Қызыл көйлек

plate

Айсәуле - 5-сыныпта оқиды. Бүгін оған әпкесі жаңа көйлек сатып әкелді.
Көйлек болғанда да қандай десеңші! Жаңа піскен қызанақтай қып-қызыл! Өзі Айсәулеге арналып тігілгендей, денесіне әп-әдемі қона кетті. 
Бұған дейінгі кигендері-түсі қашып кеткен, олпы-солпы, ескі-құсқы бірдеме болатын. 
Әкесінің сау жүргенін туғалы көрмепті, үнемі араққа сылқия тойып алып ықылықтап жататын, алты баланы тудыруды білсе де, жауапкершілігінен қашты ма, сол әкесі екі жыл бұрын мүлде кетіп тынды...
Содан оны кейін көрмеді. Бала күнінен әке мейірімін көрмеген соң ба, бала жүрек біртүрлі әкенің қайта оралуын қалмайды... Сөйтіп, жалғыз қалған шеше байқұс алты баланы біреудің тесік-тозығын қанағат қылып өсіріп жатқан жайы бар. Қайта үлкені Жанар жақында көлік жуу орталығына жұмысқа тұрып, бір жағына шығысып жүр. Бүгін Айсәулеге көйлек әперген де осы Жанар әпкесі.
Жалғызбасты ана балаларына жетімдікті сездірмейін-ақ деп, жыртықтарын бүтіндегенімен, кейде сол жыртықты жамайтын жамау да таппай қиналады... Жетімнің үстіндегі киімі мен аяқ киімі жағдайының төмендігінен көрініс береді екен. Қызыл көйлекке дейін әпкесі Айжанның киімін анасы кесіп-пішіп беретін-ді, бірақ үлкен киім білінеді ғой, мүлде жараспай қолпылдап  сөлпиіп тұратын. Бүгінде бойжеткен әпкесі Жанардан қалған аяқ киімді тырпылдатып, мінекей 3 жыл бойы киіп келеді. Аяққа ілері тек сол болып тұр...
Міне, сөйтіп жүрген Айсәуле өзіне шап-шақ қызыл көйлек киіп, бір-ақ күнде жарқырап шыға келді. Өмірінде дәл бұлай қуанып көрмеген шығар, бала жүрек жарыла жаздады. Сенерін, сенбесін білмей, айнаның алдында сыланып-сипаланып екі сағат тұрған шығар. 
Сосын жүгірген бойда көрші тұратын сыныптасы Нұргүлге барды. Нұргүлге құрбысының қызыл көйлегі қатты ұнады, шұқылап біраз қызықтады.
-Көйлегің әдемі екен! Кім әперді?
-Жанар әпкем сатып әкелді. Жап-жаңа көйлек!
Нұргүл үндемеді. Өзінің үстіндегі ескірген, туысы берген көйлегіне бір қарап, жүзін төмен салып, үйіне жүгіре жөнелді. Жүгіріп бара жатып тұманданған көзін сүртті.
Нұргүлдің де тағдыры Айсәулеге ұқсас. Әкесі былтыр көз жұмған. Сөйтіп, Нұргүл екі інісімен жетім қалды. Екі үй де бұл жақта қуықтай екі бөлмені жалдап тұрады. Кейде сол бөлменің ақысын тауып бере алмай, анасының жылап отырғанын Айсәуле  көп көреді. Бұл Айсәуле үшін қалыпты жағдай: пәтерден пәтерге көшу, қатқан нан мен қара суды талғажау ету, ескі-құсқы киімді жамап кию... Себебі туғалы көргені осы.
...Күнде кие бергесін бе, әлде терден бе,  екі күннен соң Айсәуленің көйлегі кірлеп қалды. Анасы жуып, жіпке іліп қойған көйлегін Айсәуле ағаштың түбінде отырып кепкенін күтті. Жаздың аптап ыстығында көйлек санаулы уақытта кебуі тиіс... Сәлден кейін анадай жерде қарап отырған Нұргүлдің сары мысығына көзі түсті. 
-Менің көйлегімді торуылдап жүрсің бе?   Бүлдірмексің ғой, ә? Қайт, үйіңе қане,-деп сары мысықты  қуып жіберді. Бір шаруа тындырғандай, өз ісіне риза болды.
Осылай Айсәуле өз-өзімен риза боп тұрғанда, ту сыртынан ысылдаған сұсты бір дауысты естиді. Артына жалт қараса, жердің шаңын суыра үйірген дауыл жақындап қалыпты. Айсәуленің бала жүрегі зырқ етті. Бірақ кеш еді. Дауыл қызыл көйлекке бұдан бұрын жетіп, әуелете көтеріп әкетті. Айсәуле қапелімде не істерін білмей, аспанға алақ-жұлақ қарап абдырап қалды. Ал дауыл бұны мазақтағандай, қызыл көйлекті ирелеңдей іліп ап, ысылдай ұйтқып өте шықты. Сосын дауыл соңынан құстай ұшты. Бірақ жүйрік дауыл жеткізер емес.  Іші пысқан дауыл мұнымен қуыспақ ойнағандай, әр төбеден бір көрінеді. Ал бұрқыраған қара шаңның ішіне кірген қызыл көйлек мүлде жоқ...
