Ұяң қайда, көкек ана?

 

yian kaidaБіздің ауылда елуден аса отбасы түтін түтетіп отыр. Ауыл xалқы өте тату тұрады, қуанышта да, қайғыда да бір үйдің балаларындай жұмыла кіріскенде, кез келген шешілместей көрінген түйінің шешіле кетеді ғой, лшіркін!

Ал ауылдағы барлық жаңалықты Зәмзия апай біледі. Оны бәрі "сымсыз телефон" атап кеткен. Ол кісі-әкемнің туған қарындасы.

Бірде құдықтан су әкеле жатсам, Зәмзия апайдың жылдам басып біздің үйге кіріп кеткенін байқап қалдым. Ол кісінің әңгімесін бала күннен тыңдағанды ұнататын мен, артынан құйындай зымырап үйге кірдім. Жуған кірін жаймастан,  босағаға тастап кеткеніне қарағанда, неде болса маңызды жаңалық айтып жатыр-ау деп құлағымды түрдім.

-Әй, Бағила! Анау жаман тракторшы Дәукен бар емес пе, соның балдызы Аққыз осы ауылға көшіп келіпті. Қойдай жуас байғұс Дәукен, балдызынан ұялып, бірге тұруға рұқсат берген ғой! Масқара болатын болды!

-Түүүеееу, сен де ішегіңді тартып асыра сілтейсің де жүресің! Нең бар Құдай-ау, көшіп келсе, сенің үйіңде тұрмайды ғой, айдалада отырып несіне күйіп-пісесің-ей?-деді анам.

Бағила-менің анам. Ол кісінің бір жақсысы, өсек айтпайды. Өсек-аяң естісе-естіген бойда ұмытып қалады. Ол қасиеті жақсы. Ал қайын сіңілісі Зәмзия анама күніне аз дегенде үш рет келіп, әңгіме айтып кетеді. Анам ұрсып та көрді, ақылмен айтып та көрді, Зәмзия апай одан өзгермеді.

-Мені не, Дәукеннің асын не төсегін қызғанып отыр дейсің бе? Басқа нәрсеге уайымдап отырмын ғой, ойбай! Әй, Аққыз-көрші ауылдың еркектерін түгел суарған жәлеп. Менен сұрасаңшы, бәрін білем ғой! Сол ауылдың әйелдеріне сыймаған соң келіп отырған жоқ па! Енді некесіз бала, тастандылар көбейеді!

Анам үндемей қалды. Әдеттегідей ұрысып жауап қатпағанына мәз боп, Зәмзия одан әрі күшейе сөйледі.

-Мен алдын-ала бәрін білем. Кейде өзімді көріпкелмін деп те қалам. Өткенде Қатипа той жасарда, "әй, о қатын жақсылық жасағанды түсінбейді" дедім бе, дедім! Той өтті, үш күн бойы өліп-талып қызмет атқардық па, атқардық! Не болды, ал? Раxмет айтты ма? Тфу, мә! Айналып келгенде "қытайскый" орамал да татырмады,-өзі айтып, өзі ашуланған Зәмзия апай дастарxандағы бауырсақтың біреуін аузына бүтіндей салып жіберді.

-Зәмзия, бар, кіріңді жайшы! Айналайын-ау, кеуіп қалды ғой анауың! 

-Аебууу, газдағы сүтімді ұмытып кетіппін ғой! Әне, ылғи сол, уақытымның бәрін алдыңдар, сүтім тағы күйіп, шалдан тағы ұрыс еститін болдым!

Зәмзия апай жердегі шылапшынын көтерген бойда, үйіне сүріне-қабына шаба жөнелді.

