Орындалған арман

orindalgan arman2

Бақытбек жұлқи тартқан анасының екпініне ілесе алмай құлдыраңдап барады. Онсыз да шекесі тырысып, сіркесі су көтермей тұрған Гүлжихан артына ошарыла қарап, бес жасар балдырғанға жекіре жөнелді.

-Қараң қалғыр сүмелек, жап аузыңды!

Ашуланған келіншек кішкентай балдырғанды желкесінен бүріп ұстап, бірталай сілкілеп алды.

Манағыдай емес, мастығы тарқаған соң әйел бүрсеңдеп тоңа бастады. Екеуінің де үстінде бір оңған киім жоқ. Көршісі берген арзанқол киім мына суыққа қайбір қауқар танытсын. Қарны ашып, әрі дірдектеп тоңып келе жатқан ұлының да ыңырсуы барған сайын жиілеп барады. Гүлжиханның бұл жынына тиді, ұлының қақ шекесінен жуан жұдырығымен тартып кеп жіберді, бірақ сонда да ботадай бозаған Бақытбек етегінен айырылар емес.

-Жап дедім ғой ауызыңды! Сен-ақ қанымды ішіп біттің ғой!

Бақытбекті жұлқылаған Гүлжихан беталды ақырып-жекіріп, шапалақпен жағынан тартып жіберді. Сол-ақ екен, көзі оң жағындағы су қоймасына түсіп кетті, ұлынан оңай құтылудың жолын тапқан сияқты... Жалма-жан өзі бүрсең қағып тұрған кіп-кішкентай тіршілік иесін шешіндіре бастады.

Қара суық шыдата ма? Жалаңаш қалған Бақытбек одан әрі жылай берді. Гүлжихан одан әрі ашуланып, балдырғанды қаңбақ құрлы көрмей көтеріп алды да, мұздай суға атып жіберді.

«Анашым!» деп шыңғыра жылаған Бақытбек судан бір шығып, бір батып жанұшыра арпалысты.

Бақытбек өзін жолдан тапқан маскүнем шешесінен туғалы мейірім көрген емес. Алайда сонда да анасын жақсы көретін. Енді сол ең жақын адамының осыншалықты қатігездікке барғанына таңданыс білдіргендей жылауын сап тыйып, тек өмір сүру үшін арпалыса берді...

«Өзегіңді жарып шыққан перзентіңді қалайша өлімге қидың, Ана!» дегендей су жұтып, қақалып-шашалып, тұңқиыққа батып бара жатқан Бақытбек анасына соңғы рет қарады. Бұл көзқарас мүлде бөлек еді...

«Қарама! Қарама маған олай! Осылай болғаны екеумізге де жақсы! Сені баға алмаймын мен! Түсінесің бе? Тойып тамақ ішпесең, дұрыс киіне алмасаң несіне өмір сүресің? Осылай дұрыс! Иә!»

Тоба! Жауыздың сөзі қандай жаман!

Әйел қаңғалақтап жүгіріп бара жатып кілт тоқтап, қайыра бұрылды. Гүлжиханның жасаған жауыздығына жүрегі шыдас бермеді... Кері қарай жанталаса жүгіріп, суға күмп берді. Қайта Бақытбектің көрер жарығы бар екен, әлде құдіреті күшті Алла Тағала күш берді ме, әлі де өлім мен өмір арасында арпалысып жатыр екен. Гүлжихан ұлын шашынан тартып, қайта шығарып алды. Алақ-жұлақ етіп жанталаса жан-жағына қарады. Тірі пенде жоқ... Оған да шүкір...

Қара суық өңменнен өтіп барады. Судан шыққан екеу қалш-қалш етеді. Бақытбекті Гүлжихан алдына өңгеріп алды. Балдырған анасы бауырына алған соң жаны жәй тауып, әбден шаршағаннан ба, бірден қалғи бастады.

Жол жиегінде тұрған Гүлжихан алыстан жүк көлігі көрінгенде, бауырындағы Бақытбекті жерге жұлқи түсірді де, өзі кейін қарай қаша жөнелді... Ұйқысы табан астында бұзылған Бақытбек шешесінің тағы не ойлағаны барын түсіне алмаған күйі қала берді...

