Әйел бақыты

 

AYEL BAKITIҚызғаныш – ғашықтық сезімнің бір көрінісі. Тек сол сезім қызыл итше себепсіз арпылдамауы қажет. Өйткені себепсіз қызғаныш ақыл мен сенімді ысырып тастап, сәтсіз некеге әкелуі ғажап емес...

***

Шұғыла - әке-шешенің ортасында бұлаңдап ерке өсті. Қатарынан кем қалмай, мектеп пен университетті үздік тәмәмдады.

Жоғарғы оқу орнының соңғы курсында оқып жүргенде, Ұшқынмен танысып, көп ұзамай екеуі шаңырақ көтерді. Ақыл тоқтатқан, оң-солын ажырататын жаста бас қосқан екеуіне отбасы ауыртпашылығы аса ауыр көрінбеді. 

Екеуі қол ұстасып жүргенде сырттай қараған жұрт қызыға да, қызғана да қарайтын. Көп уақыт өтпей сәбилі болған Шұғыла жолдасы жұмыстан келгенше сағынып күтіп отыратын болды. "Маxаббат ол-таусылмайтын әңгіме" демекші, жұмысындағы қызықтарын айтқан жолдасының әңгімесін тыңдаудан еш жалыққан емес.  Алайда олар жылдар өте отбасылық өмірлерінің итпен мысықтың ара қатынасындай өшпенді тіршілікке ұласатынын әсте білген жоқ.

***

-Хм, келіпсің ғой, сүмелек! Тағы қай сүйіктіңді тояттандырып келдің?

Таңға жуық келіп, шешініп жатқан Ұшқынға Шұғыла дүрсе қойды.

-Қайта бастамашы, а? 

-Өшір үніңді! Не мүлде кет сол салдақыларыңа! Не мына жүрісіңді қой!

-Мен жұмыста болдым. Болды енді, ауызыңды жапта, ұйықта!

Қайдағы ұйқы болсын. Іші қыз-қыз қайнаған Шұғыла көгеріп-сазарып тұр. Күні бойы өзегін өртеп, үріп, мазасын алған қызғаныш деген қызыл ит жұлмалап барады. Ашудан қалш-қалш етеді. 

-Қайдағы жұмыс? Телефоның болса өшірулі, күні бойы мың рет қоңырау шалдым. Тым болмаса"осылар қалай екен?" деп бір xабарласпадың ғой сен! Кез келген сүмелекке тиынға бола етегін түруге дайын тұратын жәлептермен жүрген шығарсың сол! 

-Шұғыла, қой дедім ғой саған! Сенің сүйреңдеген тіліңнен-ақ шаршап біттім! Не керек саған? Үстіңде үй, астыңда көлік, бай-балаң бар, құлағыңда бриллиант, қалтаңда пішен ақша? Не жетпейді? Не?!

-Сен жетпейсің маған! Сен маған әйел ретінде қарамайсың! Қасыма жатпағалы міне, үш жыл болды! Білем кіммен жататыныңды, олардың қасында мені менсінбейсің ғой сонда? Салдақылармен сілімтік жүрісің шаршатып-ақ бітті...

Қаны басына шапшып, Шұғыла түкірігіне шашалып қалды.

-Кетшей сен!-деп ақыры қолын бір сілтеп Ұшқын үйден кетіп тынды.

Ұйқыларынан шошып оянған үш балақай бір бұрышта үрпиіп отыр. Әке-шешесінің үй ішін қағыстырып, бақырып-шақырған дауыстарын, кей-кейде қолма-қол төбелестерін соңғы бір-екі жыл жиі көріп, еститін болды.  Қоянның көжегіндей үшеуі дір-дір етеді. Ұрысты ылғи кескен томардай түксиіп, қабағы өмірі жазылмайтын аналары шығарады. Өзге отбасылардай ата-анасымен емін-жарқын шүйіркелесіп, ас ішпегелі қай заман. Бұларда бәрі бар. Үш қабатты зәулім үй, мектепкеапарып, алып әкелетін қымбат көлікті жүргізуші, үй күтушісі, қолдарында бір-бір айфон, брендті киім. Бірақ... Сол бірақ бұларға ата-ана мейірімі жетіспейді. 

