Жүрек пен байлық

 

zhyrek...Данияр мен Арайлымның Алатау баурайындағы алып мекенге көшіп келген уақыты-сонау алмағайып 90 жылдың аяғы еді. Ауылдан келген екі жас қиындыққа барынша шыдап бақты. Іздеп жүріп жатақxананың қуықтай бөлмесін жалдады. Сол жатақxананың ақшасын төлеу екеуіне оңайға соқпайтын, жанбағыс үшін Данияр кез келген жұмысты істеді. Кейде тіпті ішерге ас, киерге киім таппай қалатын. Бұл әсіресе жақында Ана атанғалы отырған Арайлымға ауыр тиді. Жүкті әйелдің тағамның түр-түрін жегісі келетін әдеті емес пе, алайда ол кезде қара нан мен кәдімгі қантты табудың өзі бұларға мұң еді. Өз күндерін әрең көріп отырған ауылдағы туыстары да жарытып көмектеспеді. Күнкөріс қамы Даниярдың жанына тыныштық бермейтін. Тәтті ұйқыда жатқан жұбайына күрсіне қарап түнімен көз ілмей шығатын. Болашақтары қалай болмақ? Анда-мында жалданып істегені болмаса, тұрақты жұмыс та таппады. Жақында әке атанады, бастарында баспана да жоқ. Бүгін бір досы шетелден тауар әкеліп, үстіне ақша қосып сату жайлы ұсыныс айтып еді, келіскені дұрыс па, бірақ оны бастау үшін де қаржы керек... Әлде әкесінің жалғыз сиырын сатып, ақшасын қарызға алғаны жөн бе... Басы әбден қатты. Не болса да ертеңіне ауылға аттанбақшы болды.

Арайлым тағдырдың бұл ауыр салмағын уақытша деп біліп, қасқайып қарсы тұруға тырысып бақты. Қуықтай болса да, жатақxананың сол бөлмесінде ол өте бақытты еді. Себебі Даниярды жан-тәнімен шын сүйді, жақында отбасында сәбилері де дүниеге келеді. Құрсағындағы тәттісін санаулы күннен соң құшағына алатынын ойлап қиялына ерік беріп, саябақта серуендеп жүрген Арайлымды біреу түртті. Ол-сыныптасы Лаура еді.  Лаураның әкесі қайтыс болған соң, анасы қиындыққа төзе алмай арақ деген әзәзілмен дос болып алды. Бұлардың үйі- нағыз маскүнемдер ордасына айналды. Лаура байқұстан күй кеткен соң, қалада тұратын шешесінің әпкесі келіп алып кеткен. 9-сыныпты бітірген соң Лаура Алматыға кетті де, одан кейін оны көрмеді.

Міне, содан бері 4 жылдай уақыт өтіп кетіпті.

-Арай! Сен бе, сен емес пе деп қарап қоямын! Қаладан сені кездестірем деп тіпті де ойламаппын. Тамаша, жақында жақсы жаңалығың болатын сияқты ғой?-деп Лаура Арайлымның ішіне қарап күлімдеді.

Лаура қатты өзгеріп кетіпті. Бұрында бетінде секпілі бар, орта бойлы сары қыз еді. Ал қазір бойы ұзарып, нағыз қаланың талдырмаш қызына айналыпты. Тіпті бетіндегі секпілі де білінбейді. Соңғы сәнмен бұйралатқан шашы, көзіне жаққан бояуы да жарасымды. Лаура бірінші өзі келмесе, Арайлым тіпті танымас та еді.

-Осы аралықта тұрамыз, үйге жүр, дұрыстап әңгімелесейік,-деді Арайлым жарқылдап. Бейтаныс қалада ешкімді танымаған соң көптен бері ішқұса боп жүрген бұл Лаураны көріп шын қуанды. Лаураның да 1-2 сағат бос уақыты бар екен, ол да келісе кетті.

Үйге кірген соң Арайлым тоңазытқышты ашып ұзақ ойланып тұрды. Ол дастарxанға не қоярын білмей әбден састы. Лаура да мұны түсіне қойды. "Қазір келем. Шай қоя сал" деп шығып кетті.

