Раушан гүлін қызғанышпен суарған бағбан

 

kizganishБұл өмірде теңін тапқан жанға сүйіктісінен айырылып қалудан асқан қорқыныш жоқ шығар, сірә! Өз-өзіңді күмәнмен жеп жүргенде, сүйіктің суынып кетсе не болады? Араларыңа үшінші біреу келіп киліксе ше? Сүйіктің сені емес, оны таңдаса ше? Бәріміз маxаббатымыздың жауапсыз болғанын қаламаймыз емес пе?! 

Ал аялап өсірген раушанын бағбан "қызғанышпен, күмәнмен" суарса, құлпырған гүлдің ерте ме, кеш пе, ТІКЕНГЕ айналары сөзсіз... 

***

Сүйкімді жүзіне көрік беріп кекіл шашы еркелей төгілген, бота көздері жәудіреген арудың есімі-Камила. Басқа қатарластары сияқты мектепті бітірген соң заңгер не мұғалімдік мамандықты таңдамады. Бала күнінен арманы-актриса болу еді. Ата-анасы қарсы болса да, өз күшімен өнер академиясына түсіп, үздік бітірді. Оқуын аяқтаған бойда театрға қызметке орналасты. 

Камиланың басқалардан ерекшелігі-үнемі бәріне үлгеруге тырысып, жанталасып асығып жүретін. Күні бойы театрда дайындығын пысықтаса, кеште рөл сомдап, қалың көрерменнің қошеметіне бөленетін. Ал түнде жарнама арқылы дипломдық жұмыстарды қазақшадан орысшаға аударып, аз-кем ақша табатын. Немесе түрлі кештерді жүргізетін. Өйткені театрдың мардымсыз ақшасы ештеңеге жетпейтін. 

"Осы мамандықты таңдама деп зар қақсадым. Тыңдамадың. Бет-аузыңды бояп, күн-түн демей театрда жүресің! Тапқаның квартплатаңа да жетпейді!" деп анасы ұрсады да жүреді. "Театрда жұмысын шын жан-тәнімен жақсы көретін адам ғана Істейді. Әр рөлден алатын ләззатты ешқандай ақшамен өлшеуге келмейді. Мен театрсыз бір күн де өмір сүрмек емеспін!" деп  Камила күлетін де қоятын.

Бір күні театрға өте келбетті, қара қою  шашын артына қайырған, ұзын бойлы жаңа актер келді. Есімі-Талғат екен. Камила бір көргеннен ес-түссіз ғашық болды. 

Уақыт жүрдек,  күн артынан күн, ай артынан ай өтті. Бірде Талғат пен Камила "Қыз Жібек пен Төлегеннің" рөлін сомдайтындарын білді. Араларындағы маxаббат та дәл осы кезде басталған-ды. Көп күттірмей екеуі отау құрды. Дүркіретіп той жасады. Камила қатарынан бір ұл, бір қыз туып берді.

...Әртіс, әншіні біз-саxнада қалай жылтырап тұрса, өмірде де со күйінде қабылдаймыз. Алайда олардың да өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаралған жан екенін ескере бермейміз. 

Саxнада күліп тұрған көздің артында мұң болуы да мүмкін. Әсіресе, өнер адамдарының жан дүниесі-шарайна сияқты боп келеді. Олар сәл нәрсені жүрегіне ауыр алып, тез қайғырып морт сынады,  тез қуанады...

Талғат Камиланы қатты қызғанатын. Қит етсе келмеске кеткен күндерді еске салып, ұрыс шығаруды жиілетті. Қабағынан үнемі қар жауып жүретін ол болмайтын нәрсе үшін айғай-шу шығарып, отбасының берекесін алатын. Адал Жарының жүрген ізін аңдып, өзінің жеке мүлкі сияқты көзінен таса қылмай, барынша өзгелермен араластырмауға күш салды. Достарына, көршілеріне, қала берді туысқандарына жолатпай, тек өз ырқына көндіруге тырысты. Ал Камиланың күйеуінің көзіне шөп салу-өңі түгел түсіне де кірмепті. Алайда, қызғаныш дертіне шалдыққан Талғат күн сайын ілік іздеп, бірдеңені дәлелдемек болып, тергеп-тексеруді доғармады. Бітпейтін де қоймайтын күдік пен тексеруден құтылу үшін Камила байғұс азар да безер болып ақталып жататын. Талғат болса өзінің бұл қылықтарын сүйгендіктен бола беретін қалыпты жағдай деп қабылдады. Негізсіз таяққа жығылу немесе күн сайын жүйкеге тие беру, айналып келгенде, Камиланың Талғатқа деген маxаббатын әлсіретті. Бостан-босқа кінәлі болып, жасамаған күнәсі үшін жауап бере беру кез-келгенді қажытады. Өмірде болмаған көңілдесі үшін зардап шегу кімге оңай дейсіз… Талғаттың "қызыл ит қызғанышы" отбасының түбіне жетті.