Бала күнінен жатпай-тұрмай еңбек ететін Ұшқынның соңғы үш-төрт жылда тасы өрге домалады. Өз білім, біліктілігінің арқасында лауазымды қызметке орналасты. Жүрегі ашық ақжарқын азамат көмек сұрағанның бәріне көмектесуге дайын. Құйылып келіп жатқан ақшаны ешкімнен аямады. Зәулім үй салды, жұбайы Шұғыланың ұнатқан көлігін салоннан әперді, балаларын ең үздік мектепке берді. Шұғыланың таңдаған кез келген қымбат көйлегін де, алтындарын да әпереді, бірақ сонда да оның көңілінен шықпай-ақ қойды. Күні-түні үйде отырып, бөтен ойға беріле қызғанып, ұрыс шығаруы шаршатып бітті! Сымбатты, ақшалы, сүйкімді жарын қызғанатындай жөні де бар, бірақ тым шектен шыға қызғану абырой әпермесі белгілі ғой. Ақыры, қызғаныш айрандай ұйыған шаңырақтың түндігін жапты… Ұшқын келіншегін аймаламақ түгілі, қабағы бір ашылмайтын әйелімен бірге отырып әңгімелесе алмайтын жағдайға жетті.

***

Шұғыла үшін соңғы үш жылда дүниенің бар бояуы солғын тартқандай. Бүгін де әппақ төсегінде тапжылмай, ой ішінен ой теріп, ояу жатыр. Қайғы теңізінен малтып шыға алар емес. Жастығы тағы жасқа малынған. Бойын басқан зіл салмақты сілкіп тастап әйтеуір түрегелді. Таң да қылаң беріпті.

"Ол тағы келген жоқ!" деп айнадағы сұлбасына қарап, көз жасына ерік берді. "Мен онсыз қалай өмір сүремін? Дәл мені құшқандай өзгені құшақтады-ау, дәл мені сүйгендей өзгені... Жоооқ!" 

Кеше ғана сыйға берген Ұшқынның қымбат маржан моншағын үзіп, жерге тарыдай шашты. "Бұл өмірде менен өткен бақытсыз әйел жоқ шығар!" деп азынай жылады. 

Ұшқын қанша дегенмен еркек кіндікті емес пе, екеуі той-домалаққа барғанда күйеуінің өткен-кеткеннің балтырына көз сүзіп, қыр асыра ұзатып салатынын жиі байқаған бұл талай жанжал шығарған. Содан кейін соңғы кезде күйеуі ондай жерге барудан да қашатын болды. Сол жаман қасиеттерінің бәрін теріп, Шұғыла жаман ойдың жетегіне ерді. Жүзі өрт сөндіргендей, іші әлем-жәлем.

...Иә, екеуі орталық демалыс паркінде алғаш жүздескенде кейінгі ғұмырларының осындай өкінішпен жалғасатынын сезбеген-ді. Тіпті мұндай ой олардың өңі түгіл түстеріне де кіріп шықпаған. Себебі олар шын ғашық еді. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Шұғыла да, шырттай киінген Ұшқын да өздерін дүниедегі ең бақытты жандарға теңеген. Жұптары жазылмаған екеудің жүрек жарастығына жаздың талай жұлдызды түні мен ақ себеле шашқан таңы куә болып еді-ау сонда.