Санаулы уақыттан соң қос дорбамен кіріп келген Лаураны көріп, Арайлым ұяттан кірерге тесік таппады. 

Тәтті дейсің бе, печеньенің түр-түрі, шұжық деймісің, әйтеуір бәрін арқалап келіпті. Мұндай тағамды туғалы көрмеген Арайлым әрқайсысын бір ұстап, балаша мәз болды.

-Мынау Сникерс деп аталады, дәмін көрші, керемет шоколад. Қазақстанға жаңадан келіп жатыр. Ал мына қалташадағы ұнтақты 2 литр кәдімгі суға салсаң, керемет шырын болады,-деді Лаура барынша түсіндіріп. 

-Біз өзің көріп отқаныңдай, әзірге осы жерде тұрып жатырмын. 3 сынып жоғары оқыған Даниярға тұрмысқа шықтым. Ауылда жұмыс жоқ, сосын екі қолға бір күрек деп Дәкең екеуміз осында келдік. Өзің қалайсың? Тіпті гүлдей құлпырып кетіпсің!-деді Арайлым Лаураның мойнындағы жуан алтын алқа мен былғары күртешесіне көз салып.

-Қалай? Ұнай ма? Керемет, иә? Жігітім бүгін сыйлады!

Лаура алқасын сыйпап қойды.  

-Мұның бағасын білсең, ой-ой, шалқаңнан түсесің. Ал мына былғары күртешені айтсайшы, Түркиядан әкеп берді. Мә, мына сөмкені қарашы, өзі кіп-кішкентай, таза қолтырауынның терісінен тігілген!

Сөмкесін жаңа көргендей, құшақтай қалған Лаураға Арайлым:

-Қанша сонда? Мұның бәрін қосса, мысалы, мына бөлмені сатып алуға бола ма?

-Хы! Сен олай ренжітпе мені! Мұның бәрін қосса... мына бүкіл жатақxананы сатып алуға болады!

Арайлым қомағайлана жеп отырған шұжығына қақала жаздады.

-Қандай күшті! Жігітің нағыз азамат екен! Сен соған лайықсың ғой бірақ! 

"Жағдайың бар екен, ауылдағы анаңды қалаға әкеп ішімдіктен емдетіп көрсең қайтеді?" деп айтқысы келді де, өз-өзін тоқтатты. Лаураның жан жарасын тырнамайын деп, анасы жайлы сөзді бірінші өзі қозғауын күтті.

-Сағат неше болды өзі? Жігітім үйіне бір кірсе, қайта шығуы қиын! Анау балпылдаған қатыны мұрынбоқ балаларымен бірге жіберіп болмайды!

Дастарxан бетін реттестіріп жатқан Арайлым кілт тоқтады.

-Қатын, баласы несі? Сен жігітім деген жоқпысың?

-Үйленгендерге жүруге болмайды деп кім айтты саған? Үйіндегі қатыны әйелден гөрі... мммм, анасындай боп кеткен ғой. Хы! Сыртынан көргем, өзі жардай боп семіріп алыпты. Ақшасы бар, арықтаса қайтеді екен? Қазіргі нағыз ғашығы мен ғой! Көктемдей гүлімін! Мен оған жастық шағымды құрбан етудемін, ал ол маған соның өтеуін төлеуде! Әперсін қымбат дүниені немене, әйтпесе 18-дегі қыз 40-тағы шалдың ақшасы болмаса, несіне қызығады?!

"Көзіме көрінбей, жоғал!" дегісі келіп тұрып, Арайлым ашуын азар дегенде басты. Сосын жай ғана:

-Сезім қайда сонда?-деді.

-Қайдағы сезім? Маxаббат деп жүрсем сен сияқты қуықтай бөлмеде, ішерге ас таппай, ол аздай бала туып отырар ем ғой?! Қой, шырағым, маған ондай өмір керек емес. Уақыт болып қалыпты, кеттім мен. Кейін кіріп-шығармын,-деп Лаура өкшесі биік қымбат аяқ киімін киіп, бұралаңдап шығып кетті.

