"Андреа Бочелли"

andrea

Жеңіс университетті бітірген соң бірден арман қала Астанаға жол тартты. Қайт жолы болып, мамандығы бойынша республикалық телеарналардың біріне тілші болып жұмысқа орналасты. 
Астанада көбі пәтер жалдап тұрады екен, бос пәтер табу тіпті оңайға соқпады. Табылғанының өзінде, бағасы удай. Әйтеуір өзі сияқты Астанаға келген, университетте бірге оқыған құрбыларымен бірігіп жүріп қала шетіндегі саман үйден екі бөлме тапқандай болды. Жүгін арқалап, бума-бума кітабын қолтықтап Жеңіс әлгі үйдің бір бөлмесіне орналасты.
Үйді тазалап, жатар орнын ыңғайлаған соң, баяғыша төсегінің тұсына өзімен бірге ала келген «Андреа Бочеллидің» суретін іліп қойды.


Сонау Ақтөбеден келген Жеңіс университетке түскен бойда өзге әлемге тап болғандай сезініп, оқу мен тоқудың қызығына ден қойды. Өзенге тап болған шөліркеген жолаушыдай бірде-бір лекция, қосымша сабақ, семинарларды жібермей, күндіз-түні кітап оқитын. Өзгелері оқу бағдарламасын әрең үлгеріп оқып жүрсе, Жеңіс кітапханадан шықпай, оқулықтан бөлек қаншама тың дүниемен танысып жүрді. Еуропаның мүйізі қарағайдай мықтыларының кітабын оқыды. Әйтеуір түгел болмаса да, өзіне керек-ау дегендерін оқып шықты. Әлемдік ақыл-ой мұрасын, тарихын қоса шама-шарқынша меңгеруге тырысты. Мықтылардың қатарына қосылу үшін білім мен ғылым негізін дәл студент кезінде қалап қалу қажетін жақсы түсінді, кейін жұмыс істесе, уақыттың тапшы болатынын білді. Топтағы қыздар саябақ, кафе торыған кезде, Жеңіс барын киіп, жалғыз өзі опера-балет театрына баратын еді. Тағылау өскен табиғаты операны қабылдамаса да, бар күш-жігерін жанып баратын. Себебі... Жеңіс ешкім білмейтін қиялында «опера орындаушысы» болғысы келетін. Ол әсіресе, итальяндық әнші Андреа Бочеллидің өнерін қатты құрметтейтін. Әндерінің ішінде «Viva Per Lei»-ді сүйіп тыңдайды. Қиял шіркін шексіз ғой, арманында тіпті Андреамен қосылып дует орындайды. Қазіргі тілмен айтар болсақ, Жеңіс Андреаның фанаты болды.
Міне, сол Андреаның суретін Жеңіс қайда барса да алып жүретін еді. Ол Андреаның суретін түрлі-түсті принтерден шығарып алып, зерлі кәсекпен әдемілеп, өзі жататын төсектің тұсына іліп қойды. Оқуын аяқтағанша қаншама жатақхана ауыстырды, бірақ Андреа Бочеллидің суретін әсте тастаған емес. Жаңа бөлмеге кірген бойда, ең алдымен төсегінің тұсына осы «Андреа Бочеллиін» іледі. 
...Арада бір айдай уақыт өтті. Бірде кітаптың қызығына түсіп кетіп, түнгі үште жатам деп, ұйықтап қалыпты. Редакцияға кешігіп келсе, шығарушы редактор өзін қоярға жер таппай, мұны күтіп отыр екен. 
-Келмей жатып кешіккенің қалай? Елдің бәрі түсірілімге кетті, адам қалмады тіпті... 
Жеңіс кешірім сұрап, қайда жіберсе де дайын екенін сездірді.