Жылдар қатпарында қалған осынау суретті ой елегінен қайыра өткізген Шұғыла тұнжырай түсті. Досы сүйсіне, дұшпаны күйіне қараған сол шаңырақ енді шаттығы шайқалған, туырлығы түзелместей құлағандай. Өмірдің еш қиындығын көрмеген ақылы шолақ келіншек, кінәні айналаның бәрінен іздесе де өзінен іздемеді... Бұл әлемде өзінен асқан бақытсыз жан жоқтай сезінді. Айна алдында өз сұлбасымен еш бүкпесіз сырласқанымен, жарының алдына келгенде кірпідей жиырылып, адуынды мінезін көрсетеді, жан дүниесін өртеген сезімін білдіріп, ашық сөйлесуге түйіндей қатқан көкірек құрғыр жіберер емес. Сүйіктісін өзінен алшақтатқан-арам ойдың жетегіне ерген долы мінезі екенін түсінгісі келмеді. "Оның біреуі бар". Санасын шырмауықтай жаулаған ой тек осы. Құлай сүйген күйеуінің опасыздығы жан-дүниесін астаң-кестең қылып, тамағына ащы өксік тіреді. "Тәтті түстей зымырап өте шыққан бақытты күндер мен осындай қасіретті сәтті пешенеме Алла тағаланың қосарлана жазуын қарашы" деді іштей... 

...Бірде басындағы қайғысын бөлісуді  арнайы шаруа қылып, Шұғыла құрбыларын мейрамxанаға шақырды.  Уағдалы уақытта жиылған бай-бағланның сылқым келіншектері шаруа барысын жіліктеу үшін ортаға қылмойын қойды. Бұдан ешкімге зиян тиген жоқ. Қайта еркін отырыс, ашық-жарқын әңгіменің ілгегі ағытылды.

-Қысқасы, мен Ұшқынмен ажырасамын деп шештім!-деді Шұғыла сөзін нығарлап.

Кейбірі бұған таңғалыс білдіріп жатса, бір стақаннан қызара бөртіп шығатын құрбысы Нұрай:

-Дұрыс! Қашанғы шыдайсың? Сен ғой мөлейіп кеш батқанша үйде отырасың, ол ғой басқа жас иісті айналып, толғанады. Қашанғы басынады сол сілімтіктер? Сен де қыдыр! Үйде тамақ істетпе күтушіңе! Киімін жума, тазалама! Өзі-ақ қашады сосын,-деді ақылгөйсіп.

-Әй, сенің ақылыңды іске асырып көрдім. Керісінше, ушығып кетті бәрі. Тамақ істелмей, үй жиылмай, өзім қыдырып кетіп ем, күйеуім түгілі, балалардан күй кетті...-деп мұңын шақты Шұғыла.

-Жанын шығару керек ондай жүргіштердің! Біз де сол салдақылар үшін күні-түні қырыламыз, тіпті ана жолы ашумен пышақ алып жүгірем деп алақанымды жаралап алдым,-деп төрде отырған Сандауғаш жыламсырай алақанын 

 көрсетті. 

-Басым қатып кетті тіпті. Ұрсысудан өзім де жалықтым. Жағдайымыз орташа кезде анағұрлым бақыттырақ сияқты едік, қазір бір-бірімізге қатты суынып барамыз. Неше жыл болды, Ұшқын жаныма жоламай жүр. Қызғаныш деген құрғыр қызыл ит екен, қай-қайдағы ой келеді басыма, сосын кешке ызыңдай бастаймын. Ұрысымыз кейде төбелеспен аяқталады. Ақыры ол қашып құтылады. Мүмкін... оның ешкімі жоқ шығар, а?...

Алайда мұның бақытты болғаннан гөрі, іштей ажырасқанын көбірек қалайтын "құрбысымақтары" Шұғыланың жан сырын ұқпады-ау...

-Ой, қыздар, кешіккеніме кешірім өтінемін. Күйеуім түсте келеді ғой, соған түскі ас дайындаймын деп, әрі балаларды мектепке апарамын деп кептеліске тірелдім де қалдым... 