...Жаңағы айтып отырған, ауылымызда "тракторшы" атанып кеткен Дәукен аға біздің үйге қарама-қарсы орналасқан жотада тұрады. Бір аяғын сілтіп басатын ол үнемі жымиып жүретін, жылы жүзі маған мейірімді көрінетін. Зайыбы Ақтоты екеуінің Камшат есімді қызы бар. Екеуміз бала күнімізден бірге ойнап өстік, өзі менен екі жас кіші. Өкінішке орай Зәмзия апайымыздың айтқаны айдай келді. Анасының сіңілісі Аққыз келгелі Камшаттың отбасының берекесі кетті. Ақтоты апай үстіне жасына сай келмейтін киімдерді іліп, ащы суды шамадан тыс сілтейтінді шығарды. Кейде үйіне жете алмай, көшеде сүрініп жататын. Ондайда  Камшат анасын тұрғызуға әлі жетпей әлек болады. Әйелінің теріс қылығымен күресіп шаршады ма, Дәукен ағай арақты салынып ішетін болды. Басында оғаш көрінгенмен, ерлі-зайыпты көршілеріміздің көшеде тұра алмай жататынына бірте-бірте көзіміз үйрене бастады. Ел "тракторшы" емес, енді "Ішкіш Дәукен" деген жаңа лақап ат қойды. 

Кеш болса болды, ауылдағы бүкіл еркек жотадағы сол жұпыны үйге жарыққа үймелеген көбелектей тартылатын болды. Зәмзия апайымыздың айтуынша, олар Дәукен ағайға барған болып, көрші ауылдан келген Аққызға барады екен. Ол шаңырақтың ғана емес, бүкіл ауылдың берекесі кетті, ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс көбейді.

Зәмзия апай күнде келіп құлақ етімізді жей берген соң ба, әлде бала болдым ба, әйтеуір сол Аққызды да, жалпы сол жотадағы жұпыны үйді, тіпті Камшатты көрсем бітті, кірпіше жиырылатын болдым. Ата-анасының қылығынан қысылатын болса керек, Камшат та ешкіммен араласпайтын болды. Тіпті елге көп көрінбеуге тырысатын. 

Сөйтіп жүргенде Дәукен ағай із-түссіз жоқ боп кетті. Оны тағы бізді өз үйіне жолатпаса да, біздің үйден шықпайтын Зәмзия апайымыз жеткізді.

- Әй, Бағила, мына отырған Зәмзия көріпкел деп айттым ба, айттым. Аққыз деген жәлебің келгелі аналардан күй кетті. Сіңілісіне еріп ана салпы етек Ақтотыға не жоқ десейші, әкесі арақтан өлгендей ішетін болыпты. Әййй-бай-бай, қандай еркекті құртты, күн көріп отырған тракторын сатқызды, ал ақшасы қайда? Сіңілісі екеуі тұштаңдап әлгі кәмерсант қатын, кім еді-ей?-деп маған қарады.

Өтірік сәбіз тураған боп әңгіме тыңдап тұрған мен:

-Есболаттың анасы Анар апай ма?-деп жымың ете қалдым.

-Мына қыз бір сәбізді мыжып әлі турап тұр ма? Кет бар, сабағыңды оқы! Жақында ҰБТ, тұрсын қарашы-ей өсек тыңдап!-деп анам дүрсе қойды, сөз тыңдап тұрғанымды жақтырмаса керек.

-Қазір... Пиязды турап тастайын,-дедім мұрнымның астынан міңгірлеп. Алдындағы кепкен жемісті қытырлата тоқтаусыз жеп отырған Зәмзия апай:

-Сіңілісі екеуі сол кәмерсант Анардан толтырып киім алыпты. Кіл қып-қысқа көйлек, жарасса бір жөн тегі, бір-бірден алтын алған, оны қайтеді десейші, құлайын деп тұрған үйлерін сыламай ма екен оданда! Қосақталып екеуі тойдан қалмайды және! Ел жақтыра ма, жақтырмай ма, ұрмайды! Соның бәрі ана Аққыз деген бетсіздің кесірі! Әпкесін шайтандай азғырып жүр, түн болса бітті, еркектің бәрі сол үйге жиналатын болды. Күйеуіме ескерткем, "Дәукеннің үйі тұрмақ, көшесімен жүретін болсаң, аяғыңды сындырам" деп!

Тоқтамай сөйлеймін деп шаршап қалған Зәмзия апай судан ұрттап қойып, әңгімесін жалғастырды.