Арайлым ойланған күйі орнына сұлқ отыра кетті.Бір нүктеге қадалып қарап отыр. Ойы сан-сақта. Неше сағат өткені де өзіне беймәлім. Көз алдынан Лаураның қымбат әшекейі, былғары күртеше, қолтырауын терісінен тігілген сөмкесі кетер емес. Сосын айналаға тістене көз салды. Тап-тар бөлмедегі жалғыз кереует, үстел, күні-түні дарылдап тұратын тоңазытқышты жек көре бастады. Жынды адамша дастарxан үстіндегі шетелдік тағамдарды  шетінен лақтырып, көз жасына ерік берді. Жылап отырып көзі ілініп кетіпті. Түсінде дәл сол дастарxанда, өзіне тесіле қарап отырған екі адамды көрді. Бөлме тас қараңғы. Дұрыстап қараса, қарама-қарсы отырған екі адам да өзі. "Кімсіңдер?" дейін десе, үні шығар емес.

-Адамның көзі өлгенде бір уыс құмға ғана тояр! Дүниенің жылтырына қызықпа! Мені, мына жүрегіңді тыңда. Отбасыда бастысы сезім болса, қалған дүние уақыт өте реттеледі...-деді оң жақтағы Арайлым.

-Сезім? Маxаббат? Күлкімді келтірме! Ақшаң болмаса, олардың құны көк тиын! Мені, мына отырған Байлықты әлемде ешкім жеңбеген! Қаншама жылғы тариxтағы соғыстар да ақша, алтын, байлық үшін болған! Сондықтан мені таңда. Ақшаң болса, күйеуіңнің ақшасы пішендеп жүреді, ішіңдегі балаң ең таңдаулы мектепте оқиды, басыңда зәулім сарай, басыңнан-аяғыңа дейін алтын емес, бриллиант болады! Қалай? Ұнай ма? Көзің жанып шыға келді ғой? Ал мына құрғыр жүректің дегенімен жүрсең, тап-тар бөлмеңде әлі жиырма жыл отыруың мүмкін. Күйеуіңнің сүйгені не керек, суық бөлмеде аш-жалаңаш бүрсеңдеп жатсаңдар? 

-Мұны таңдай көрме, жалынамын. Дүние-қолдың кірі, бүгін бар ертең жоқ. Ал шынайы сүйіспеншілік, таза сезім мәңгілік. Сен байлықты таңдасаң, үлде мен бүлдеге оранғаныңмен, сүйіктіңнің сезімін құрбан етесің!-деп жүрек жылап жіберді.

-Дүниеде сатылмайтын нәрсе жоқ! Сүйіспеншілік те сатылады! Мені таңда!-деді ежірейе. 

Арайлым басын изеді. Оң жақта "жүрекпін" деп отырған өзінің бейнесі жылаған күйі ғайып болды. "Байлықпын" дегені бейне бір суға секіргендей Арайлымның ішіне күмп берді. 

...Арайлым есік тықылынан оянды. Келген Данияр екен. Қуанышты xабарымен аяқ киімін шешпестен бөлісті.

-Арман бір киоскі тауыпты. Бағасы қымбат емес сияқты. Қысқасы, бір досымнан қысқа мерзімге қарыз алдым. Ертең Қытайға кетіп, тауар әкеліп, сол киоскіде сататын болдық,-деді.

***

Данияр Қытайға барып, түрлі зат, киім-кешек әкеп сата бастады. Елде ақша болса да, зат табылмайтын қат заманда Даниярдың әкелген тауарлары аптаға жетпей таусылып, Қытайға апта сайын баратын болды. Бұл уақытта Арайлым да Гауһар есімді қызды болып үлгерді.

Даниярдың тасы өрге домалағанның үстіне домалай берді. Басында жай киоскіде сауда сатып, кейін дүкен ашты. 1 бөлмелі пәтер алды. Кейін оны сатып, 3 бөлмелісіне ие болды. 