-Жарайды енді, қайталанбасын,-деді шығарушы редактор сабасына түсіп, -Қысқасы былай, бүгін сен баратын тақырып мынадай. Жүздеген адам өз үйінді астына тірідей көміліп қаламыз деп қорқып отыр, себебі көз алдарында қирап жатқан жатақхананың кез келген уақытта шаңырағы ортасына түсуі мүмкін екен. Қазірдің өзінде қабырғалары сөгіліп, төбесінен су сорғалап тұр дейді. Жақсылап түсіріп әкел, келістік қой?
Жеңіс келіспегенде қайда барсын, қасына операторын ертіп, каналдың көлігімен қала сыртындағы жатақханаға тартып кетті.
Адам төзгісіз жағдайда тұрып, әбден қажыған елдің мұңын барынша жеткізіп, жаңалықтардан көрсетуге тырысты. Жеңіс үшін бәрі таңсық, себебі бұл-телеарнадағы алғашқы материалы еді. Сөйтіп бүгін көп әсерге бөленіп, үйіне кештеу оралды.
Үйге келсе-бұрышта шүңкиіп анасы отыр.
Ойбай-ау, мұның ауылы сонау Ақтөбеде ғой? Олай болса анасы мұнда не істеп жүр? Алып шаҺардың ішінен мынау бір шеттегі жапырайған үйді қалай тауып келген?
Жеңіс әлденеден секем алғандай анасына үрке қарады.
-Күндіз телепоның өшіп тұр екен. Каналыңа іздеп бардым сені. Үйіңді солар көрсетіп жіберді,-деді анасы. Үні біртүрлі салқын...
-Ана, телефонмен сөйлескенде келем демеп едіңіз... Аяқ астынан не болды?-деді Жеңіс күдігін жасыра алмай.
- Сені ауылда «Бас қалада үй алыпты» деп шулап жүр. Тіпті Биғайша көзімен көріп, қолымен ұстағандай айтты. Маған айтпай бұл қыз не бүлдіріп жүр деп көзіммен көруге келдім!
-Е, менің Астанаға келгенімді біреулер үй алды деп ұққан болар.
-Құдай білед та...
Енді байқады, шешесінің көзі домбыға қызарып кетіпті, соған қарағанда бұл келгенше жақсылап жылағанға ұқсайды. Бетіндегі әжімдері де молайып, тереңдей түскендей... тарамыс қолдарының сыртына көк тамыры адырайып шығып кетіпті. Соңғы көргенде мұндай емес еді, танабы кепкен боз даладай қуқыл тартып отыр.
-Анашым, ауыл-аймақ аман ба?
-Аман...
-Неге жылағансыз? Атам, әжем аман ба?
-Шүкір, аман-есен.
Жеңіс не істерін білмей, анасын айналып-толғанып аз-кем отырды да, шай қамына кірісті. Шайнекпен су ысытып, дастархан жайды.
-Ал енді айтыңызшы, не болды?
Жеңіс анасына жалынғандай болды.
Анасы ыстық шайдан бір ұрттап, көз жасына ерік берді.
-Балапаным сол, әкеңнен жастай жесір қалдым. Сені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жетілдірем деп тұрмыс та құрмадым. Жасыратыны жоқ, қаншама азамат сөз салды, бірақ біреуіне келіскенім жоқ. Табан ет, маңдай теріммен арқалап жүріп сені асырап-жеткіздім. Көрмеген қорлығым, кешпеген бейнетім жоқ менің...
-Ана, оның бәрін білмейді деймісіз, білемін, түсінемін, амандық болса ақ сүтіңді ақтаймын әлі-ақ...
-Қызым, аналық ақ сүтімді бұлдап отырғаным жоқ. Одан Құдай сақтасын. Айтпайын деп ем, өзің мәжбүрлеп отырсың...
-Анашым...
-Әкең жігіттің серісі болды. Ел көркейтер мықты ер еді, сұм ажал ерте алып кетті, әттең... Амал қанша, сағымдай сейіліп жоқ болды бір сәтте. Соңында әйтеуір сен қалдың, соны медет тұттым... Бір-ақ жыл отассам да, әруағын өмір бойы ардақтадым. Әкеңдей жанға асыл жар болғаныма екі дүниеде де ризашылығымды білдіріп, жаратқан иеме тәубе етіп жүремін. Әкесіз өсті ғой, жалтақ болмасын, өр мінезді болсын деп бетіңнен де қақпадым...
