Ине

kokain

Қараңғы бөлмеде қара терге малшынып, аяқ-қолы дірілдеп, бұратылып жатыр. Өзін қоярға жер таппай тыпыршуда. Темірдей жұдырықтарын түйіп, бар күш-жігерін жинап, орнынан тұрды. Бір уақытта қарсы алдындағы айнаға көзі түсіп кетті, қарашығы өзіне шамадан тыс үлкейіп кеткендей көрінді, қажетті дәрумен жетіспегендіктен болар, тістері сарғайып, шашы да өсіп, бұрынғы қою қара түсін жоғалтыпты, еріндері шыт-шыт тілініп кеткен.

Серіппелі көктемірден құйып жасалғандай сом сұлу тұлғалы азамат бүгінде аурушаң дімкәс жандай қатты жүдепті. Еңсесі түсіп бүкірейген бейне жалындаған 20-дағы емес, 35 жастағы сырқат жанға көбірек ұқсас. Қанталаған көздері бұлыңғыр тартып кетті...

Читать далееӨзін алдау үшін жалма-жан асүйге барып, тәбеті болмаса да кешеден қалған суық тамақты қомағайлана жей бастады. Бірақ лоқсып, әрі қарай ас батпай, бір нүктеге тесіле ұзақ қарап отырды да, бітпеген ісі есіне түскендей жанталаса қалтасынан телефонын іздеп, әдеттегідей Мадиярға қоңырау шалды.

-Мадияр...

-О, бауырым! Біліп ем хабарласатыныңды!

-Маған доза керек...

-Әрине, сені мен ойламасам кім ойлайды? Бір-ақ ауыз сөзің ғой, достым-ау! Ақшаң бар ғой?

-Ақшам жоқ... Білесің ғой, әке-шешем мені емдеу үшін барын салуда, емханадан өткен аптада ғана шықтым. Есірткі алмасын деп ақша да бермейтін болды.

-Онда жағдай қиын. Ақша жоқ - ләззат та... Капут!-деп Мадияр кеңкілдей  күлді.

-Өтінем, Мадияр! Өліп барамын, құлың болайын. Қарызға берші... Айтқандай кеше әкем жаңа Айфон әперген. Тым болмаса соны берейін...

-Мейлі, келістік! Бірақ айфонның құнына қаншалықты мөлшерде келетінін өзің білесің. Ендеше құстай ұштым саған, бауырым! Күт мені!

***

Ерден-Олжас пен Әлиманың жан дегенде жалғыз ұлы. Ата-анасының екеуі де лауазымды қызмет тұтқасын ұстап отырғаннан болар, Ерденнен кейін-қарындас ермеді. Ерден туғаннан еш таршылық көрмеді, әйтсе де үнемі іссапарда жүргендіктен, әке-шешесінің мейірімі жетпей ер жетті. Ата-анасының орнын ойсыратпай, ұлдарының күні-түні қасынан табылып, бар мейірімін аямаған бұл отбасының күтуші Қалампырға деген алғысы шексіз.

Ерден де балабақшада тәрбиелі, мектепте өзгелерден алғыр болып ер жетті. Олжас пен Әлима да ақылды ұлдарын қаладағы ең үздік деген мектепке берді, бос уақытында спорт үйірмесіне барып жүрді.

Саматпен Ерден мектеп табалдырығын аттаған кезде танысып, содан бастап арадан қыл өтпес досқа айналды. Самат та Ерден сияқты оқу озаты, спорт үйірмесіне бірге барып, үйлеріне қатар қайтып жүрді. Саматтың да ата-анасы жұмысбасты жандар, қай жағынан қарасаң да, Ерден екеуінің өмір жолы ұқсас.

Жаңа оқу жылы сыныпқа Алтынбек есімді бала келді. Қыр мұрынды, қаракер тобылғы көзді Алтынбек Ерденге неге екені, бірден ұнамады. Алайда ол Самат екеуіне барынша жағынып, екеуімен дос болуға тырысты. Жүрегі жылы тартпаса да, үнемі соңдарынан қалмайтын Алтынбектің бетін қайтаруға Ерденнің ұяты жібермеді. Қанша мейірімді көрінгісі келгенімен, 13 жастағы бозбаланың шегір көзі тым суық еді...

-Алтынбекті неге ұнатпайсың? Ол қасымыздан ылғи шықпай бізбен дос болғысы келеді, меніңше оған сенуге болатын сияқты,-деді бірде Самат.

