Махаббат хикаясы

 

mah hikayaОл 20 жыл бір шаңырақ астында тұрған әйелін жек көреді. Осы 20 жыл ішінде әйелі күндіз де, түнде де, қуанғанда да, мұңайған кезде де жанында болды. ...Тек соңғы жылдары сол әйелінің әр іс-қимылы, отырғаны, жүргені, қалай күлгені, сөйлегені, бәрі-бәрі жынына тиетін болып жүр. Әйелінің төсектен тұрмаған күйі қолын созып, "Сәлем, жаным! Бүгінгі күніміз сәттілікке толы болсын!" дейтін  әдеті бар. Бұрын бұл қылығына сүйсіне қараса, қазір жіңішке қолдарына, ұйқыдан енді оянған бет-жүзіне жиіркене қарады...

Әйелі төсектен тұрып, терезеге жақындады. Алысқа бір сәт ойлана көз салып қарап тұрды да, үстіндегі жібек xалатын шешіп жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Бұл жаңадан үйленген жылдары әйелінің жалаңаш тәніне сондай құштарлықпен қарайтын. Жоқ, әйелінің дене пішімі қазір де өзгермеген, өзгерген тек күйеуінің көзқарасы... соншалықты жек көретіндей не жазды бұл?

Ол күйеуінің жеңіл жүрістерінің бәрін білетін. Тіпті 3 жылдан бері бір жас қызбен кездесіп жүргенін де біледі. Күйеуінің себепсіз айқайлап, ұрыс шығаратынын, өзіне әйелі ретінде қарамай, қасына неше жылдан бері жоламай, теріс қарап жатанын да, қызықты шеттен, жас иістен іздейтінін де кешірді... Себебі ол күйеуін қатты сүйді, ол болмаса өмір сүре алмасын білді. Бұл аздай... жақында ол қатерлі дертке шалыққанын біледі. Аты жаман ауру күн өткен сайын жанын жегідей жеп барады, ал бір күні мүлде жеңіп тынатынын іштей сезеді. 

Айтып келмейтін ауру жайлы ол бәріне жайып салғысы келді. Неге бұл ғана азап шегуі тиіс? Жақын арада өмірмен қоштасатынын білсін бәрі, соңғы күнде қасынан табылсын, барлық тілегін орындауға тырыссын! Әрине! Бұл айтуға ғана жеңіл! Оның жалғыз қалғанда шеккен азабын сөзбен айтып жеткізу оңай емес... Ол өмірдің сондай тәтті екенін анық түсінді,  қоштасқысы келмеді. Соңғы екі-үш айда жүз жасқа қартайып кеткендей, өмірге басқаша қарайтын болды... Ақыры мың ойланып, мың толғанып, "сырқаты" жайлы ешкімге жақ ашпайтын боп шешті...

***

...Күйеуі әдеттегідей көңілдесінің үйіне келді. Өз үйіндей қоңырқай емес, бұл жерде бір жылылық бар! Көңілдесімен кездесіп жүргеніне үш жылдан асыпты. Бұл жас қызға деген құштарлық сезім мұны соқыр етті. Көңілдесін қызғанатын, себепсіз ұрыс шығаратын, ал әйелімен болған сәтте жас көңілдесінің құлындай әппақ денесін аңсап жататын... Міне, қазір де көңілдесінің ыстық құшағында. Ол орнынан атып тұрып: "әйеліммен ажырасамын!" деген шешімге келді. Иә, осы дұрыс. Нүкте қойғаны жөн. Сонда үшеуі де қиналмайды. Бұл әйелін сүймек түгілі, иттің етінен жек көреді емес пе?  Ал мына үйде раxат, жаңа өмір бастайды, бақытты ғұмыр кешеді. Бұл өзі әйелін сүйіп қосылып па еді? Танысқан кезде әйеліне деген қандай сезім болып еді? Есіне түсіргісі келді. Түспеді. Әйелін танысқан сәттен-ақ ұнатпаған сияқты. Тіпті сол кезде-ақ жек көрген тәрізді көрінді.  Сөйтті де, портмонесіндегі әйелінің суретін алып, ұсақтап жыртып тастады.

***

Үйленгендеріне 20 жыл толған мерейтойларын екеуі мейрамxанада атап өтеміз деп келіскен еді. Әйелі келіскен жерге бірінші келді. Күйеуі кездесуге бармас бұрын, ажырасуға керекті құжаттарды алып кету үшін үйіне соқты. Жын соққан адамдай жатын бөлмедегі шкафтың ішін ашулана ақтара берді. Бір мезгілде тартпалардың бірінен ашылмайтындай етіп желімделген көк папканы байқап қалады. Бұрын бұл папканы көрмепті. Жерге жайлана отырып, папканың шетін ашты. Не де болса, ішінде көңілдесі екеуіне қатысты дүние бар шығар деп ойлады, мүмкін жасырын түсірілген суреттері бар болар... Кім білсін. Бірақ мүлде олай болмады. Папканың іші сараптама қорытындылары мен дәрігерлер берген анықтамаларға толы болды. Анықтамалардың бәрінде әйелінің аты-жөні жазылған. Мұның үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей қалшылдап қоя берді. И! Ол сырқат!

Дереу интернетті қосып, гуглға  сараптама қорытындысында жазылған әйелінің сырқат атауын жазды. Интернетте: "бұл ауруға шалдыққан адам 6-18 айдың ішінде көз жұмады" деген қорқынышты жазу шыға берді. Ол жанталаса ең алғашқы сараптама қорытындысы шыққан күнді қарады. 6 ай өтіпті одан бері! Мәссаған! Әрі қарай не болғаны есінде жоқ. Тек "6-18 ай" деген үш сөз көз алдынан кетпей қойды...

***

...Ол күйеуін бір сағат күтті. Ол келмеді, телефонға жауап бермеді. Кофенің ақшасын төлеп, күздің қара суығында жаяу аяңдап келеді. Өмірге жаңа келген сәбидей жан-жағына асықпай қарады. Түнгі қала қандай әдемі!  Көшеде кетіп бара жатқан адамның бәрі бақытты бұл үшін! Себебі олардың бар өмірі Алда! Ал бұл... Сондай аты жаман ауруды күйеуінен, туғанынан, құрбыларынан жасырып қалды. Мұны ойлап, азап шеккендерін қаламады. Дәл қазір ол алғаш рет өз-өзін аяды. Үзілейін деп тұрған түймедей атылды, жерге отыра қалып ағыл-тегіл жылады... Өмір не деген әділетсіз еді!

***

Ол өзін қоярға жер таппай бөлме ішінде әрлі-берлі жүрді де қойды. Дәл қазір әйелін қатты сүйетінін түсінді. Бір көргеннен оған ғашық болды, осы жиырма жыл бойы сүйіп келді емес пе? Сол жиырма жыл енді өтпегендей көрінеді. Бақыт, жастық шақ, өмір...бәрі алда деп ойлайтын. 24 сағат әйелінің қасында болды, бірге дүкен аралайтын, бірге қыдыратын, оны ренжітпейтін, ренжітсе кетіп қала ма деген үреймен артынан кешірім сұрайтын. Егер дәл қазір біреу келіп: "Әй, кеше ғана әйеліңді жек көріп, ажырасуды армандап отыр едің ғой?" десе, бұл "Жап аузыңды! Ол мен емес" деп жауап берер еді. 

Әйелі өмірмен қоштасқысы келмеді. Күйеуі ұйықтап қалғасын түнімен көз ілмей,  жылап шығатын. Бірақ күйеуі бәрін біліп жатты, ішінен бірге жылап жатты. Бұл өмірдегі ең ауыр жаза - "жүрегіңнің соғуы қай күні тоқтайтынын білуің" шығар, ол әйелінің ақтық демі таусылғанша өмір сүру үшін қалай күрескенін бар жан-тәнімен сезді.

Әйелі екі айдан соң көз жұмды. Әйелін жер қойнына тапсырғанда, айқайлап жылады. Бірақ жылағаннан әйелі қайта тіріліп келмейтіні белгілі... Бір күнде мың жылға қартайып кеткендей болды...

Үйге келген соң әйелінің жастығының астынан xат тауып алды. Үйдегі үрдіс-Жаңа жыл түнінде екеуі арман-тілегін қағазға жазып, бастарына жастанып жататын. Әйелі xатта: "Онымен өмірімнің соңына дейін бақытты ғұмыр кешу" деп тілек жазыпты.

Жаңа жыл түнінде айтқан тілектің орындалатынына екеуі сенетін. Сол рас сияқты. Дәл осы жылы бұл "Басымның бос болғанын қалаймын!" деп жазды емес пе? Екеуінің де тілегі қабыл болды... 

Ол айқайлап күліп тұрып жылады. Сөйтті де қолындағы xатты ұсақтап жырта берді...

(Орыс тілінен аударылды)

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...