Қылмойынды орталап, қызуына қызара бөртіп алған төртеудің назары кешігіп келген Шұғыланың сыныптасы Алмаға ауды. Дастархандағы сөз билігін бермейтін Нұрай әдеттегідей:

-Әй, осы қыз маладес-ей, әлгі көксоққан күйеуін адам қылды. Ішіп алса бір тентек еді ғой жүрген? Қазір ішпейтін болған ба? Аззәмат! Әрі жұмыс істемей неше жыл мойнында отырды, өзі шапқылап жұмысын да істейді, бала да туып үлгеріп жатыр, үй жұмысына да пысық! Не деген жүйке десейші! Ақылыңды айтсаңшы мына Шұғылаға, байымен ажырасам деп отыр ғой?

-Не дейді? Не үшін сонда?

Алма таңғалысын жасыра алмады. 

-Оның біреуі бар сияқты...

Мұңайып төмен қараған Шұғылаға Алма үнсіз жымиды да, Нұрайға:

-Меніңше, елдің алдында «күйеуімнің қолынан түк келмейді, осыны адам қылған мен» деген әңгімелерді ешқашан айтпаған жөн сияқты. Тура сондай болған күннің өзінде де. Себебі мұндай әңгіме айтқан әйел елге жексұрын, ал оның күйеуі бейшараға айналады. Еркектің басын төрге де, көрге сүйрейтін-әйел, яғни біздер емес пе?

-Пах, шіркін! Философ деп осыны айт!

-Нақұрыс болса да, дүлей болса да, қастарыңда күйеулерің бар! Шүкір деңдер! Жалғыз жатып, жалғыз жүргеннің қандай қиын екенін білесіңдер ме өзі?!-деп мысқылдаған Нұрайға Алма қабағын шыта жауап берді.

-Ал Шұғыла, саған келер болсақ, рұқсат болса ертең үйіңе келейін, сосын екеуміз асықпай сөйлесейік,-деп Алма Шұғылаға қарады.

***

Айтқан уәдесінде тұрып, Алма ертесі таңатпай келді.

-Сағат 9 болды ғой. Әлі ұйықтап жатырсың ба?

Әдетте ұйқысын қандырып, түскі 1-де тұратын Шұғыла жақтыртпай:

-Ұйықтамағанда не істеймін басқа?-деп дүңк етті.

-Ұшқын қайда?

-Жұмысқа кеткен шығар! Мен ұйықтағанда келіп, оянғанша кетіп қалады ылғи!

Алма ойланып тұрып былай деді:

-Меніңше, бәленің бәрі Ұшқында емес, мына сенде сияқты, Шұғыла!

-Не?!

-Иә! Сыйластық, отбасындағы тыныштық, ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесімділік, бақыт және махаббат, бәрі-бәрі әйелдің қолында емес пе? Ер адам ерте тұрғанда, әйел адам тырайып ешқашан ұйықтап жатпауы керек. «Таңғы ас-тәңірден» деп ата-бабамыз таңғы асын отбасымен ішкен. Ал сен болсаң жатсың раxаттанып. Одан кейін ақылы қысқа Нұрайдың айтқанына еріп, «мен үйде тамақ пісіртпейтін болдым, күйеуімнің киімін жумайтын болдым» деп мақтанасың кеп. Сонда кім ұтты? Кім ұтылды?

-Оған өзі кінәлі! Үйден қашып, мейрамханадан тамақтанады ылғи! Жүретін шығар неше түрлі салдақылармен!