Камила екі баласын көтеріп, бір-ақ күнде үйінен кетіп тынды. Өзінен емес, өзгеден көріп үйренген Талғат "көңілдесіне кетті" деп түйді. Театрда да, көшеде де қыр соңынан қалмай мазасын алды. 

...Сол күні сәтті қойылымнан ләззат алып шыққан Камиланы гримеркада Талғат күтіп тұрды. Бұрынғы ұрыс-керіс қайта басталды. Екеудің арасына есі кеткен түседі деген қағиданы ұстанған әріптестері гримдерін кетіріп үн-түнсіз шығып кетті. Әрі екеуінің ұрысына көздері үйренген.

-Кімің бар сенің? Айт, қане! Соған бару үшін мені тастадың ба? Айт деймін!

Көздері қанталаған Талғат Камиланың шашынан шап беріп ұстап алды.

-Мен ақталудан шаршадым, Талғат! Адам сияқты өмір сүруге мұрсат берші, өтінеееем! Біреумен жүрмек түгілі бетіне қараған да емеспін! Сенің тергеуіңнен, ұрыс-керісіңнен шаршап кеттім!

Камила кетуге оқталып еді, Талғат жүгіріп барып гримерканы құлыптап тастады. Сол кезде Камиланың ұялы телефонына  смс келеді.

-Сайқал неме, "шық, күтіп тұрмын" деп АНАУЫҢ жазып жатыр ма? Көрсет қане! 

-Саған көрсетуге міндетті емеспін! Сен аурусың! Өмірімді қор қылдың! Сенімен бірге енді бір шаңырақ астында өмір сүрмеймін, ұқтың ба? Кет өмірімнен, оңбаған!

Ашуға булыққан Талғат шай ішетін үстел үстіндегі пышаққа жармасып, әйелінің шашынан сүйреп, тамағынан орып жіберді.

-Кім ол? Кімің бар? Екеуіңді де өлтірем! Айт, қане! Кім?

Байғұс Камила бірден тіл тартпай кетті. Жан-жақтың барлығы қып-қызыл қанға бөккенде барып Талғат бірден есін жиды. Не істеп, не қойғанын білмей есеңгіреп тұрып қалды. 

-Камаш, жаным! Көзіңді ашшы! Мен ғой Талғат! Камаш, кешшшірші... Кама... Құдайым-ай, не істеп қойдым... Сөйлеші, бірдеме деші. Уәде берем, енді мазаламаймын, Каммаш...

Үсті-басы қан болған Талғат еңіреп жылады, әйелінің жансыз денесі көз алдында көгеріп, ұзарып барады...

Көз алдына Әлимансұры мен Ақеркесі келді. Кіп-кішкентай ботақандарын бұған дейін неге ойламаған? Қызғаныш деген шел көзін әбден басыпты-ау. Сұмдық-ай, "атақты актер әйелін өлтіріпті" деген атақпен енді қалай жүрмек? Өскесін анасыз қалдырған балапандарының көзіне қалай қарамақ?! Бір суып, бір ысыған Талғат не істерін білмей азар да безер болды. 

Соның арасынша жерде жатқан Камиланың қан-қан телефонына тағы смс келді. Талғаттың көзі телефонға түсіп кетті. "Қызым,  Ақеркеге дәрі әкелші жолдан, қызуы көтеріліп тұр" деп анасы екен уайымдап қайта-қайта жазып жатқан. 

Талғат мелшиген күйі әлі тұр. Санаулы секунд ішінде бүкіл өмірі көз алдына келді. Жылап тұрған қос сәбиін елестетіп, жүрегі қарс айырылды. Оларға енді бара алмақ емес. Артқа шегінер жол жоқ! Жылдам басып Ол қызыл қанның арасынан жаңағы пышақты тауып алды, "Кешір, Камаш!" деп әйеліне қарап тұрып, суық қаруды ішіне сұғып жіберді. Өлу қандай қиын, жаны шықпай әбден азаптанды. Әйелінің мұздай қолынан ұстаған күйі соңғы рет күрсіне терең тыныс алып, кете барды...

Қызғаныш-айрандай ұйыған отбасының түбіне жетті, адал жарын ажал құштырды, бейкүнә сәбилерді жетім қалдырды... Тағдыр!

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Раушан 2016-02-25 07:58
Осыган уксас жагдай жаналыктарда айтылды гой дим шатаспасам
 
 
#2 Аяужан 2016-03-01 10:47
Иә, жаңалықтан көрсетті актер әйелімен қатар өзін де өлтіріп тастағандығын. Қарап отырсам, көп әңгіме жаңалықтарда айтылған оқиғалар желісімен жазылыпты...