Айдай-Сұлу

 

aydayАйсара дәрігер қарауынан шыққан бойда күйеуіне қуанышты xабарын жеткізгенше асықты. Үйге кірген бетте аяқ киімін шешпестен, Жеңістің жұмыс телефонына қоңырау шалды.

-Жеңіс... Сен жақында "әке" атанасың...

-...

-Жеңіс, естіп тұрсың ба?

Жеңіс бұл уақытта қуанғаннан жылап тұр еді. Қуанбағанда ше, бұл жаңалықты күтіп жүргеніне аттай 8 жыл болыпты.

-Айсара, жаным! Сұлуым!-дей берді тек.

...Екеуі бас қосқан жылы бәрі тамаша сияқты еді, алайда арада 2 жыл өткенде, Жеңістің анасы бала туралы сөз қозғай бастады. Абысындары да Айсараны сөзбен түйрейтінді шығарды. Осылай ене мен келіннің арасында бір салқындық пайда болды. 

Жеңіс пен Айсара сәби сүю үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, қаралмаған жері жоқ. Бірақ еш нәтиже болмады.

Күйеуі жақсы қызметте істеп, үлде мен бүлдеге ораса да, адамды қайғы мен мұңның жейтіні рас екен. Айсараның құр сүлдері қалды, күні-түні ойлайтыны-тек сәбилі болу. Соңғы күндері тіпті той-томалаққа да бармайтын болды. Барса болды, бәрі мұны сұқ саусағымен көрсетіп, "ана бедеуді қара" дейтіндей боп тұратын. "Бала асырап алсақ қайтеді?" деп еді, Жеңіс "қанымнан жаралмаған баланы туғанымдай қабылдауым екіталай!" деп бірден тауын қайтарып тастады.

"Баласыз үй-қу мазар" деген рас екен, қымбат жиһазға толы зәулім үйі болса да, Жеңіс соңғы кезде үйіне барғысы келмейтін. Араққа сылқия тойып алып таңға жуық келетінді, тіпті кейде 3-4 күндеп жоқ болып кететінді шығарды. Бұл таңдарды Айсара көз жасын көл қып ұйқысыз атыратын. 

Енесі соңғы келгенде бұған "қызым, ұлымның бағын байлап жүрсің, қатарының төрт-бесеуден балалары бар. Ал ол болса соқа басы сопиып әлі жүр! Қызметте өскенін, қос-қостан көлік мінгенін, зәулім сарайын қайтейін? Артында бір түйір тұяқ қалмаса? Мен де немере сүйгім келеді! Сондықтан ойлан, қызым, бір шешімге кел. Басын босатып, не өзің кет, немесе басқа қатын әперем, күйеуіңнің екінші әйелі болғанына келіссең, осында тұра бер! Келіспесең, жолың ашық!" деп бір-ақ қайырған. Онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған Айсараға бұл сөздер ішіндегі жарасын осып жібергендей болды. Екі қабатты зәулім үйде жалғыз өзі айқайлап жылай берді. "Әй, қу Құдай, мен сенен дүние сұрадым ба? Ақша сұрадым ба? Бір ғана, бір ғана сәби сұрадым ғой, сонша зар қылып қойдың-ау! Тастанды етіп тастап кетіп жатқан бетпақтарға берген баланы менен неге аядың? Не істеп қойып ем сонша? Не жазып ем?" деп қолына түскен қымбат затты жерге тастап, сындыра берді. Неше күннен бері нәр татпаған Айсара жылап отырып талықсып кетті.

