір? Айжанның қалы қалай?

- Қазір қызым бар, бір жастан асты. Бірақ Айжанмен ажырасып кеттім...

Сонша жыл жүгіріп, әрең дегенде қол жеткізген сүйіктісімен екі жылдан соң ажырасып кеткені мені қатты таңғалдырды.

-Мәссаған!...

Ажырасуға не себеп болғанын білгім келсе де, сұрауға біртүрлі ыңғайсыздандым. Бірақ Ринат ішіндегісін өзі ақтарды.

-Мен Айжанды сүйдім, сүйем де, бірақ шыдамның да шегі бар екен, шаршап кеттім. Қазіргі сананы тұрмыс билеген заманда бізді ажыратқан сол баяғы «қалың мал» мәселесі...

- Сендер екі жыл бірге тұрған жоқсыңдар ма? Енді «Қалың малдың» не қатысы бар дегенім ғой...

- Айжанмен білесің, университетте жүргенде дос болып жүрдім. Кейін үйленетін кезде анам ауырып қалып, қосыла алмадық. Содан анам жазылмады. 

Арада тағы бірнеше жыл өтті, ақыры анам «ұлым, менің соңғы тілегім-сенің отбасылы болғаныңды көру» деп ақ батасын берді. Анамның қатты ауырып жатқанына қарамастан, той жасадық. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша қызға сырға салып, құда түстік. Шамамыздың жеткені сол, шыны керек, қыздың артынан "қалың мал" ретінде мың доллар апарып, той жасадық.  Тойда байқағаным, мың жылдық құда болуға серт байласпаққа ниеттеніп шыққан Айжанның әке-шешесінің жүзі жабыраңқы болды. Сөйтсе, олар "қалың малды" азсынып тырсиып тұрған екен...

Ата-анам ауылда тұрады ғой, қызмет күтпес, той өткен соң әйелім екеуміз қалаға кеттік. Пәтер жалдап тұрдық. Білесің ғой, журналистерде қайбір ақша бар дейсің, пәтер алуға жағдайым бола қойған жоқ.  Сонымен елден не кем емес, артық та емес өмір сүріп жаттық. Бірақ «төркіні жақын әйелдің төсегі жиналмас» демекші, Айжанның анасы құдайдың құтты күні біздің үйге келетін болды. Мейлі ғой, жаңа босанған қызына көмектескені маған жақсы, басында келгеніне қуанатын едім. Бірақ кейін енем сыздауықша сыздап жүр екен, бірде жарылды. «Сендер тойды дүркіретіп жасамадыңдар, қызыма бар жоғы мың доллар әкелдіңдер. Қызымның екі дипломы бар, қызметі бар, сонда үкілеп өсірген қызымды мың долларға бағалағандарың ба?» деп күнде бетіме басатын болды. «Апа, бақыт ақшада емес қой, бастысы біз бақытты болсақ болды емес пе?» десем, сөзімді құлақтарына да ілмеді. Анасын айтпағанда, әкесі қосылып миымды жейтін болды. Тіпті бара-бара Айжан да сол тойдың мәселесін жыр қылып жауыр қылды. Айжан мені қойып, ауылда ауырып жатқан анама қоңырау шалып, «менің артымнан әкелген ақшаларың тым аз болды, тойды дүркіретіп атап өтпедіңдер, елден ұят болды» дейтін еді. 

Содан кейін анамның денсаулығы одан әрі күрт нашарлап кетті. Қазір төсек тартып жатыр. «Сенің анаңның денсаулығында шаруам жоқ, ата-анама сый-құрмет көрсетуің керек, қызын алдың ба, ана-анама қымбат сый жасауға тиіссің. Қит етсе, анам ауырып жатыр деп ақшаңды ауылға жіберетін болдың» дейтін болды Айжан. Жағдайым жетсе, әрине анама көмектесу үшін ақша жіберер ем, Құдай-ау, қайдағы ақша? Журналистің әрі кетсе алатыны - жүз елу мың болса, пәтердің өзіне жетпіс мың төлейсің, қалған ақша шай-пұлдан артылмайды. Бірақ қанша айтсам да, Айжан мені тыңдағысы келмейді. Қиын сәтте мені қолдап, қасымнан табылады деген жарым әуелі ауылға мүлде бармайтын болды. Өзім арақ, темекіні аузыма алып көрмеппін, қол көтеру деген әдет жоқ... Мен шаршап кеттім, сөйтіп бір-ақ күнде ажырастым. Қызымды көріп тұрам, көмектесемін...

- Сонша жыл бірге болып, бір-ақ күнде ажыраса салу оңай болды ма, Ринат?

- Шыдамның да шегі бар ғой... өзім анамды ойлап уайымдап жүргенде, маған бәленбай жыл бұрынғы «қалың мал», «той» мәселесін күнде айтып, ұрыс шығара беру жөн бе? Оның үстіне жақында анама-рак деген диагноз қойды... 

Маған салса бар ғой, екі жас бірін-бірі сүйсе, екі жақ болып келісіп, тойды да жасамай, қалың мал дегенді де алып тастап, сол тойға кететін ақшаға пәтер әперетін едім...  Есесіне екеуі бақытты болады. Сосын жастардың отбасылық мәселесіне араласпайтын едім. Сен қалай ойлайсың?-дегенде ойланып қалдым.

Р.SӨзім де қыз өсіріп отырмын. Ринат айтпақшы, расында, кейін қызыма құда түсіп келсе, «той жасамай-ақ қояйық, бес сағаттық ішіп-жем үшін дарақыланып сонша қаржы жұмсағанша, сол ақшаны екі жасқа берсек қайтеді? Ол ақшаға демала ма, көлік ала ма, үй ала ма, өздері білер» деп айта алар ма екем?» деп ойланып қалдым... Айтуға оңай, әрине...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...