Түн ортасында жолдың оң жақ қапталында бүрсеңдеп тұрған сәбиді көрген жүк көлігінің жүргізушісі ыңыранып келіп тоқтады.

-Шырағым, түннің бір уағында не істеп тұрсың? Ата-анаң қайда?

Кішкентай Бақытбек қыстығып жылап жіберді... Тек анасынан әбден қорқып қалған бейбақ:

-Менің анам енді жоқ,- дей берді...

***

...Бақытбектің жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқанына он жылдан асты. Мұның бұл жердегі басқа бүлдіршіндерден өзгешелігі, анасының аялы алақанын сағынған емес, туғалы көрмеген жауапсыз әкенің жылы қамқорлығын аңсамады... Мұздай үйде аш-жалаңаш бүрсең қағып, маскүнем шешеден таяқ жегеннен гөрі, бөбектер үйінде жатқаны анағұрлым жақсы. Әйтеуір жататын жылы төсегі бар, тамағы тоқ, көйлегі көк... Туғанынан өмірдің сан соқпағын көріп, тағдырдың қатал сынына ұшыраған ол тек өзіне сеніп, ерте есейді, құлдыраңдап еркелемеді, болашағына үмітпен қарады.

Бұл жерде Бақытбек секілді жетімдік қасіретіне батқан тағдырлар жетіп артылады. Олардың бәрі бес минуттық нәпсінің жетегіне еріп, нәтижесінде жауапкершіліктен қашқан кердең әке мен көбелек ананың кесірінен өмірге келген жетім жүректер...  Келген-кеткен ер кісі мен әйел адамды көрсе, бұл балақайлар «мені алып кетіңізші, ата–анам болыңызшы» деп ботадай боздап қоя береді. Сырт көзге бұл аянышты көрініс болып көрінгенімен, Бақытбектің бұған бойы әбден үйреніп алған. Туған анасынан анадай жауыздықты көрген соң, «өгей» деген сөзге тіптен үреймен қарайды. Ең жақын жаннан мейірім көрмеген соң, бөтеннен жылу таппаймын деп ойлай ма, әйтеуір «мені ешкім асырап алмаса екен» деп тілейтін Құдайдан...

Бақытбек футболист болуды армандады. Басқа балалар ойыншық ойнап жүргенде, арманшыл Бақытбек футбол алаңында доп тебетін. Сосын көз алдына елестетеді:

«Бақытбек-футболмен жаны егіз жаратылған бірден-бір қазақ! Бұл қақырата соққан доптың шатыр-шұ­ты­ры жер жаңғырықтырып, қазақ спортының даңқын дүйім дүниеге жаңа жетістіктермен күн аралатпай жаюда... Айналасында миллиондаған жанкүйерлері «Бақытбек, алға! Саған сенеміз!» деп айқайлайды. Бұның сүйікті футболшысы Тимур Исмағұлов сияқты «Қайраттың» арқа сүйер, сенім артар негізгі шабуылшысына айналғалы қай заман. Ырғалып-жырғалуға, «көш жүре түзеледі» деп арқаны кеңге салуға уақыты жоқ! Өйткені, команда әлемнің маңдайал­ды клубтарымен тайталасып жатыр. Оларды жеңу үшін гол соғу керек. Ал Бақытбек-негізгі гол соққыш. Оның соқ­қан голдары командаға үнемі ауадай қажет, аса маңызды ұпайларды әкелетін...  Гоол! Кезекті жеңіс! Міне, Бақытбекті футбол әлемінің серкесі, бұл кезде өзінің жаттықтырушысы Тимур Исмағұлов арқасынан қағып, балаша қуануда!»...деп бір сәт қиялдағанның несі айып?...