 Есін жиса, түннің бір уағы екен. Жеңіс әдеттегідей жоқ. Бар күшін жиып, қабырғаға сүйеніп әзер орнынан қозғалып барып, бетін жуды. Асқазаны бүріп ауырып барады. Үш күннен бері тамақ ішпегені сонда есіне түсті, тоңазытқышты ашып, бірнеше айдан бері желінбей тұрған апельсинді аршып, құмарлана жей берді... "Енемдікі жөн, менің кесірімнен бүтін бір отбасы бақытсыз болуға xақысы жоқ. Ертең Жеңіспен сөйлесіп, еш ың-шыңсыз ажырасуымыз керектігін айтайын" деген шешімге келді. Бірнеше түнді ұйқысыз өткізгеннен бе, бүгін тәтті ұйқыға кетіп, таң атқанда бір-ақ оянды. Түсінде үйінің төбесінде "қос көгершін" ұшып жүр екен, Жеңіс екеуі шат-шадыман тамашалап жүр. Алайда бір уақытта алыстан келген қаңғыған оқ көгершіннің біреуін жаралады. Айсара шыңғырып жіберді, барып алақанына алайын десе, Жеңіс "барма" дегендей, қолынан тарс қып ұстап, жібермей қойды. Дәл сол сәтте оянып кетті.

Орнынан тұрайын десе, төмен жағы қозғалтпай бүріп барады. Не істерін білмей, жедел жәрдем шақырды. Дәрігер Айсараның ішін басып тұрып, "Сіз кеше бір нәрсені уайымдағансыз-ау, енді кешіккеніңізде баладан айырылатын ба едіңіз, кім білсін" дегенде, Айсара не дерге жауап таппай, "мүмкін емес, сіз шатасып отырсыз" дей берді. 

-Шатасатындай сізге не мен, күні кеше келген дәрігермін бе? Мен, біле білсеңіз, 25 жылдық тәжірибесі бар дәрігермін! Күн сайын алдыма сіз сияқтылардың оны келеді. Бүлдіруді білесіңдер, шығасыңдар сосын "мүмкін емееес!" деп! 

Әкесіндей дәрігердің  ұрсып отырғаны Айсараның басынан сипағандай әсер етті. Айтарға сөз таппай өз-өзінен күле берді, күле берді...

Осылай Жеңіс пен Айсараның үзілген үміті қайта жалғанып, өшуге шақ қалған кіршіксіз сезімдері қайта жанданды. 

...Ай-күні жетіп, Айсара дүниеге  егіз қыз әкелді. Жеңістің тіпті қуанышында шек болмады. Азаппен өткен сегіз жылда бір сәбиге зар болып еді, енді бірден екі қызы бар. Қандай керемет! Айсара босанған бойда, медбике егізді Жеңістің қасына әкелді. Дүниеге жаңа келген екі періште көздерін аша алмай, бір жұмып, бір ашуда. 

-Жандарым менің, қандай көркемсіңдер. Айдай сұлуларым сол! Сенің есімің-Айдай, ал сенікі балапан-Сұлу,-деді Жеңіс егізін құшарлана иіскеп.

***

...Менің есімім-Жұлдыз. Айдай-Сұлумен бір сыныпта оқимын. Біздің мектеп қаладағы "ең үздік" саналғанымен, бұл жерде өңкей байдың балалары білім алады. Сыныптастарымның барлығы автобусқа отырып көрмеген, сабаққа жүргізушісі бар шетелдік қымбат көлікпен келеді. Менен басқасы, әрине. Мектептегі ең қарапайым отбасынан шыққаны жалғыз-менмін. Туған әпкем осы мектепте биология пәнінен сабақ береді, болашағы зор деп орналастырған да сол.

Айдай - Сұлу екеуінің түрі бір-біріне ұқсас болғанымен, мінездері екі бөлек. Айдай-тәкәппар да, Сұлу-өте қарапайым, кішіпейіл қыз. Екеуміз арамыз қыл өтпестей доспыз. Сабақты беске оқығаныммен, сыныптастарым менімен тек математикадан бақылау болған кезде ғана "дос" болатын, қалған уақытта менсінбейді. Материалдық жағдайыма қарамастан менімен шын дос-Сұлу ғана. Ол өзі басқаларға ұқсамайтын ерекше қыз еді. Сырт келбеті атына сай сұлу болса, жан дүниесі де сондай нәзік, кіршіксіз тап-таза болатын. Беліне жететін қара шашы, қою қара кірпігі өзіне сондай жарасымды.  Әсіресе үнемі жымиып тұратын алқызыл еріні өте тартымды, адамды еріксіз өзіне баурайды. Ешкімге шынын айтпайтын, шынын ашса да сырын ашпайтын тұйық еді, тек менімен оңаша қалғанда ғана жан дүниесін ақтаратын. Бірде Айдай мен Сұлудың үйіне бардым, үй емес, xан сарайы дерсіз, алтынмен апталған қымбат жиһаздарды, бір қабырғаға түгелдей қойылған теледидарды көріп аузым ашылды да қалды. "Түк көрмегендей не болды сонша?  Ештеңеге тиіспей, бүлдірмей жүр!" деп Айдай тәккәпарлана қарап иығымен мені қағып кетті.