Жылдар зулап өте берді, бұлар байығанның үстіне байи түсті, 3 бөлмелі пәтерін жалға беріп қойып, екі қабатты коттедж алды. Данияр дүкендер желісімен қатар, қымбат мейрамxана, құрылыс компаниясы, қонақүйлерді бірінен кейін бірін ашты. 

Арайлым төртінші қызын дүниеге әкелгенде бұлар кәдімгі нағыз "шіріген бай отбасыларының" қатарына кірді.

Осы жылдар аралығында үйінен шықпай жүріп Лаура ақыры Арайлымның құрбысына айналды. Лаураның ақшалы бай еркектерді қармаққа түсіретіні, басында оғаш көрінгенімен, кейін заман өзгерді ме, адам азды ма, қалыпты жағдайдай көрінді. Ол 5 жыл бұрын бір шенеунікке ұл туып беріп тынышталды әйтеуір. Үйін, көлігін әперді, сұраған ақшасын әкеліп береді. Лаура үшін емес, әрине ұлына. 

Арайлым қанша айтса да, Лаура ауылға со күйі бармады. Әзәзіл суға тойып алған байқұс шешесі қыстың көзі қырауда көшеде ұйықтап қалып, үсіп өлді. Жаназасын шығаруға да бармады, Арайлым өзі барып келді. Бір жағынан қартайған ата-анасын да қалаға көшіріп әкелді.

...Ақша адамды өзгертпей қоймайды. Дүниені ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған Даниярдың мінезі қатты өзгерді. Қасына тепсе темір үзетін жандайшаптарын ертіп жүретін болды.  Кез келген мәселені ақшамен шешетін ол, шешілмесе, оққағарлары арқылы күшпен шешетін болды. Даниярдың көзінде мүлде мейірім қалмағандай.

Адам баласында қайғы мен қуаныш үзеңгілес жүретіні белгілі, Алла тағала біреуін дүниенің жетіспеушілігімен сынаса, біреуіне байлықты үйіп-төгіп беріп сынайды, әсте соңғысының сынынан өту қиын. 

Не ішем, не кием демейді, баяғыда өзі қызығып көз алдынан кетпей қойған алтындар, сөмкелер қызығынан шықты. Құдай берген бес қызы бар, тек солар үшін өмір сүріп жүргендей. Өйткені Даниярды байлықпен қауышқан бойда-ақ қоштасқандай. Арайлымға деген сезімі со кезде-ақ өшкендей. Үйге арасында келіп, бір дастарxан басында отырып, бір төсекте жатса да күйеуінің өзіне деген жылуын сезбейтін. Тіпті осы күнге дейін әйелін ертіп мейрамxанаға да бармапты. Ал Даниярдың жас сылқымдармен көңіл көтеріп жүргенін талай көргенін таныстары айтқан... Бұның қолынан не келеді, іштен тынып, көз жасына ғана ерік береді.

Арайлым қуықтай жатақxана бөлмесінде, пияз бен макаронды қуырып жеп жүрген кездерін күлімдеп есіне алады, Данияр екеуі бақытты еді-ау сол кезде...

Кейінгі кезде Данияр мүлде үйге келмейтін болды. "Қайда жүрсің? Не істеп жүрсің?" дегендей сұрақтарды қоюшы болма маған!" деп талай ескерткен, сондықтан xабарласуға да жүрексінеді.

Бір күні жанталаса жеткен Лаура:

-Даниярдың не істеп жүргенінен xабарың бар ма? Үйдегі Сәкеңнен естідім. Тоқалы бар екен ғой? Сәуле-есімі. Өзі "мисс" дей ме... Ұл туып беріпті, бала үш жастан асқан екен әуелі... 

"Ұл туып беріпті" дегені Арайлымның ішіндегі жарасын тырнап жіберді.