Бұл кезде балалар үйінің «атаманы» атанған Андрей Бақытбектің әрбір қимыл-қозғалысын сырттай қалт жібермей, оқты көзімен атып отыр.  Андрейдің бұзықтығы бір басына жетерлік, бұл жерде қыңырлығымен, тентектігімен ұстаз-тәрбиешілерін әбден зәрезап қылған жеткіншек. Өзіне тым сенімді Андрей осы бір денелі келген, күші де, айла-тәсілі де, білімі де өзінен әлдеқайда басым Бақытбектің өзін менсінбейтінін жақсы білетін. Басынан сөз асырмай, жанындағыларды уысында ұстауға үйренген ол Бақытбекті де ықтырып алуды ойлады. Әсіресе Қатипа апайдың Бақытбекке қамқор болып, ерекше жақсы көретіні қытығына тиеді. Бақытбектің Тимур Исмағұловтың жанкүйері екенін білетін Қатипа апайы, кеше сол әлемге әйгілі футболистің суреті бейнеленген футболка әкеліп берген-ді. Бұл Андрейдің жынына екі есе тиді.

Қазір сол футболканы киіп, футбол алаңында доп теуіп жүрген Бақытбекке тістене қарауы да сондықтан. Соның арасынша еш ойланбастан жанына жетіп барып, әй-шәйға қарамай бірден тиісе кетті.

-Сен өзіңді кіммін деп жүрсің өзі?

-Не болды?...-Бақытбек сөзін аяқтап үлгермеді. Шықшыттан тиген қатты соққы анадай жерге ұшырып түсірді. Андрей мұны қайта тұруға мұршасын келтірмей, бас-көз демей тепкілей берді. Соққыдан есеңгіреп қалған Бақытбек есін жиса, үстіндегі Қатипа апай сыйлаған футболканы шешіп алып, Андрей жыртып, аяғымен таптап екен. Ызадан құлақ-шекесі солқылдаған Бақытбек Андрейге қарай тұра ұмтылып, өңешіне кенедей жабыса кетті.

Жанұшыра айқайды естіген бір топ бала арпалысып жатқан екеу жаққа қарай жүгірді. Бақытбектің қолдары Андрейдің өңешінде қасарысып қатып қалғандай, жіберер емес... Осы кезде жанына келген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Серік: «Болмашы ғана егестен басталған нәрсенің арты орны толмас өкінішке айналғанын қалайсың ба? Сен-көрген жәбірін қанмен қайтаратын қатыгез адам емессің, Бақытбек! Сондықтан жібер!» деп Бақытбекті әрең сабасына түсірді...

­­***

Қатипа апай сыйлаған кеудесінде сүйікті футболшысының суреті бар футболка Андрейдің аяғының астында тапталса да, Бақытбектің арманының қанаты қиылған жоқ.

...Бүгін Бақытбек әдеттегідей басқалардан бұрын тұрды. Тартпасынан сары пакетті алып, асықпай футболка пішіндес етіп қиып, жан-жағын степлермен бекітіп, ортасына өзі жақсы көретін сүйікті футболшының аты-жөнін жазып, үстіне киіп алды. Жүзіне дереу күлкі үйрілген Бақытбек футбол алаңқайына қарай жүгіре жөнелді.

...Өткендегі оқиғадан кейін тісін қайрап қалған Андрей де Бақытбектың соңынан ұры мысықтай ілесіп, әр қимылын қалт жібермей бақылауда. Көздері қанталап, тұла бойын айрықша батылдық билеген. Тұра жүгіріп жағасынан алуға батылы жетпейді, себебі қарсыласының күші өзінен әлдеқайда басым екеніне ана жолы көзі жетті. Бірақ... дәл қазір бірдеме ойлап тауып, шапшаң қимылдамаса, мынаның басынғаны, басқа балалардың мазағы жынына әбден тиді.

Ол алаңсыз алаңқайда доп теуіп жүрген Бақытбекті телефонына видеоға түсіре бастады. Өзінше бір тың жаңалық ашқандай ыржың-ыржың етеді. Бар ойлап тапқан айла-тәсілі сол болды. Осы видео ел арасына тараса, дұшпанының намысы жерге тапталатынына кәміл сенімді! «Пах, шіркін-ай!»

Енді бұрынғыдай жетімдер үйіндегілерге әмірі жүретініне тым сенімді, маңғаз кейіппен миығынан жымиып тұр. Таспаны түсіріп болысымен, «Пакеттен футболка тігіп киген Тимур Исмағұловтың жанкүйерінің сықпыты» деген тақырыппен видеоны дереу достарына таратып жіберді. Дұшпанын жер қылғанына сол сәтте өз-өзіне риза болды.