-Мән берме, Жұлдызжан. Жүр, оданда саған бөлмемді көрсетейін,-деді Айдайға ашуланып тұрғанымды байқаған Сұлу.

Ең қызығы, Сұлудың бөлмесінің шатырда орналасқаны болды. Ойымды біліп қойғандай, Сұлу:

-"Сондай зәулім үйдің ішінде таңдаған бөлмең осы болды ма?" дегің келіп тұр ғой, ә? Білесің бе, қалған бөлмеде тынысым тарылып, бір минут та отыра алмаймын. Ал мына жерде... ,-деп қолына қылқаламын алып сөзін жалғастырды,-ғажайып күйге бөленемін. Менің әлемім-осы,-деп суретке қарап терең күрсіне жымиды.

Жан-жағыма қарай бастадым, расында, ғажап! Айналам толған қылқаламмен салынған сурет. Төбеге көз салсам, аспанға қарап тұрған әйнек терезеден ақ мамық бұлт көрініп тұр. 

-Құрбым-ау, мына суреттің бәрін өзің салдың ба? Мұндай өнеріңнің барын мен қалай білмегем?

-Мен қылқаламмен мақтану, не атақты болу үшін  дос болған жоқпын. Ішімдегі бұлқынған сезімді, жалғыздық мұңын сыртқа шығару үшін сурет салуға мәжбүрмін. О, Муза! Сен мені байқамайсың, сүймейсің! Ал мен... Жанымдай сүйемін!

-Муза? Қане, айт! Кім ол?-деп күлдім.

Не бейнеленгені маған түсініксіз суретке қарап, құрбым:

-Маxаббаттың құндылығы да сол, ғашықтардың бірге бола алмағаны. Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібек бас қосса, тариxта қалар ма еді, айтшы?-деді Сұлу суреттен көз алмай. 

Мектепте бізден бір сынып жоғары оқитын Кемеңгерді көрген сайын сасқалақтап қалатыны есіме түсіп:

-Сенің Музаң-Кемеңгер ме?-дедім.

Ақ жүзі қызарып кеткен Сұлу әдемі көздерін ұяла төмен түсірді.

-Ол менің 5-сыныптан бері Музам. Тәтті қиялымдағы романның кейіпкеріне айналғанына 5 жыл болыпты. Алайда... Маған көз қырын салар емес...

-Жаным, жаны нәзік, тап-таза құрбым менің, сенен артық жан табар ма ол?-деп құшақтап, бетінен сүйдім. Бұл сөзіме Сұлу балаша мәз болды. Оның жан дүниесі расында кіршіксіз тап-таза ерекше қыз еді...

Сол күні Айдай мен Сұлудың әкесі Жеңіс пен анасы Айсарамен таныстым. 

Кешкі аста 6 рет шырылдаған телефонына қарап, әкелерінің жұмысбасты жан екенін ұқтым. Ақыры "астарың дәмді болсын!" деп киініп, жұмысына кетіп қалды. Бұл қылығын ұнатпаса да Айсара тәте жуып-шайғандай боп:

-Әкелері жұмысбасты, отбасын асырау оңай емес, заман болса мынау... Есімің-Жұлдыз дедің бе? Бір сыныпта оқисыңдар ғой?-деді менімен сөйлескен боп есіе жаққа алаңдап.

-Бұл қыз ана "біртүрлі қызыңның" құрбысы. Өзі де бір сұмдық қыз, мысалы мына юбкасын киіп жүргелі үш жыл болды! Тастамайды!-деп  Айдай сөзімді бөліп жіберді. 