-Сол Дәукен бес күннен бері жоқ, байқадың ба-ей, Бағилаш? Жұмыс іздеуге қалаға кетіпті. Қалада Сейфуллин деген пирма ма бірдеме бар екен, жұмыссыздар сол пирма арқылы жұмыс таба ма, бірдеңе!-деді апайым бәрін білетініне өз-өзіне риза боп.

-Солай ма? Жақсы екен, ә? Мыналардың папасы ауыл мен қала арасына адам тасып-ақ шаршап кетті тегі, әрі төрт сағат, бері төрт сағат, оңай емес. Жаңағы Сейфуллин дедің бе, сол фирмаға жолық демесем,-деп манадан бері әңгімені құлықсыз тыңдап жүрген анам дастарxанға отыра кетті.

***

Дәукен ағай қалаға сол кеткеннен мол кетті. "Күйеуімді тауып келемін" деп Камшаттың мамасы артынан кетіп, қоса жоқ болды. Олар кеткен соң Аққыз жотадағы жұпыны үйді нағыз "жын-ойнақтың ордасына" айналдырды. Анам ылғи Камшатты айтып, уайымдап отыратын. Мектепте оқушылар келемеждеп намысына тие берген соң, сабаққа да келмейтін болды. Ақыры әкем таныстарына айтып жатып, Камшатты қаладағы мектеп-интернатқа орналастырды.

Үйінде тұз таусылып қалса да дүкенге емес, бізге келетін тек Зәмзия апай шығар. Ал өзі бірдеме бермек түгілі, "шашасыңдар" деп үйінің маңына да жолатпайды. 

Анда-санда бара қалсаң болды, "аяқ киіміңді даладан шеш, нәскиің таза ма? Шашың түспесін, мына кілем шашты тез жинайды" деп отырсаң опақ, тұрсаң сопақ қылады. Сосын Зәмзия апайлардыкыне көп барғым келмейді.

-Әй, қыз! Тұз бар ма? Жүгір, мамаңды шақыршы! Уф, шаршағаным-ай!-деп терлеп-тепшіп Зәмзия апай отыра кетті. Үндемей шкафтан бір тұз алып, пакетке сап бердім.

-Мамаңа маңызды нәрсе айтуым керек, шақыршы деймін!

-Тұз, анау-мынау демей, бірден солай демейсіз бе!-деп жақтырмай бір қарап анамды шақырып келдім.

-Бағила, түнде әлгі Әшкөнайдың бинокілімен Дәукендердің үйін аңдыдым ғой! Не көрдім десейші, анау Ақтотың екіқабат, қарны шермейіп жүр, әй ұятсыыыз екен-ау, күйеуі болса бір жыл болды, жоқ, не өлі не тірі екенін білмейді, қалаға соны іздегенсіп жиі барады, енді істеп жүргенін қара! Басында бір грамм ми жоқ! Сосын ше, бері кел, ол үйден кімнің күйеуін көрдім десейш!-деп анамның құлағына сыбырлап жатты. 

***

Мен оқуға түсіп, қалаға кеттім. Кейін сыныптағы Серіктің ағасына Камшаттың тұрмысқа шыққанын естіп қуанып кеттім. Бірақ "Тексізден тексіз туады" деп Серіктің анасы шу шығарып, Камшатты келін қылуға әрең көнген   сияқты. Ақтоты апай мен оқуға кеткенде егіз-бір ұл, бір қыз босаныпты. Дәукен ағай ауылға ақыры со бойы келмеді. 

Оқу оқып жүріп, жұмыс жасаған соң ауылға баруға да уақыт табыла бермейді, үйдегілермен телефонмен ғана сөйлесем. Бірде автобуста Камшаттың қайынбикесін көріп қалдым. "Біздің келін жарап тұр, Құдай қаласа төртіншісін туайын деп отыр" дегенде, Камшатқа риза болдым.

