Отбасы бақыты үшін күрес

otbasy

Бүгін Шырынның тағы ештеңеге зауқы жоқ. Себебі ол мұны тағы ренжітті. Бұл оқиғаның сағызша созылып кете жатқанына аттай 7 жылға жуықтапты.

...Басында бәрі жақсы сияқты еді. Ол шақ Шырынның басы айналып, тұңғиықтың түбіне жете алмай жүрген ерке кезі еді. Басқа қыздар сияқты құрбыларына ілесіп би кешіне барды. Жастық жігері буынды нық бастырып, өмірге деген құлшынысты арттырып тұрған кез ол. Дәл сол кеште бүркіттің бозбалағындай, денелі Сырыммен танысты. Шырын бір көргеннен ұнатып қалса да, оны байқамағансып, биін жалғастыра берді.

-Қарындас, сізді биге шақыруға бола ма екен?-деді әлгі ақ құба, кең иықты жігіт.

 

Сол күннен бастап Сырым Шырынның өмірін күрт өзгетті. Шырынның бақыттан басы айналды, аманнан асыл үміт күтті. Бір күні Сырым 1 курста оқитын сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасайды. Екеуінің дос болып жүргеніне бұл кезде жаңадан 5 ай болған еді. Сырым қызды толық зерттеді, таныды, адал жар болатынына көзін анық жеткізді... Ал Шырын ше... ол тек сезімге ерік берді...

Міне, үйленгендеріне бір ай өтпей жатып Шырынның "Отбасын құрып, бақыт құшағына бөленемін» деген ойының күл-талқаны шықты. Кешегі сүйіктісі үйленген бетте 180 градусқа өзгеріп шыға келді. Қабағы ашылмай, ылғи Шырынды қадағалап, шектеумен жүрді. Қыз күнінде біреудің еркесі, жалғыз қызы ретінде айтқанының бәрі оң шешім тауып келгеніне үйреніп қалған байқұс қыз, дәл осындай қиындыққа тап боламын деп ойламаған еді. Сырымға әйелінің отырысы, сөйлегені, киген киімі ұнамады. «Қонаққа барғанда сөйлемей отыр, дауысың нашар. Көшеде алақ-жұлақ етпей жүр. Көзің жаман» деп құлақ етін жи берді. Мұндай дөрекі ескертулер қыз жанын жегідей жей бастады.  Ол аздай...өзін шексіз сүйеді деген жары үйленгендеріне жыл толмай, басқа қыз-келіншектерге көз қырын салатын болды. Тіпті оны Шырыннан жасырмады да! Ашық жүретін болды. Алғашында Шырын үйдегі еркелігіне салып, көз жасын көл қылып қарсылық білдірген-ді. Алайда онысынан түк шықпады. Сырым оны мүлде көзге елемей, адам қатарына санамауы үдей түсті... Шырын сол кезде өте бақытсыз еді. Сырымның бар есіл-дерті тек жаңа таныстық пен құштарлықта екенін білді.

...Осылай уақыт зулап өте берді. Шырын оқуын аяқтап, бала күнгі арманы-әншілік өнерге бет бұрды. Бұл Шырын үшін үлкен бақыт еді. Себебі оны отбасында ешкім тыңдамағандықтан, ол бар күш-жігерін өнер жолына сарп етті. Өз мамандығынан ләззат алды.  Бар махаббатын, өмірге деген құлшынысын жұмысқа салды. Шоу-бизнес саласы оңай жол емес екенін, алда ауыр күрес болатынын сезді және оған іштей дайын болды. Күресті. Барын салды. Сөйтіп бара-бара халық сүйіп тыңдайтын нағыз жез таңдай әншіге айналды.

Шырынның қызметінде «өрлеу» кезеңі басталды. Әкімдіктен, министрліктен, тіпті Елбасыдан құттықтау қағаздарын алатын болды. Бұл Шырынның өміріндегі керемет биік белестер еді.

Күні бойы түрлі түсірілім, немесе студияда ән жазады, кешке тойда ән айтады, үйіне күнде сағат оннан кете оралады. Күн астындағы күнекей секілді үйіне келген соң қарапайым әйел тіршілігі жалғасын табады. Оған түсінігі басқа күйеуінің мазасыз, мардымсыз ілікпе сөзі тағы қосылады...