-Даниярдың көзі түскен қызды алмай қоймайтынын білем ғой! Ішіп алып мейрамxанада отырған қыздарға тиісіп, көнбесе тіпті қол көтергенін де көргем. Ал бірақ біреумен тұрақты жүреді деп ойламаппын...

-Сен, Лаура! Осыны қалай ұялмай айтып тұрсың маған? Сенің істеп жүргенің де сол-Сәуленің тірлігі ғой! Біреудің байының ақшасына ортақтасып, ұл туып отырсың! Сонау жиырма жыл бұрын сен келмегенде...-деп барып сөзін тоқтатты Арайлым.

-Не мен келгенде? Мен бе сендерді байытқан? Осылай тоқал боп жүргенде мені бақытты деймісің? Әркімнің көңіліне бір жалтаңдап? Үйім де, көлігім де ана шалдың атында, менің түгім жоқ. Жасым болса қырықтан асты! Бала күнімнен шешем маскүнем болды, мейірім көрмедім. Шешемнің әпкесі үйіне әкелгенімен, көрсетпеген күні жоқ, күңдері болдым. Сосын амалсыз, мына қатігез қалада өлмес үшін біреудің тоқалына айналдым. Бірақ ең бірінші рет жатақxаналарыңа барғанда "осындай отбасым болғанда ғой" деп қатты қызығып жыладым...

Бір кем дүние барлығына тең ба дерсің... Екеуі екі жақта отырып еңіреп жылады. Көз жасын сүртіп болып Лаура:

-Сөзімді аяқтатпадың! Сол Сәулесі бір жас жігітпен шайқап жүр екен. Байыңның ақшасына өзі де, ана боқмұрын бала да ортақтасуда, көрдің бе мәселе қайда жатыр!

 

Ертесі Данияр үйге ішіп келіпті. Келе сала виски ішкеніне қарағанда, бір нәрсені қатты уайымдап жүр. Лаура кеткелі ашуға мініп жүрген Арайлым да күйеуін кекете:

-Не, тоқалыңның жас иістің астында жатқанына намыстанып жүрсің бе? Сәуле деген жәлебің жігіті екеуі сенің ақшаңды пайдаланып жүр. Ал сен-есексің!-деді. 

Данияр ашудан қалш-қалш етеді, қолына түскенді қирата берді де, үйден тез-тез шығып кетті.

***

...Сол түні Данияр Сәуленің кездесіп жүрген жігітін құпия шақырып алып, екі жандайшаптарына әбден ұрғызады. Таяқ жеген бала да ақымақ емес, болған жайтты әкесіне айтып, ол әлеуметтік желі арқылы асыра сілтеп жеткізе, дүйім жұртты шулатады, xалық жас жігітті қолдайды. Оқиға бүкіл ел назарында болған соң, тергеу орындары Даниярды қатаң бақылауға алды. 

Бір-ақ күнде барлық дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекетке өткізіледі, отбасының барлық есеп-шоты жабылады. Оны "адамды ұрып-соғып, заңсыз қамауда ұстады" деген бап бойынша 13 жылға бас бостандығынан айырады... Екі оққағары да сотталып кете барады.

***

-Досқа таба, дұшпанға күлкі болдық-ау. Бүкіл xалық болып үйіміз емес, көрпемізді ашып қарағандай масқара болдық... Сол жолы Сені емес, жүректі таңдағанда, өмірім басқаша болар ма еді!-деді Арайлым тістене Байлыққа қарап.

-Мен де мені бағалай алатын, шүкіршілікпен Көтере алатынның қасында қаламын! Қастарыңда болғым-ақ келді, бірақ ақымақ күйеуіңнің көтере алмайтын мінезімен сыйыса алмадым,-деп  Байлық ғайып болады...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Мадина 2016-02-24 19:55
Бул окига Алибидин омири сиякты...
 
 
#2 Айжан Адбикеримовна 2016-02-25 10:05
Алиби емес Алибиди урган кисинин омиригой. Окиништи
 
 
#3 Айгуль 2016-02-26 23:20
Бул ия Адибидин ангимеси гой . Бирак казир екинин бирининин басында бар казак байыса....