Көз алдым тұманданып, жасқа толып, көмейіме тығылған өксіктен ауа жетпей тыпыршып, бір орында қатқан қазықтай отырдым да қалдым. Қу-дүние-ай, жақсы көргеннен емес, амалдың жоқтығынан бір киімді тастамай киіп жүргенімді байдың қызы қайдан түсінсін? Бес баласын аш қылдырмау үшін күн-түн демей еңбек еткен ата-анам көз алдыма келді.

-Айдай, олай деуге бола ма екен?-деп ұялы телефонына үңіліп отырған анасы селқос түрде қызына ақыл айтқан болды.

-Сен үшін әйтеуір бақыттың бәрі ақшаға кеп тіреледі екен! Адал достық, шынайы сезім деген нәрселерді білемісің өзің?-деп Сұлу орнынан атып тұрды.

-Айналайын, сен құр қиялдай бермей, шатырыңнан түсіп, өмірге шынайы көзбен қара! Тоқ баланың аш баламен ойнағанын қашан көріп ең?  Кедейдің қызымен дос болып, не пайда таппақсың? Жалпы бұның біздің мектепте не істеп жүргенін түсінсем бұйырмасын! Бізді ғой, жарқын болашақ күтіп тұр, бұлар несіне сеніп, үміттенеді екен?!

Айдайдың сөзін әрі қарай тыңдауға шыдамым жетпей, тұрып кеттім. 

Артымнан жүгіріп шыққан Сұлуға "Айдай дұрыс айтады, аш бала тоқ баламен ойнамас болар, екеуміз дос болмағанымыз жөн" дедім. Үйге жеткенше көз жасыма ерік бердім.

Сол оқиғадан кейін Сұлудан бойымды аулақ ұстауға тырыстым. Бірақ ақжарқын құрбым қыр соңымнан қалмайтын. 10-сыныпты бітірген күні, соңғы қоңыраудан кейін ол жүгіріп келіп, мойнымнан тас қып құшақтап алды. Бақыттан жүзі бал-бұл жанып тұр. 

-Жұлдыз, арман алдамайды екен, Музам мені де ұнатыпты. Көп жыл бойы жүрегімнің түкпірінде сақталған ауыр мұңым сейілді. Музам мені кездесуге шақырды... Маған көйлек таңдауға көмектесесің бе? Өтінемін...

-Сен үшін қуаныштымын. Бірақ сенімен бара алмаймын, ренжіме. Жұмысым көп,-деп сылтаураттым.

-Қап... Онда сенімен бірге автобуспен орта жолға дейін жетіп қалайын. Әкемнің жұмысына барып көйлек алуға ақша алайын деп едім. Жүргізуші Айдайды әкетіп еді,-деп жымыңдады. Еріксіз күліп жібердім. 

Әкесінің жұмысының жанынан түсіп қалған Сұлу автобус жылжығанша қол бұлғап тұрды. Мен де алысқа ұзағанша Сұлудан көз алмадым. Оны соңғы рет көргенімді біліппін ба сонда...

Келесі күні Сұлудың ұялы телефонына xабарлассам, өшіп тұр екен. Күнде қоңырау шалатын болдым, өшірулі. Электрондық почтасына да xат жаздым, жауап ала алмадым. Үш ай каникул бойы ауылда ойлағаным Сұлу болды. Кемеңгермен кездесем деп кетіп еді, кездесті ме екен...

...Жаңа оқу жылы сыныпқа кірген бойда Сұлуды іздедім. Орны бос тұр. Айдайдан сұрағым келсе де, намысым жібермеді. Жүзіне қарамадым да! Сыныптағы басқа оқушылар Сұлуды сұрағанда, құлағымды түре қалдым. "Ол басқа қалаға, басқа мектепке ауысып кетті, болды, басқа ештеңе сұрамаңдар" деп қысқа қайырды Айдай. Түсінгенім, кезіндегі Айдайдың сөздері жүрегіме мірдің оғындай қадалған екен, бай балаларына деген ашуымды кітаптан алатын болдым. Алдымда бір ғана мақсат болды-оларға өзімнің биіктен көрінетін тұлға болатынымды дәлелдеу. Уақыт өте келе Сұлу жайлы ұмыта бастадым. Маған xабарласпай жүргеніне де ренжідім. 