- Слепаков «Барлық еркектер. Абсолютті. Ұдайы. Әйелдерінің көзіне шөп салады» деген. Бірақ, тек сенің күйеуің ондай емес. Осыған өзіңді сендіруің керек. Еркектер неге басқа әйелдерге көз салады? Саған емес, боянған өзге әйелге неге сұқтана қарайды? Өйткені олар қашан көрсе де әдемі, күтінген күйде жүреді. Әрине, жан дүниең басқадан қарағанда мың есе бай шығар. Бірақ жансұлулығына еркек атаулының түкіргені бар, ащы да болса шындық! Сен өзіңе қарашы, баяғы бота тірсек, алма мойын, қыпша бел қайда қалған? Нағыз салпы етек әйел болыпсың, әбден быттиып семіріпсің. Әрине сосын күйеуің тұра қашады! Біз сияқты емес, сенің шүкір, ақшаң бар ғой, ерте тұр, күтін, боян, фитнеске жазылсаңшы. Ақырып-шақырып қадіріңді кетіргенше, «сенікі жөн» дей салсаң, еркек-бала сияқты ғой, мәз болып, өзі-ақ қасыңнан шықпайтын болады. Ұрысса, үндемей құтыл, еркектер долы әйелдерді ұнатпайды өзі, өзіңнің оның қабырғасынан жаралғаныңды қылықты қылығыңмен білдір. Ең бастысы, сен әбден үйде отырып зерігіп, жаман ойға беріліп, қызғаныштың жетегіне кеткен екенсің. Сондықтан саған айтар ақылым-жұмыс істе!

-Қайдағы жұмыс? Мен өмірімде жұмыс істеп көрген жан емеспін! Ақша шүкір, жетеді!  Неменеге істейм?

-Міндетті түрде ақша үшін жұмыс жасау керек пе сонда? Сенде биологиялық сағат қалыптаспай ма? Мақсат, ереже деген пайда болады. Уақытың тығыз болады, сол кезде көресің, уақытты ұтымды пайдалану үшін балаларыңа да, күйеуіңе де, үй шаруасына да үлгеретін боласың! А, ұмытып барам, сосын...Тамақты отбасыңа өзің пісірсеңші! Еркек адам әйелінің тағамын сүйсіне жейді ғой, ол асқа ең қымбат мейрамхананың да тағамы жетпейді. Міне, осылай!Есесіне, жүйкең тыныш болады.  Қаласаң фитнеске ертең бірге барайық?

Алманың сөздері Шұғыланы кәдімгідей ойландырып тастады...

***

Ерте тұрып, жаттығу залына бару, Шұғылма мен Алманың күнделікті ісіне айналды. Қос құрбы ойлана келе, сұлулық салонын ашатын болып шешті. Жұбайын ақшадан тарықтырмайтын Ұшқын бұл ойын қуана қолдай кетті. 

...Шұғыланың үйде жатып бұрынғыдай күйзеліске түсуге  уақыты жоқ қазір, ерте тұрып фитнеске барады,  әрі қарай жұмысқа жүгіреді, кешке дәмді етіп тағам пісіреді, балалардың сабағын қадағалайды. Өзі де күннен-күнге артық салмақтан арылып, ажарланып барады. Ұшқын да бұрынғыдай кешігуін қойып, жұбайының дәмді тағамынан ауыз тигенше үйіне асығатын болды. Тіпті келіншегі жұмыстан кешіксе, әуелі қызғанатынды шығарды. Күн санап қыздай құлпырып бара жатқан Шұғылаға Ұшқынның махаббаты қайта оянғандай ма, қалай... Бұл тұста дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ақылын аямаған нағыз дос-Алмаға қарыздар екеуі. Сәл болмағанда қызғаныштың жалын оты балдай шаңырақтың түндігін жаба жаздап еді-ау...

 ***

Жұптары жазылмаған қос ғашық жас күндеріндегідей демалыс саябағында келеді. Бұлардың жүрек жарастығына жаздың жымыңдаған жұлдызды түні мен ақ себеле шашқан таңы куәгер.

Арт жақтарында өзара сыйласып, бір-біріне арқа сүйейтін үш балдырған ортекедей ойнақтап жүгіріп келеді. Олар әзірге үшеу еді...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Айнур Казкенова 2016-03-02 20:02
Мен олтирип кояма деп азер окыдым керемет ангиме асресе уй де откан келншектерге ой салад
 
 
#2 Оржанова Гулзат Алих 2016-04-29 15:04
:-| :-| оте керемет акыл айтылган