***

Технология дамыған заманда бұл видео телефоннан телефонға тарап, атақты футболшы Тимурға да жетті. Жетімдер үйіндегі жалындап жанып тұрған  жанкүйерін көргенде, ол бір минут та ойланбады, келіншегі екеуі бірден жетімдер үйіне аттанды.

...Қолында футбол добы мен сыйға алып келген футболкасы бар сүйікті футболшыны көргенде, Бақытбек алғашында өз көзіне өзі сенбеді. Қуанғаннан тұтығып сөйлей де алмай қалды. Қуанғаннан жүзі бал-бұл жанып, бір күліп бір жылады.  Сірә, туғалы шын қуанғаны осы шығар...

-Тимур, Бақытбек сондай ақылды бала екен! Мүмкін асырап алармыз, а?-деді Тимурдың жайдары мінезді жұбайы құлағына сыбырлап.

Бұл ұсынысты Бақытбек естігенде, не деп жауап берерін білмей, ойлануға уақыт сұрады. Кеше біреу бұған «Ертең сүйікті футболшың келіп, саған сый әкеледі, тіпті сені асырап алуға ниетті» десе, «не деп сандырақтап тұрсың?» дер еді бұл. Ал бүгін сол қиялы өмірінде іске асуда.

-Артқа шегінбе, ұлым! Бұған дейінгі көрген қиындығың-Алланың сынағы. Сен сол сынақтан сүрінбей өттің, енді сол Алланың берген мына мүмкіндігін жіберіп алмағайсың. Кеше сен Тимурдың жанкүйері едің, ертең ұлы боласың, қандай керемет! Сондықтан, ойланба, балам! –деп Қатипа апай ақылын айтты.

Сүйікті футболшысының да, келіншегі Жанардың да мінездері тамаша жандар екен,  Бақытбек соңғы жауабын бергенше, екеуі бес күн бойы үздіксіз келіп жүрді. Сол бес күннің ішінде Бақытбек екеуіне сондай бауыр басып қалыпты... Ақыры Бақытбек Тимур мен Жанарға тұңғышы болуға, үш ұлдарына аға болуға келісті...

***

Адам үнемі армандап, сол арманмен өмір сүру керек! Бірақ құр армандау жеткіліксіз, осы арманға жету жолында күні-түні тынбай еңбек ету керек! «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, сол тынымсыз еңбектің, әкесі, әрі жаттықтырушысы Тимур Исмағұловтың  арқасында бүгінде Бақытбек-атағы жер жарған футболшы. «Армандар орындалады» деген осы шығар, бәлкім...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
+1 #1 Айна 2016-03-01 18:19
:-) куштииии кандай керемет. Ширкин арбир жетим баланын осылай арманы орындалса гойййй :-?
 
 
+1 #2 Əли 2016-03-02 00:09
Керемет!!!
 
 
#3 Ляззат 2016-03-02 08:12
Анасынын баласына жасаган катыгездигине,ж урегим ауырып еди,сонында арманынын орындалганына куандым.
 
 
#4 Қарлығаш 2016-03-02 13:23
Өте керемет әсерлі әңгіме екен. Рақмет сізге Жанат ханым!!!
 
 
#5 ЖАдыра 2016-03-02 16:18
устим титиркенип кеттиго кушти окига соны жаксы битеди екен айтеуир
 
 
#6 Аида 2016-03-02 23:19
Күшті екен жылағым келіп кетті
 
 
#7 Керемет 2016-03-02 23:33
Керемет
 
 
#8 Жадыра 2016-03-03 09:35
Керемет
 
 
#9 Майра 2016-03-03 10:05
Сайт
 
 
#10 шолпан 2016-03-03 10:35
Өте керемет
 
 
#11 жанна 2016-03-03 11:06
Керемет. Тагы бир айдар ау керек екен жаксы окига туралы
 
 
#12 #12 2016-03-21 17:21
Керемет. Жетімдер жыламасыншы
 
 
#13 Индира 2016-04-17 03:23
Керемет ангиме екен бир жылапта алдым сонында катты куандым рахымет Жанат ханым :-| :-|