-Білмеймін, Самат. Неге екені, онымен жұлдызым қарсы. Бір көргеннен өзін жақын тартпадым. Бетіңе күле қарап, ішінен бір саусағын бүгіп отыратындардың қатарынан сияқты...

Ерденнің сөзіне Самат күлді.

-Сен де айтады екенсің, 13 жастағы өзіміз қатарлы бозбаланың қолынан не  жамандық келер дейсің?

...Бұл оқу жылы екі дос үшін өте сәтті болды. Жарысқа қатысып, Ерден де, Самат та бар-жоғы 13 жастарында ауыр атлетикадан «ҚР спорт шебері» атағына ие болды. Әрі спортсмен, әрі оқу озаты атанған екеуі ата-анасының ғана емес, бүкіл мектептің, елінің мақтанышына айналды.

***

Күн жексенбі болатын. Ерден ұйқыдан оянғанда үйде ешкім болмады. Қалампыр «Тамақ пісіп тұр балам, ата-анаң сейсенбі күні келеді. Үйді жинап қойдым, дүкенге барып азық-түлік әкелемін. Бір жаққа барсаң, қалың киін, ауырып қаласың әйтпесе. Қалампыр тәтең» деп хат жазып кетіпті.. Ерден xатты оқып мырс етті.

-Сүйікті апатайым, мені әлі бала көресің-ау, смс жазуды қашан үйренер екенсің,-деп таңғы асын ішуге отырды. Соның арасынша телефоны әндете жөнелді.

-Иә, Самат?

-Ерден, қалайсың? Бүгін Алтынбектің туған күні екен. Кешке қонаққа шақырып жатыр. Сені де келсін деп өтінді.

-Не, өзінің тілі жоқ па? Әлде нөмірімді білмей ме?

-Енді... сен оған ылғи  салқын қабақ танытасың ғой, сосын тауын қайтарып тастай ма деп xабарласуға батылы жетпеді...

-Самат, ертең емтиxан ғой? Бізсіз тойлай берсін да өздері.

-Барайық. Жігіттен ұят болады. Аяқтай келіп шақырып кетті ғой.

-Қай жақта болады екен?

-Адмирал деген клубта деді. Әрі клубты да көріп қайтайық қандай болатынын.

-... Жақсы онда.

Ерден кешқұрым ата-анасына xабарласып еді, телефондары байланыс аясынан тыс жерде екен. Амал жоқ, досының көңілін қимай Қалампырға ескертіп, клубқа барды.

Туған күніне Алтынбек оншақты жігітті шақырыпты. Самат екеуі отыра сала Алтынбек бұларды мақтауын асыра таныстырды.

-”Болар бала он бесінде баспын” дейді дана қазақ. Ерден мен Самат - ортамыздағы мақтанышымыз, спорт жеңімпаздары, оқу озаттары, айта берсем мақтауым таусылмас... Мен осындай достарыммен мақтанамын!

-Ата-аналары қандай қызметте екен?-деді ақ жейде киген, шегір көзді, төртбақ сары жігіт қолындағы темекісін иіскеп.

-О-о! Анау-мынау емес, біреуінің әкесі-министр, екіншісінікі-сот, яғни су-дья!...

-Та-ма-ша!

Сары жігіттің шегір көзі жайнап сала берді. Алтынбек сөзін жалғап:

-Айтпақшы, таныстырмаппын ғой, бұл жігіттің есімі-Мадияр. Менің жан досым! Бәрі жиналған сияқты, сонымен кешті бастайық, достарым!

Даңғара музыкаға ашық-шашық киінген қыздар мен ащы суға сылқия тойып алған жігіттер ортаны бермей, жын ұрғандай билеп жүр.

-Түнгі клубтарың осы ма? Мынау нағыз шайтанның ордасы ғой?-деді Ерден жан-жағына таңғала қарап.

-Қойыңдаршы, сендер үлкен жігіт болдыңдар ғой?  Еркін отырып, көңіл көтеріп, би билесеңдерші! Кітап оқып, дене шынықтыра бергеннен шаршамадыңдар ма? Шарап ішіп көріңдер?

Мадиярдың сөзі намысына тиді ме, Самат даяшыға қарап:

-Екі стақан арақ әкелші,-деп бұйыра сөйледі.