«Сен оған қалай шыдап жүрсің? Өмірге сәби келмей тұрып тез арада ажырас!» деген құрбыларының кеңестері дұрыс та сияқты бір қарағанда. Бірақ дұрыс түсіну керек, құрбыларының бұған шын жаны ашиды. Себебі олар Шырынның қыз күнінде қандай болғанын біледі. Ақжарқын, ақкөңіл, өмірге құлшынып тұратын қыз жанары бүгінде сөнген шырақтай өшіп қалған...

Бірақ ол үйіне орала алмады. Әке-шешесінің жүрегіне жара салғысы келмеді. Оларды ел алдында «қызы қайтып келіпті» деген атқа қалдырғысы келмеді. Сөйтіп Сырымның барлық қорлығына шыдауға тырысты. Себебі ол күйеуін шын сүйді. Қасында Сырым болса, оған сол да жетеді. Екеуі махаббат, сезім жайлы мүлде жақ ашпайтын. Айтса, басы бәлеге қалады. «Неге бұл тақырыпты қозғайсың? Бұзылайын деп жүрген шығарсың? Әншілердің көбі біреудің екінші, үшінші әйелі. Соларға еліктейтін шығарсың мүмкін» дегендей лас сөзімен жүрегіне жара салады. Сондықтан пәк сезімін Шырын жүрегінің түкпіріне тығып қояды, тек оны үнсіз сүйді. Білдірмеді.

Бүгін екеуі кешкі асты тағы үнсіз ішті. «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» деген осы болар... Сырым жылдам ішіп тұрып кетті. Әдеттегідей. Ал Шырын дастархан басында жалғыз қалқиып қала берді.

Төсекте...Сырым ары қарап ұйықтап жатыр. Шырынның нәзік қолдары оның арқасынан сипалап, аймалап құшқысы келеді. Абайсызда қолының ұшына ерік берсе, күйеуінен ауыр сөз естіп,  түнімен жылап шығатынын жақсы біледі...  Сондықтан бұл да теріс қарап жатады... Бұл әйел үшін нағыз қорлық дерсің! Жап-жас келіншек үшін қасында күйеуі жата тұра,  түнді жападан жалғыз өткізу қандай қиын екенін ешкім де сірә түсінбейтін шығар! Ал таң атқан соң әдеттегі күйбің тіршілік басталады. Өшін қызметінен алған Шырын бар күш-жігерін жұмсады.

***

Жылдар өте Сырымның әйеліне деген көзқарасы өзгере бастады. Бұрынғыдай сауық-сайран құрғанды қойды. Қыз-келіншектің бәрінен ләззат алып бітті... Күнде үйіне қонатын болып жүр. Шырынның еркін, өзіне нық сенімді қадамдары оны  ойландыра бастағандай. Дәл сол кезде ақылына көркі сай сұлу Шырын атағы жер жарған халқының қызына айналды. Яғни Шырынның ұзақ жыл сақталған балдай тәтті шарапқа айналғанын өзі байқамаса да, Сырым байқап жүрді. Келіншегінің  ақша жүзіне ұзақ қарап, «сен сондай сұлусың» деп жиі айтатын болды. Бұрынғыдай емес, дөрекі мінезін  қойып, келіншегін таңғалдыруға тырысатын болды. Шырынды қызғанып, жиі қоңырау шалатынды шығарды. Әйелін өзіне қарату үшін барын салды. Себебі күнде концерт, той, толастамайтын телефон қоңыраулары, Шырынның уақыты тығыз еді, үнемі ел іздейді де жатады. Бұл Шырынның қоғамдағы орны қандай екенін көрсетті...

Сырым келіншегіне енді ғашық бола бастағандай. Күнде бір жаңалық ойлап тауып, қуантатын болды. Мейрамханаға шақырып, кешкі асты екеуі сол жерде ішеді, театрға жиі барады.

Иә, Сырым көзіне шөп салды. Талай ренжітті. Бірақ Шырын шыдады. Кешірді. Ақырында... жеңді.

Сөйтіп көп ұзамай екеуі ұлды болды. Шырын бүгінде нағыз бақытты әйел!

Р.S. Әйел бақыты деген не? Ол- отбасылық тыныштықта, берекеде, ана болуда, сүйікті қызметте! Осы тепе-теңдік бұзылса, жаныңыз жараланды дей беріңіз.{jcomments off}