Аққан судай күндер зырлап өте шықты, мен мақсатыма жетіп, ҰБТ-дан жоғары балл алып, грантқа түстім. Сыныптастарыммен арадағы байланыс сонымен үзілгендей болды.

***

Әдеттегідей кітапxанадан шығып, жатақxанаға аяңдап бара жатсам, арт жағымда бөтеннің келе жатқанын сездім. Бойымды үрей биледі, жан-жағымда тірі жан көрінбейді. Кілт тоқтап, артыма жалт қарасам, қара киінген бойжеткен тұр. Самал жел иығына түскен шашын желпілдетіп, бетін жабуда. Көзіндегі қара көзілдірігін шешкенде, әрең дегенде таныдым.

-Сұлу? Сенбісің? Ау, барсың ба?! Үш жыл болды ғой, өзіңнен xабар ала алмай жүргелі. Іздемеген жерім жоқ, телефоның да өшірулі, не почтаңа жауап қатпайсың!-деп құрбымды айқара құшақтап алдым. Үстінен темекінің қолаңса иісі бұрқ етті. Құшақтағанымды жақтырмағандай, ақырын итерді де, мойнына таққан кішкене сөмкесін асыға ақтара бастады. Шылымын алып, қолы дірілдей тұтатқанша асықты. Құрбымның жүзіне зер сала қарадым, тұңғиыққа толы әдемі жанары сөнген шамдай суық, өшпенділікке толып тұрғандай, жүзіндегі бұрынғы мейірімнің нышаны да қалмаған. Бет-әлпетін әжім торлап, өзі жүдеп, қатты қартайып кеткендей...

Қолындағы шылымын раxаттана сорып, түтінін асықпай аспанға үрледі. Қасымда бұрынғы құрбым емес, бөтен біреу тұрғандай...

Тыныштықты мен бұздым:

-Сол түні Музаңмен кездестің бе сонымен?-деп әзілдеп, жүзіне қарадым.

Ол маған жалт қарап, қолындағы шылымын жерге лақтырып жіберіп, аяғымен мыжи берді.

-Сол түн! Қарғыс атсын! Білесің бе не болғанын сол түні? Әкемнің жұмыс орнына келгенде, әкемнің бөтен әйелмен көлігіне отырып кетіп бара жатқанын көрдім. Әне келер, міне келер деп ұзақ күттім. Сөйтіп тұрғанда бір қара көлік тоқтап, ішінде отырған екі айуан мені бас салып, алып кетті. Біреуін бірден таныдым, әкемнің бастығының нашақор баласы еді. Аяқ-қолымды қойша байлап, аузымды орағышпен орап тастады. "Айттым ғой, кез келген бірінші жолыққан қызды алып кете алам деп!" екінші сүмелекке қарап масаттанды. Есірткіге елірген екі айуан таң атқанша білгендерін істеді. Қолдарындағы темекінің шоғымен денемді күйдірді! Шоқтың іздері денемде әлі бар!-деп жылап жіберді. Менің үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей, қаққан қазықтай мелшидім де қалдым.

-Есімнен танып қалыппын, таңертең есімді жисам екеуі маған тесіле қарап сөйлеп тұр екен. "Не істейміз мынаны? Өзі пәк екен, xм, қарай көр! Сол үшін саған мә, 500 доллар! Пәтердің құны түске дейін төленген, демала берсең болады" деп кексінен күлген көккөз нашақор көкқағазды үстіме шаша салды. Екіншісі қолымды шешіп, екеуі шығып, кетіп қалды. Орнымнан тұра алмай қиналдым, түске таман пәтердің иесі келді. Өз басында қиындық тумас үшін жедел жәрдем де шақырмай, бүрсеңдетіп далаға шығарып жіберді. Адамдардың қаншалықты қатыгез екенін сонда ұқтым! Ең сорақысы не екенін білесің бе, ауыр азаппен үйге жетіп, бар шындықты айтқанда, әкемнің ештеңе істей алмағаны! Шындықтың беті ашылып, бастығына айтқанда, жалғыз нашақор баласын түрмеге қаматпау үшін, бастығы астындағы тағын берген. Өмірбақи армандаған бастықтың орнын пасық әкем солай қызының абыройына ауыстырып жіберді. Сол күннен бастап әкем мен үшін өлді! Ал шешем псиxологиялық тұрғыда көмек берудің орнына, беделді достарының арасында беделін түсірмес үшін менен құтылғанша асықты. Олар 8 жыл Алладан сәби тілегенімен, сол сәбиге бақытты ғұмыр тілемепті! 