Көйлегі көрінбесе де жанұшыра артынан жүгіріп келеді. Сәлден соң жүрегі лоқсып, аузына тығылды. Сонда да дауыл соңынан безектеп жүгіре берді. Тек... алыстын ызғытып келе жатқан қоңқиған қара джипті Айсәуле байқамады. Құйындай ұшып, ағыл-тегіл жылап келе жатқан балдырғанды көлік допша домалатып өтті. Аспанға қарай құстай ұшқан Айсәуле сонда да күдерін үзбей, жоғары қарай қолын соза берді. Әп-әдемі қызыл көйлегі қолына ілетінетіндей үміттенді. Әрі қарай не болғаны есінде жоқ. Тас қараңғы...
Дүкеннен нан алып келе жатқан Зәмзәм дауылды мана байқап, " пісмілласын" қайталап тұрған-ды. Сөйтіп күбірлеп тұрғанда, құйындай ұшып келе жатып, көлік астына түскен қызын көреді. Қолындағы дорбасын тастай сала, қызы жаққа қарай жүгірді. 
Бұл уақытта Айсәуле омақаса құлап, даланың қаңбағындай бес-алты рет жерге домалап, сілесі қатып есінен танған еді. 
Әйтеуір сәлден соң көзін ашып есін жиса, шешесі басынан тас қып ұстап, жоқтау айтып зарлап отыр екен. Мұның көзін ашқанына қуанған көлік иесі, қолына көк қағаздан екеу ұстатып, жөніне кетті. Бірақ Зәмзәм сай-сүйекті сырқыратар зарын тоқтатпады, бағын  ашпаған мына қатал тағдырды қарғап-сілейді. Күйеуі қу арақтың соңынан кетпей, қасында болса-бейшара қызы бүгін өйстер ме еді, "мен жазған қасіреттен қан құсар ма ем" деп зарлайды.
Айсәуле шеше құшағынан әрең дегенде босап, үсті-басын қақты. Алайда ол тұрғанмен, анасы тұрмады. Сол тізерлеген күйі алақанымен маңдайын тіреп, солқылдаған күйі отыра берді. 
-Ана, кешірші. Қызыл көйлекті енді іздемеймін,-деп еді, шеше одан бетер дауыс қосып, ағыл-тегіл жылады. 
Зәмзәмнің дауысын естіген Нұргүлдің анасы да қасына жетіп келді. Алғашында Зәмзәмге басу айтып, сабырға шақырғанымен, кейін өзі де қосыла боздап қоя берді.
Екі әйелдің аһ ұрып бұлайша азан-қазан болуын Айсәуленің алғаш көруі. Бұл оқыс оқиғадан шошып кейін шегіне берді... "Қызыл көйлегіме бола екеуінің сонша жылағаны несі, жаңағы аға берген ақшаға басқасын ала салатын ем ғой?" деп қояды іштей. Бірақ екі әйелдің бұл жерде Айсәуленің бар-жоғын ұмытқанын байқайды. Мына күйзелістерінің жөні басқада екенін бала жүрегі түсінді...
Жылдар бойы көкіректе жиналған нала, қасірет, азап бір-ақ сәтте лақ етіп ақтарылғандай. Бұған дейін еңселерін езіп келген қайғы-қасірет, өкініш пен күйініш жанартаудай лықсып көз жастарымен жуылып жатқандай. Жас денелерін қайғы күйретіп, жар қызығын көрмей шөгіп қалған келіншектер өксікті тірлікке қалай тап болғандарына ашынғандай. Құдай басқа салған таз тағдырларын қарғап, лағнет айтуда. Шыдамның шекке жетіп, сабыр суы таусылған сәт... Қиын-қыстау тағдырдың бар қасіреті ақтарылып сыртқа енді шыққандай.
Санаулы сағаттан соң екі әйел күрсініп, жылауын тоқтатты-ау. Кім жұбатсын, екі бейбақтың зарын кім естісін...
Ал бұл уақытта қызыл көйлекті әкеткен дауыл болса, бұларды мазақ еткендей көкжиекке сіңді де, жоқ болды...

 

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 мал құлағы саңырау 2016-04-27 16:05
тағдырына нала болып жүрген әйелдер аз емес, көп.Мақалалар өте жақсы жазылған, жүрегің шаншиды...