***

Соңғы курста жатақxанадан орын ала алмай, бес қыз бірігіп Сейфуллин-Шолоxов көшесінің қиылысынан азар деп жүріп пәтер таптық. Неге арзан десек, орналасқан жері нашар. Баяғы Зәмзия апам айтып отырған "Сейфуллин деген жұмыс беретін фирма" емес,  жалданып жұмыс істейтін жұмыссыздар тұратын көше екен. Сейфуллиннің бас жағы сондай "құл базар" болса, аяқ жағы, яки біз тұратын жақ "жезөкшелер мекені" екен. Бесеуміз кешкі бестен кейін пәтерден шықпауға тырысатынбыз. Алайда бір күні жұмыстан жай шығып, үйге келе жатсам, топ қыздың ішіндегі біреуі көзіме оттай басылды. "Камшат?" деп дауыстадым. Маған жалт қараған қысқа бойлы, күрең қызыл шашты қыз зып беріп сұр көлікке отырды да жоқ болды.

Үйге жеткенше жүз ойланып, бәрін ой елегінен өткіздім. Камшат тұрмысқа шығып, ендігі төртіншісін босануы тиіс. Одан бері де жыл өтті. Ал жаңа көргенім кім сонда? Жоқ, мүмкін емес. Маған солай көрінген болуы керек... Кейін бұл туралы ұмытып та кеттім.

Қысқы каникулда ауылға бардым. Көптен көрмеген соң бәрін сағынып қалыппын. "Сымсыз телефон" апайым бірінші жетті. Сөзден-сөз шығып, Камшаттың қалін сұрадым. Анам төмен қарап терең күрсінді. Зәмзия апай:

-Әй, негізі тексізден тексіз туатыны рас екен! Әп-әйбат осы ауылға келін боп жүр еді, әлгі құрғыр шешесінің артынан қалаға барғыштап жүріп бұзылды.

-Ақтоты апай ауылда тұрмай ма?

-Жоқ, ол қалаға түбегейлі кеткен сияқты. Дәукеннің шаңырағын ана оңбаған Аққыз иеленіп алды! Онымен қоймай, Ақтотың кейін туған егізін осы үйге тастап кетті. Оларды бір түріктен туған ба, өзі білмейді, қазаққа ұқсамайды әйтеуір. Аққыз қайтсін оларды, бейшара екеуін малай қып ұстайды. Ал әлгі Камшат қалаға жиі барғыштап кетіп еді, ұзын шашын қиғанда-ақ күдіктенгем! Не болды әне, төртеуін шұрқыратып тастады да кетті! Туған баласын тастап кету деген бай-бай-бай, сұмдық қой енді! Құрттайы 2-ге де толған жоқ, оны көтере алмай күйеуі күйіктен ішіп жүр.Ата-енесі де қартайған адамдар. Ойласам жүрегім ауырады,-деп Зәмзия апай мен әкелген сникерсті бір тістеді.

Төбемнен жай түскендей болды. Анада көргенім Камшат болғаны ма...

***

Камшат та, анасы да ауылға сол кеткеннен оралмапты. Серіктің ағасымен заңды түрде ажырасып, төрт баласын ақыры тастап кетіпті... 

Құдайдың жазуы сол шығар, естуімше, кейін Камшат біреуден жүкті болып қалып, баланы алдыруға ақшасы болмай, ақыры Ақтоты апай заңсыз жолмен ақша тауып отырған жекеменшік жерге алғызады. Лас жер болса керек, жатырына инфекция кетіп, өкінішке орай Камшат жылға жетпей көз жұмды. Камшаттың күйеуі кейін ішуін қойып, көрші ауылдан жесір келіншек алып, бүгінде ол төрт жетімекке ана орнына Ана болып отырғаны көңіл қуантады. 

Камшаттың ондай қадамға не үшін барғанын мен түсінбедім, кезінде өсек-сөзден құтылу үшін Серіктің ағасына тұрмысқа шығып, кейін шын маxаббатын кездестіріп, бұзылды ма екен? Бірақ жәутеңдеп жетім қалған төрт бала мен құлдың күйін кешіп жүрген егізге қарап, Камшат пен Ақтоты апайды жақтай да, ақтай алмаймын...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Аяужан 2016-02-29 18:57
:-?