Астанадағы әкемнің әпкесінің үйіне жіберді, жүйкеме зиян келіп, көп ай тұра алмай ауруxанада жаттым. Есімді жисам болды, қарғыс атқыр ана екі малғұн көз алдыма елестеп, өз-өзіммен арпалысамын! 

Дәрігер уколын салғанда барып, тынышталатын болдым. Мен сорлы ес жия алмай өң мен түстің арасында  жатқанда, 6 ай өтіп кетіпті. Бір күні бар күшімді салып орнымнан тұрдым, біртүрлі бойымда бір өзгеріс бардай көрінді, сол күні өзімнің жүкті екенімді білдім! Онсызда өз-өзімнен жиіркеніп жүргенде, ана айуандардан бала көтергенімді біліп, өзімді одан сайын жек көріп кеттім! Бар ойым ішімдегі шұбар жыланнан қалайда құтылу болды!

Ол тағы бір шылымын тұтатты. Мен Сұлудың жүзіне қарауға дәтім бармай, көзімді төмен сала бердім...

-Сендер апайларыңның соңдарынан салпақтап жүргенде, мен өз қолыммен құрсағымнан шыққан сәбиімді тұншықтырып өлтірдім! Неге олай қарайсың? Қорқасың ба не менен? Ондай сүмелектердің күшігі неге өмір сүруге тиіс?! Ақшаның құдіреті сол, дәрігер жұмған аузын ашпады! Ал осы азаппен өткен жылдардағы мені құлатпаған жалғыз арман не, білесің бе? Өмірімді азаптаған екі айуанды өлтіру! Ондайларға бұл өмірде орын жоқ!-деп қарқылдап күлгенде,қорқыныштан денем түршігіп кетті. 

Ол өз-өзімен әрі қарай сөйлесіп, алысқа ұзай берді... Оны тоқтатуға дәтім бармады.

Көп кешікпей Сұлудың өзіне зорлық көрсеткен екі нашақорды азаптап өлтіргенін естідім. Ол ҚР ҚК 96-бабы бойынша 25 жылға сотталды. Қылмыс болған түні полицияға өзі беріліп, бар шындықты жайып салыпты...

Ал кейін мені жатақxанаға Айдай іздеп келді. Бұрынғыдай тәкәппар емес, жанарында терең мұң бар, "Кешір мені, Жұлдыз. Бала күнімнен барлықты, байлықты көріп өскен мен, түкті де түсінбеген екенмін... Қазір әкем - жұмыссыз, анам-көп ауыратын болып жүр... Уайымдағаннан жүректері көп сыр беретін болды... Мына қаладан біржолата кетіп барамыз. Сұлу бізді мүлде көргісі келмейді... Бірақ мен заңгер мамандығын бітірем, оны қалайда ана тар қапастан шығарып алам, көресің!... Келген себебім, мына суреттерді Сұлу саған тастасын деді. Қош бол!

Шатырдағы майлы бояумен салынған суреттерді қолыма ұстата сап, ол тез-тез басып шығып кетті. Терезеден қарасам, жылап барады екен... 

...Кіршіксіз мөлдір сезімнен туған маxаббатты суретке бейнелеген жаны таза құрбым көз алдыма елестеді. Сағыныш пен өкініш оты өзегімді өртеп барады. 

Түп тамырымен жұлынған қызғалдақ ғұмыр-ай! Кешір мені, құрбым! Түкке тұрмайтын сасық намысты қойып, сол күні сенімен бірге барғанда, бәлкім бұлай болмас па еді... Мен өзімді кешіре алмаспын.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Аяужан 2016-03-01 10:39
:-?
 
 
#2 LauJanatovna 2016-03-04 10:46
:cry: :-?