-Ішпейміз! Спортсмендер ішпейді,-деп Ерден қысқа жауап қайырды.

-Ереке, достым. Қатаймашы! Мә, арақ ішпесең, мынаны сумен жұтып алшы. Экстази деп аталады бұл, бір сәтке бәрін ұмытып, “ләззат” атты раxаттың дәмін татып көрші...

Мадияр қиылғандай сөйлеп бір түйір дәріні ұсынды.

Алтынбек “не істер екенсің?” деп миығынан күліп қарап тұр.

Стақандағы суды ұрттап, Ерден дәріні жұтып жіберді. Самат та Мадиярдың қолын қайтармай, Ерденнің істегенін қайталады.

Санаулы уақыттан соң айқын санасынан айырылған екі бозбала көңілденіп шыға келді. Өздері ұнатпай отырған құлақ тұндырар шуға еліткен топ арасына кірді де кетті...

-Оңай шағылатын жаңғақ сияқты ма?-деді Алтынбек сырттарынан бақылап тұрып.

-Мен шақпаған, Мадияр жемеген жаңғақ бар ма, достым?! Жарайсың, олжалы балықтар қармаққа өздері кеп түсті. Сол мектепке бар, байдың балалары оқиды деп айттым ба, айттым! Көрдің бе, қандай ақылдымын! Ал... “өмір мен өлім” атты ойын басталды, go! Жұмсақ креслода отырған әкелері көк қағаздарын қазірден әзірлей берсін. Минист мен сот мырза, xа-xа-xа! Ох, бала-шағамен жұмыс жасау қандай оңай! Мә, ал, мынау сенің еңбегің!-деп Мадияр Алтынбекке ақша ұстатты.

***

Сол күннен кейін Ерден мен Саматтың Мадиярдың тобына қосылып клубқа баруы жиіледі. Экстазидің бір емес, енді екі таблеткасын жұтып алып, рахатқа бөленетін болды. Сосын үшеу, төртеу...  Қанағаттанбау сезімі пайда бола бастады.

Алтынбек пен Мадиярға да керегі осы еді. Екеуіне қос шибөрі енді марихуана ұсынды. Ерденнің уақыт өте келе ағзасы оны да қанағат тұтпай, біртіндеп кокаинге көшті. Ақ ұнтақты құмарлана иіскеп, буын-буыны босап, делқұлы күй кешетін болды.

...Кешегі ел мақтаған спортсмен, қатарының алғыры, оқу озаттары Ерден мен Самат таза өмірін осылай өз қолдарымен құрт жегізіп, шірітіп, кәнігі нашақорға айналды. Спорт, сабақ та жайына қалды, оларға Мадияр бастаған «есалаң достарынан» артық ешкім болмады. Екеуі отбасын, мұғалімдерін алдап, сабақтан қашып, қалай да сол достарымен кездесудің амалын қарастыратын болды. Әрине Мадияр есірткіні тегін емес, енді сататын болды, құны да аз емес... Олжас ұлының болашағына қажет болар деп, карточка ашып қойған-ды. Ерденге «қажетті қаражатыңды сол жерден аларсың» деп карточкасының пин кодымен қоса қолына ұстатып қойған. Ол ақшаны Ерден бір аптаға да жеткізген жоқ. Соңғы кезде анасынан да ақша сұрауды жиілетті.  Ұлының бойындағы өзгерісті байқаса керек, бірде Әлима мен Қалампыр оны сұрақтың астына алды.

-Ұлым, соңғы кезде қатты жүдеп-жадап кетіпсің. Сабаққа мүлде бармайды екенсің. Мұғалімдерің күнде хабарласатын болды. Түнімен қыдырасың, күні бойы ұйықтайсың. Қалампыр екеуміз таңертең оятсақ, сөз қайтаратын болдың. Карточкаңдағы ақшаны да жойып жіберіпсің. Өз-өзіңе қарауды қойдың, киімдеріңнен түсініксіз түтіннің иісі шығатын болыпты... Не болып жүр саған? Әлде ғашық болып қалдың ба? Әкең де уайымдап жүр...

Әлима көзіне жас алды. Ал ағзасы тек есірткі қажет етіп тұрған Ерден анасының сөзін тыңдаған да жоқ. Себебі ол дәл сол сәтте тек жақындарын ғана емес, ол бүкіл әлемді жек көріп тұрды...