-Бәріне рахмет, анашым. Бәрін білемін ғой, тек неге осынша таусыла айтып отырсыз, түсінбедім...
-Мен жүкті кезімде әкең «ұл болса да, қыз болса да есімін-Жеңіс қояйық» деген. Әкең өмірден өткенде сен іште қалдың. Сөйтіп, әкеңнің аманатын орындадық. Әкеңнің мезгілсіз өлімін уайымдап жүргенде, ерте босанып қойып, сен шала туылдың. Сол кезде тура бір ай ұйықтамай, сенің амандығыңды Құдайдан күні-түні тіледім. Құдай тілегімді беріп, шүкір, аман қалдың. Жалғыз қызымды елден қалдыра көрме деп тағы арман қылдым. Шүкір, ол арманыма да жеттім. Өз күшіңмен оқуға түстің, міне бітіріп, қызметке орналастың...
-Ана, мен бірдемені бүлдірдім бе? Не болды?
Осы күнге дейін кафе дегенге барып көрмеген, жігітпен жүрмек түгілі, бетіне де қарамаған Жеңіс, не бүлдіргенін білмей дал...
-Сонда көрем дегенім осы ма?!
-Анашым, айтсаңызшы!
-Мені қойшы, ана әкеңнің әруағынан ұялсаң етті!
-Ана!
-Жалғызым тұрмыс құрып, немере иіскермін, бейнеттің зейнетін көрем деп армандайтын ем!
-Анашым?
-Тыныш отыр, қане! Сол әкеңнің арманы да, анаңның үміті де әдірем қалғандай!
Анасының шүңірейген көзі жарқ етіп, қызына қатқылдау қарады.
-Сонда сен... бәрін тәрк етіп, мына бір атасы басқа, ақ бас, тіпті суретке тіке қарап түспейтін шалға тигелі жүрмісің?-деп соншалықты салқын раймен төсек басындағы «Андреа Бочеллидің» суретін иегімен нұсқады.
-Ана...
Жеңіс не дерін білмей, тілін тістеген күйі сылқ түсіп отыра кетті.
-Беті секпіл, шашы ағарып кеткен, өзіңнен отыз жас үлкен шалда нең бар, балапаным-ау? Ауылдағы Биғайша «қазір қазақтың қыздары қап-қара негрлерге тиіп жатыр» дегенде, бетімді шымшып ем. Сен де солардың бірі болғаның ба...
Жеңіс қабырғадағы суретке бар денесімен бұрылды, әрлі-берлі көп тасығаннан ба, Андреаның бетінде болымсыз секпіл пайда болыпты. Не күлерін, не жыларын білмей, суретті жаңа көргендей Андреаға мәңгіріп телмірді де қалды...
Жеңіс Андреаны әлем таниды деп ойлайтын, сөйтсе сонау ауылдағы анасы білмейді екен-ау...
Анасы көзінің жасын сүртіп қойып, тағы бірдеңелерді айтып жатыр. Бірақ Жеңістің құлағы тарс бітелді. Ештеңе естімейді. Орнынан үнсіз қозғалды да, Андреа Бочелли бейнеленген қағазды суырып, асықпай екі бүктеп, дар еткізіп айырып жыртты.
Анасының қуқыл тартқан әжімді бетіне шырай жүгіріп, жүзі мейірленгендей болды.
-ТуҺ, тоқтамай сөйлеймін деп тамағым кеуіп қалды ғой. Шайыңды ысытып әкелші, қызым,-деп үлкен іс тындырғандай анасы үй ішіне жадырай қарады...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Айзат 2016-04-22 14:43
Өте керемет жазылған. Аналар деген сол ғой :lol: :lol: :lol: