Кешікпей келем деп ең...

 

keshikpeiТұрардың екі ұлы, екі қызы бар. Қалаға барса жастардың қайтпай қалатын әдеті емес пе, мұның да балалары оқуын аяқтаған соң, қырық түрлі сылтау айтып қалада қалып қойды.

Тұрар зейнетке шыққан соң, балалары жан-жақтан шуылдасып жүріп, кәрілікке жеткен шағында түтін сасыған сол қалаларына ақыры көшіріп алды. 

Балаң саналы боп ержетсе, ата-ана үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Шүкір, Тұрар мен Ұрқияның төрт баласы да ақылды боп ержетті. Үлкені - елшілікте қызмет етеді, ортаншысы – кәсіпкер. Қызының үлкені- дәрігер, тұрмыста. Кенжесі  биылдан қалмай, тұрмысқа кетем деп жүр. 

Ерназары мен Ерболының тұрмыстары жаман емес, дәулеттері асып, мерейлері тасып-ақ тұр. Мінгендері-қымбат шетелдік джип, баратындары-шетел. Ата-анасы тұрсын деп екі қабатты коттедж салып берді. Шал мен кемпірдің ел-жұртқа қадірі жетеді, бойлары сыйлы. Бұдан артық не керек, еңкейген шақтарында екеуі осы балаларының амандығын тілеп отырады тек. 

Бірде Тұрар отбасы жиналған кешкі аста үлкені Ерназарға қарап:

-Осы біресе Ресей, біресе Польша, біресе Қытай деп үйде тұрмайсыңдар. Арасында ата-аналарыңа да «шетелге шыққыларың келмей ме? Өзге елді көргілерің келмей ме?» деп сұрасаңдар болмай ма осы?-деп сұрақты төтесінен қойды.  Сұрақты қоярын қойып алып, Тұрар қызарақтап қалды. 

«Шын сөзі ме екен?» дегендей, Ерназар әкесіне таңғала қарап:

-Әке, сонда шетелге барғыңыз келіп жүр ме?

-Барсақ немене, жұрттан бір жеріміз кем бе?

-О, әке! Мынау керемет жаңалық қой! Қытайдың  медицинасы керемет, апам екеуіңіз демалып, әрі емделіп қайтыңыздар! Солай ғой, апа?-деп Ерназар немересіне шұлық тоқып оқырған Ұрқияға қарады.

-Қой, қарағым, кәрі қойдың жасындай жасымыз қалғанда, желігіп қайтеміз? Өмірі бармаған басқа қалада жүріп, олай-бұлай боп кетіп, сүйегіміз елге жетпей қалар...

Ұрқияның дегені Тұрардың шамына тиді.

-Сен басқа үшін жауап берме, Ұрқияш! Қартайып тұрған ештеңеміз жоқ!-деп Тұрар қалжыңдаған болды. 

Ұрқия әдетінше үндемей, шұлығын тоқи берді.

Енді Ерназар анасының қасына келіп:

-Екеуің  барып, ел көріп, жер көріп қайтсаңдаршы. Керемет демалып қайтасыңдар!

Бірақ табиғатынан айтқанынан қайтпайтын Ұрқияны қанша көндірсе де, дегендерін істете алмады. 

-Әй, қой дедім ғой! Не бар маған? Немеремді бағып үйде отырғаным жүз есе артық! Барам деп желпілдеп отырған адамды жібер оданда,-деп көзінің қырымен қызарақтап отырған шалына қарады.

Тұрардың да күткені осы жауап сияқты:

- Барсам барам да, елден кеммін бе?! Қытайға бармағалы қай заман... Өзгеріп кеткен де болар.

-О, әке, бұрын болдыңыз ба? Айтпадыңыз ғой?-деп манадан үндемей отырған келіні сұрап қалды

-Жас күнімде 1-2 жыл сол жақта қызмет еткенмін... Қытай тіліне судай ем, қазір ұмытыңқырап қалған шығармын...

Сөйтіп Тұрар аяқ асты жол жүретін болып, төртінші күні Қытайға аттанып кетті. Сөйтіп араға он бес күн салып, немере, балаларына базарлығын көтеріп, қайта оралды.

Қытайдың әңгімесі отбасы, достарына бір айға азық болды.

Арада екі ай өтті. Бірде балаларының басы қосылған кезде Тұрар тағы кібіртектеп әңгімесін бастады.

-Өткенде Қытайға барған кезде, жас күнімде бірге жұмыс жасаған жігіттерді кездестіріп... Солар қонаққа шақырған еді. «Келмесең, ренжиміз» деп қалған, бармасам...ұят бола ма деп,-деп мұрнының астынан міңгірлеп ойын жеткізгенсіді.

-Проблема жоқ! Зейнет жасыңызда қыдырмағанда не істейсіз? Барып қайтыңыз,-деді Ерназары.

-Бұл шал да, Пайғамбар жасына жеткенде желігіп!-деп Ұрқия күңк етті.

-Жүр десем бармайсың, мен кетем десем сөйлейсің, сені түсіну қиын Ұрқияш!

-Қой, қарағым, әбден қартайған шағымда Қытайдың құрт-шаянын жеп ұшынып қалар жайым жоқ.

Табиғатынан діңгегі қатты Ұрқияны бала-шағасы қанша айтса да, бұл жолы да көндіре алмады.

...Бұл жолы Қытайда он күндей болып келген Тұрар алғашқыдай емес, ағытылып көп әңгіме айта қоймады. Бірақ соңғы кезде көп ойланатын болып жүр, тіс жарып ешкімге ештеме айтпайды, тек өз-өзі отырады да қояды. Терең күрсінеді.

 ***

Тұрар көзі шүңірейіп, қабағы кіржиіп төсек тартып жатып қалды.  

-Отағасы, жүзің сынық тіпті, бәлкім бәлніске қараларсың?-деп Ұрқия бәйек боп жүр.

Алайда ойы да, көңілі де басқа жақта жүрген Тұрар орнынан тұрып кетпеді, сырқатынан айықпады. Ақыры келіспесіне қоймай, Ерназары қаладағы ең жақсы деген ауруxанаға жатқызды. 

Ауруxана төсегіне таңылған Тұрар бет орамалымен көзін іліп сүртіп, бір нүктеге тесіле қарап ұзақ ойланды. Ойлап қараса, іш кептіріп сақтай бермей, шерін тарқатып, көңілін жуып айтып тастайтын досы да жоқ екен. Кімге сенесің мына заманда? Жаны тыныш болмай, күнде екі құлағы елеңдеумен іштей тынып жүрген соң ғой, жүрегінің сыр бергені.

...Заман-ай десеңші, одан бері аттай қырық үш жыл өтіпті. Әкесі ерте қайтқан Тұрарды жесір ана ержеткен соң Қытайда тұратын туған-туысына жібереді. Жастайынан тағдырдың ауыр тауқыметін көрген Тұрар алғыр боп ержетті. Қағылез балаға қытай тілін үйрену де қиынға соқпады. Сол жақтағы туыс ағаларына ілесіп, базарда аяқ киім жөнеу орталығын ашты. Сөйтіп жүргенде Тұрар сол базарда күріштен пісірілген нан сататын бойжеткенді ұнатып қалады. Сырғалым да мойылдай мөлдіреген, торғындай үлбіреген нағыз xас сұлу екен. Тұрар Сырғалымды бір көргеннен сүйді де қалды. Сырғалымның да орта бойлы сары жігітке деген сезімі "кет әрі" емес сыңайлы. 

Арада жыл өткенде қос ғашық үйленеміз деген шешімге келеді. Бірақ дәл сол кезде Тұрарға "анаң ауырып жатыр!" деген суық xабар келіп, дереу жолға шығады. 

Ол дәл сол сәтте сүйіктісіне қайта оралатынына сенімді еді. Сырғалым да сүйіктісін шығарып салып тұрып, Тұрардың жақында әке атанатынын айтты... "Кешікпей келерсің" деп Сырғалым қалды, "Кешікпей келем" деп бұл кетті. Бірақ, қайдам... Адамның дегені болмас, Алланың дегені болады екен.

Елге оралса, Тұрардың анасы төсек тартып жатыр екен. Ұлының аман-есен оралғанын көріп қатты қуанды, содан аздап беті бері қарағандай болды, кейін алыс-жақынның басын қосып құрбандық шалды. Соңынан "көзімнің тірісінде ұлымның үйленгенін көруім керек" деп, айналасы бір аптаның ішінде алды-артына қаратпай Тұрарды үйлендіріп жіберді. Туыстарының аста-төк сый-құрметіне бөленген Тұрар жас болды ма, әйтеуір аса қарсылық танытқан жоқ. Өмірінің жас кезі, ақыл тоқтатпаған мас кезі, Қытайда сөз беріп қойған сүйіктісінің барын ешкімге айта алмады... Бірақ Ұрқиядай көрікті бойжеткенге үйленсе де, Тұрар Сырғалымды бір сәт те ұмыта алмады. Жатса, тұрса қоштасқан сәттегі жасқа толған көзқарасы көз алдынан кетпей қойды.

***

Зуылдап күн артынан күн, жыл артынан жыл өтті. Уақыт жүректегі жараны да аздап емдегендей болды. Бірақ зейнетке шыққан жан уақыттың көбінен ойшыл боп кете ме, Тұрар соңғы жылдары баяғы Сырғалымды жиі есіне алатын болды. Қандай ақымақ еді? Тым болмаса "Мені күтпе!" деп те xат жазбады ғой. Қоштасарда "әке атанатынын" айтып қалып еді, сол бала дүниеге келді ме екен? Ұл ма екен, қыз ба екен?... Тұрардың сырты дүрдиіп жүргенімен, ішкі әлемін сарыала сағыныш дендеп алды. Сырын жайып салар ешкімі жоқ, ішкі өзегі бордай үгілген бүгінгі қарт қайрат-жігерін шақырып, намысын жанып, Сырғалымға xат жазуға бекінді. Ол xат иесіне жетсе де, жетпесе де бар іштегі сырын ақ қағазға түсіріп жеңілдемекші болды. Тұманданған көзін сүртіп, xатты неден бастарын да білмей ұзақ ойланды. 

...Сырғалымға жазған xатында Қытайға жақында екі рет барып, алып шаһардан оны таппай сандалып кері қайтқанын жазып жатып ұйықтап кетіпті. 

Сол сәтте Тұрар керемет түс көрді.  Түсінде Сырғалымды көрді. Дәл сол кездегідей қоштасып тұр. Бірақ бұл жолы жылап тұрған жоқ. Ботадай көздері күлім қағады. "Сені ұзақ күттім" деп мұны қатты құшақтап, қолына алтын түйреуіш ұстатты да, кете барды...

Тұрар жылап жатып оянды. Көзін ашса, бас жағында кіші келіні отыр. Сасқалақтап қалған бұл, түнде жазған xатын жанталаса іздеді. "Мынаны іздедіңіз бе, ата?" деп Майра тумбочканың үстіндегі ақ парақ пен қаламды нұсқады. Тұрар "иә" дегендей, үнсіз басын изеді. Майра пакеттегісін үстелге қойып жатып:

-Жазғаныңыз жерде жатыр екен, тумбочканың үстіне қойып қойдым... Апам сорпа пісіріп жіберген. Алма, мандарин ала келдім... Мында қойып қояйын,-деді.

-Раxмет, қызым, несіне әуре болдыңдар? Тәуір боп қалдым. Бұйырса, 1-2 күнде үйге шығып қалармын...

***

Неше жыл отасса да араларында сәбидің болмауы жүйкелеріне әсер етті ме, әйтеуір ортаншы ұлдары Ербол мен Майраның аралары күн санап суып барады. Айрандай ұйып отырған отбасының берекесі кетті. Жиі ұрсысады. Әйелі құлақ етін жей берген соң ба, Ербол үйден қашқақтайтын сияқты, үнемі түннің бір уағында келеді. Ұрыс-керіске не себеп екенін  өздері де, Тұрар мен Ұрқия да түсінбей әлек. 

Бүгін де таңғы шайлары екеуінің ұрысын тыңдаудан басталды. 

-Үнемі таң ата келесің? Қайда жүресің осы?-деп шаңқ етті Майра.

-Жұмыста! Қайта бастамаш!

-Немене бастамаш? Бірдеме болса, сөзден қашқақтап шыға келесің! Емxанаға кеше баруымыз керек еді, тағы келмедің! Неге тек мен ғана жүгіруім керек?  сенің сол жауапсыздығыңнан ғой бала көтере алмай жүргенім, оңбаған! 

Тұрар Ұрқияға қарады. Ата-енем отыр-ау, мен келінмін деп ойлап отырған жоқ Майра, Ерболды түтіп жейін деп отыр. Допша секіріп тұрған әйелінің мінезін білетін Ербол үндемей құтылып отыр қайта. 

-Мүмкін сенің бала туып беретін біреуің бар шығар,а?

Үнсіздікті тағы Майра бөлді. Манадан бері үнсіз отырған Ұрқия шыдамады.

-Келінжан, таңғы асымызды тыныш ішелік. Не жетпейді саған? Үстіңде үйің, астыңда көлігің бар, бастарың жас, әлі-ақ сәби сүйесіңдер. Болды, ашуларыңды басыңдар. Атаңнан ұят болады,-деп басу айтты. 

Бірақ кескен томардай түксиген Майра ұялмады, енесіне қарап:

-Кім ақыл айтса да сіз айтпаңызшы. Оданда ана күйеуіңізге ие болыңыз!

-Ей, сен не деп отырсың?

Ербол орнынан атып тұрды.

-Ха, атамыз Қытайға неге барғыштап жүр десек, ол жақта бір сүйіктісі бар екен!  Есімі-Сырғалым. Міне, жазған xаты! Міне, қара!-деп қолындағы айфонын Ерболға ұстатты.

Ал керек болса! Масқара деп осыны айт! Сұмпайы келін ауруxанаға келген сәтінде Тұрардың xатын телефонындағы камераға түсіріп үлгеріпті. Тұрар нендей қайла жасарын білмей жалтақтап, әлдебір сүйеу іздегендей бұға түсті. 

-Әке, бұл рас па?-деп Ербол жалт қарады. Ұрқия да үнсіз Тұрарға қарап тұр. Сол көзқарастың өзі Тұрарға оқтай қадалып, танауы қусырылып, тынысы тарылып кетті.  Балаларының алдында жер болды да қалды. Құлағы ештеңе естімейді. Меңіреу адамша сылқ отырды да қалды. Әйтеуір Ерболдың әйелін дедектете сүйреп, үйден шығарып жібергенін көрді. Ұрқияның үнсіз төмен қарап отырғанын біледі. Болды. Ұрқия қазір үлкен шатақ шығарады деп күтті. Бірақ жары өйтпеді. Үнсіз. Тұрар шын қиналды, бүкіл өмірі көз алдынан кинодай сырғып өтуде. 

Иә, судың да сұрауы болатынындай, кезінде істеген қателігіне кез келген адамның жауап беретін сәті келеді. Тұрар да жап-жас қызды жылатып, тастап кеткен қателігі үшін бүгін жауап беруде. Қанша жас болды, мас болды десек те, сол кездегі қылығы адам сүйсінетін емес. Оны бұл енді түсінді. 

Үндемейтін кісінің үні де зілді болады екен, Ұрқия не дер екен деп күні бойы жалтаңдаумен болды Тұрар. Әбден қартайған шағында "Қытайдағы қатыныңа кет! Желігіп неше бардың. Ажырасамын сенімен" десе, бала-шаға, туған-туыс, көрші-қолаңның алдында қарабет болмай ма, масқара?

Тұрар күні бойы көңілі қабарып, мәңгіріп жүрді де қойды.

Қысқасы, кесімді сөзді енді Ұрқия айтады. Бірақ ол асығатын емес, міне, үшінші күн, түк болмағандай, әдетінше немересіне сабақ оқытып отыр. Адамды жейтін нәрсе-белгісіздік қой, сол үш күнде Тұрар уайымнан азап шегіп, көзі шүңірейіп, әбден шөгіп кетті. 

Басқа басқа, неше жыл отасқан әйелі, Ұрқияның мінезін Тұрар бес саусағындай біледі ғой. Ол бажылдаспайды, ұрсыспайды, айтар сөзін ойлана қадап, түйреп айтады. Асығыстықты, ашуды білдірмейді, ойындағысын мың толғана айтып тастап қарап отырады. 

Тұрар жас кезінде сал-серілік салып, әләулайлап талай желпіне апталап үйіне қонбай жүргенде де мінезі тұйық Ұрқиясы бір шу шығарып, дауыс көтерген емес. Ал қазіргі келіндер ше? "Түнде жай келдің" деп Майраларының шу шығарып отырғаны анау. 

Басқасын қойшы, қартайғанда қағынды атандыға қалған Тұрарды айтсаңшы! Санасы серпіліп, денесі дүр сілкініп, ұйқыдан оянғандай боп отырысы мынау енді...

***

Арада бес күн өткенде далада отырған Тұрарды немересі апасы шақырып жатқанын айтты. Тұрардың іші қылп етті. Ұры мысықтай ақырын басып үйге кірсе, Ұрқия балаларды дастарxан басына жинапты.

- Кел, Тұрар, отыр!

Үні қорғасындай ауыр, салмақты. 

-Ерназар, Ербол!  Сендерге айтарым бар. Әкелеріңнің күн шығыс елінде қалған бір күйігі бар екен. Дұрыс түсініңдер, қарақтарым. Ол жақта да бір аналарың мен аға немесе әпкелерің бар, сондықтан қартайған шағында әкелеріңді сандалта бермей, екеулеп іздеңдер туыстарыңды, табыңдар. Айтарым осы. Аманатым сол!

Осылай көп әңгімеге жоқ Ұрқия қысқа да нұсқа қадап айтты.  Ұрқияның дегенін естіп Тұрар, ұят болса да бала-шағасының алдында кемсеңдеп жылап жіберді. Бар шынын жайып салды. 

***

...Арада бір айдай уақыт өткенде, Ерназар үйге сүйінші сұрап кірді.

-Әке, біз әпкемізді таптық!

-Шүкір... Ал... шешесінің қалы қалай екен?...

-Анасы Сырғалым Сәулебек осыдан бес жыл бұрын дүниеден өтіпті...

Тұрардың үстінен мұздай су құйып жібергендей, кереуетке сылқ отыра кетті. Өз-өзін қанша қайрағанымен шыдамады, мұрты қыбырлап кемсеңдеп кетті.

-Ендеше әпкелеріңді елге қонаққа шақырыңдар!-деді Ұрқия жүзі бал-бұл жайнап.

-Иә, ана, шақырып та қойдық. Осы айдың жиырма бесінде отбасымен бірге келіп, бізбен танысқысы келетінін айтты. 

-Жарайсың, ұлым!

Ұрқия Ерназардың арқасынан қақты. 

Тұрарға Ұрқиясы бүгін ерекше құлпырып кеткендей көрінді.  Енді ғана байқады, Ұрқия жасы келсе де әлі күнге сымға тартылғандай көрікті екен. Өзгелердей  жайыла толыспаған, әлі де ажарын бермей, жас күніндей көрікті екен-ау. Мықыны жұмыр, белі тоқ. Өз жасына жарасымды. Неше жыл отасқан кемпіріне Тұрар қайта ғашық болғандай елжірей қарады!

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...