Есірткі Ерден мен Саматтың тәндерін улап қана қоймай, рухтарын да әлсіретіп, ертеңгі күнге үмітпен қараудан қалдырды. Қолдарына түскен бар тиындарын тек соған жұмсап, өзге дүниенің бәрін тәрк етуге жетіп, тәуелді болып қалды.

Бірде есірткіге елітіп отырғанда милицияға түсіп қалды. Ащы шындықтың беті дәл осы кезде ашылды. Болашағым, тірегім деп сеніп жүрген жалғыз ұлының нашақор екенін білгенде, Олжас инфаркт алып, ауруханадан бір-ақ шықты. Әлима Ерденнің күйігінен жүйке ауруына ұшырап, қызметінен шығып қалды. Ұлдарының жас ғұмырын азаппен өткізіп, көз алдарында көктей солып бара жатқандары жандарына  батты. Әке-шешесінің күйзелгенін көргенде, Ерден қанша қиын болса да, емделуге бекінді. Бірақ соңғы бірнеше жыл ішінде нашақорлықтан сан рет емделіп, оған сан мәрте қайта айналып келе берді. Осылай өмір мен өлімнің арасында ойнап жүріп, 7 жылдың қалай өткенін байқамай да қалды.

Ерденнің емделгені Мадияр мен Алтынбек бастаған топқа тиімді емес еді әрине. Бұл емханадан шыққан күні бұралқы иттей үйінің маңын торуылдайды да жүреді. Ерденді көрсе, шайтандай азғырып, есірткіні көрсетіп, тамырына ине салмасына қоймайды...

Мұнымен салыстырғанда, Саматтың ерік-жігері әлсіздеу еді. Ерден нашақорлықтан емделіп, жазылуға бар күшін сарп етсе, Самат «ғасыр індетінен» құтылуды ойламады да. Бала күнінен егіз қозыдай қасынан бір елі ажырамай бірге өскен жан досының нашақор болып жүріп, ВИЧ инфекциясын жұқтырып, көз алдында өмірімен мезгілсіз қоштасқаны Ерденге ауыр соққы болды...

Жүрегін біреу суырып алғандай өкіріп жылады... Өз қолыңды өзің қалай кесерсің, өкінгенмен, жылағанмен пайда жоқ... Уақыт кері жылжымайды. Мадияр сияқты сұмпайылардың кесірінен қаншама танысы ешбір үмітсіз, әрі Құдайсыз бұл өмірден өтті десеңші...

***

Ерден бүгін де бір нүктеге тесіле ұзақ қарап отыр. Емханадан аттап шығуға қорқады. Үйіне барса, есіркіге қайта еліріп, бұзылам ба деп сескенеді. Тек өз-өзіне жігер беріп, сол бағыттағы өміріне шабыт қосар кітаптарды оқи берді. Жаман әдеттен рухани дүниесін байыту арқылы арылуға тырысты.

...Ал палатаға Жанаргүл есімді жаңа мейірбике кіргенде, қаҺарлы қара бұлттың арасынан бөлмеге күн шуағы түскендей болды. Қыпша бел, қиылған қас Жанаргүл бұған күлімдей қарағанда, өзіне беймәлім, бұрын сезінбеген ғажайып күй кешті, жүрек тұсы шымырлап қоя берді...

«Өмір, мен сені сүйемін! Сен үшін күресем!» деп Ерден орнынан құлшына тұрды. Қадамы нық. Оның көзіне күнде күрең тартып тұратын емхана дәлізі көрікті болып кеткендей көрінді...



Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
-2 #1 БАЯН 2016-02-24 00:36
САЛАМАТСЫЗБА! Бул жазбаныздын киносын коргенбиз,бул кимнин туындысы?
 
 
+2 #2 Zhanat Bakyt 2016-02-24 09:14
Баян,бұл менің қиялымнан туған туынды.Қандай кино желісін айтып отырғаныңызды түсінбедім
 
 
+1 #3 Оқырман 2016-02-24 10:27
Жәке, көңіл бөлмеңіз. Баян қуып отыр :cry:
 
 
-1 #4 Молдир 2016-02-25 09:30
Салеметсизбе Жанат ханым!менде кордим осыган уксас кино,балким осы шыгарма желисинде тусирилген болар деп ойлап калсам
 
 
#5 Посетитель 2016-02-29 17:41
Иə