Әкем жайлы

papaАдам бойындағы ақыл мен сезім егіз қасиет бола тұрса да, біреуде ақыл, біреуде сезім басым, кейде бұл екеуі бірдей күшті адамдар да болады. Әлбетте, екі қасиет қатар дарығаннан артық не бар. Осындай «екі асылдың қайсысы жақсы?» деген сұрау туғанда кесіп жауап айту қиын сияқты, себебі ақыл жетпеген нәрсені адамның сезігі оп-оңай білдіретін кез болады. Ал жалаң сезімнің әуеніне еріп кете берсең ұстамсыздықтан туатын қапылыққа қаласың.

   Ақыл, сезім қатар ұялаған көкірек ол «дара жаратылыс». Тек осының күші кімде аз, кімде басым, міне, әңгіме сонда жатыр. Жүйрік сезімі алыстағыны орап әкеліп берсе, сезім жемісін ақылымен қорытып өткенде ақын жырынан кереметтер туады. Жолдығали Бақытов сезімін ақылына суарған данышпан ақын.

Поэзия арқылы парасатты оқырмандардың жүрегінен орын тауып, оның сүйіктісіне айналу, өлеңінің “өміршең” болуы әр ақынның арманы-талант, бақыты ғой. Дарынды ақын – ұлт болмысы. Бірақ бұл бақыт кез келгеннің уысына түсе бермейтіні баршамызға белгілі. Негізінен дарындар өнермен ғана өмір сүріп, ғұмырын соған қияды, нәтижесі белгілі ғой, шынайы азап, жан құлшынысы... Бірақ бұл бекерге кетпейді, оқырманға, артыңдағы ұрпаққа мәңгілік өшпес мұраң қалады.

Әрине, әр ақынның өзіне лайық қасиет - ерекшелігі бар. Асылы өз өз қолы жоқ адамды ақын, жазушы деуге мүлде болмайды да. Атын атамастан сөз саптауына қарап «мынау ана жазушының шығармасы», не «ана ақынның өлеңі» демейтін болса, оны ақын деп те қажеті жоқ. Осындай даралық әкем тұстас ақын, жазушылардың бәрінде де байқалады. Әкем Жолдығалиды қасиеттей отырып «ол бәрінен артық еді» деуден аулақпын әлбетте, мәселен Мұқағалиды атын естіместен өлеңіне қарап «бұл М.Мақатаевтікі» деп танимыз, демек ол өз қолы, өз орайы бар ақын деген сөз. Бірақ біз үшін Жолдығали Бақытовтың орны өз алдына жеке тұр. Ол да өзінше дара, өзінше ерекше.

Әкемнің қайтыс болғанына бір жыл толды. Қазақ поэзиясы үшін Жолдығали Бақытовтың қазасы өкінішті қаза болатын. Әкем тым ерте кетті. Творчествоның ауыр да қиын азабы көп сәбилік, жастық шақтарынан өтіп келіп, даңғыл жолына түсіп, пісіп жетілген ең қадірлі кезінде ақын жүрегі кілт толастап қалса қандай өкінішті... Ол әлі де талай құнды еңбектер беретін еді-ау! Бергенінен беретіні көп еді-ау! Айтылмаған есіл асыл жырлары өзімен бірге кетті-ау! Өкінішіміз де осы ғой'. Алпыстың ішіне енді кіре бергенде ажалға тап болатынын жүйрік сезім талай жыл бұрын айтып берді ме екен, әлде алпысты соншама бір көп жас деп кәріліктен ерте сақтанды ма, әйтеуір, әкем марқұм өлерінен бір өлеңінде:

Қиындығын көрген сайын өмірдің,

Амал қанша, күштілерден жеңілдім.

Жүрген сайын мына жердің бетіңде,

О, сұм жалған, мен өзіңнен түңілдім, - деген-ді.

        60 жас кәріліктен едәуір алыс жатыр. Ол алпыс екіден Пайғамбар жасқа қарай бергенде қайтыс болды. Ауру қатты айналдырмай тірі болып, ең болмағанда сексенге жеткенде ол өмірдегі қанша қызықты көретін еді. Әлі де қанша немере, шөбереге ата болар еді-ау! Аянышымыздың бірі осы.

Әрі өкінішті, әрі аянышты ауыр қазаның белгілі жұбанышы да бар.

Әрі өкінішті, әрі аянышты ауыр қазаның белгілі жұбанышы да бар.

«Кей адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», -

деген Абай сөзі әкемнің қазасына арнап айтылғандай.

Жолдығали Бақытовтың атын атасақ, бәрінен бұрын оны өсірген заманын, өскен ортасын айтпай өте алмаймыз. Себебі ақынды заман туғызады, ортасы өсіреді.

Әкем 1949 жылы 7 қарашада Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Көздіқара ауылдық Советінде туған. 1957-1960 жылдары Гурьев қаласындағы Ә.Жанкелдин атындағы орта мектепте оқып, ал 1967 жылы Қызылқоға ауданындағы Жаңашаруа орта мектебін бітіреді. Орта мектепті бітірген соң еңбек жолын 1967 жылы «Коммунизм туында» әдеби қызметкер болып бастайды. 1968-1970 жылдары Совет Армиясы қатарында жауынгерлік борышын атқарады. Ал 1970 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1975 жылы бітіріп шығады. Сол жылы жолдамамен Гурьев облысының Қызылқоға ауданына жіберіліп, аудандық «Коммунизм туы» газетінде 1978 жылға дейін жауапты хатшы, ал 1978-1989 жылдары редактор болып қызмет атқарады. Осы ауданда қызмет істеген 1980-1989 жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық Советтің депутаты болып бірнеше мәрте сайланады.

1990 жылы Алматы қаласына көшіп келіп, «Қазақстан мұғалімі» газетінде бөлім меңгерушісі, ал 1991 жылдан 1994 жылға дейін жаңадан ашылған «Атамекен» газетінде жауапты хатшы, 1995 жылдың қаңтарынан осы газеттің бас редакторы болып қызмет істейді.

1976-1991 жылдары СССР Журналистер Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі (1995 ж.) Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты (2000 ж) атанады.

Меніңше, әкемнің творчестволық үш мектебі болды дер едім. Бірінші мектебі - халық қайнары, екінші мектебі - әдебиет классиктері, үшінші мектебі - ең Үлкен Мектеп-Большевиктік баспасөз. Әрине, жаратылысында дарыны жоқ адам қанша төпелегенмен ақын болмайды ғой, оған ешкім де дауласа алмас. Әйтсе де ақынды өсіретін, жетілдіретін өз заманы, ортасы, өмірден оқу, тоқу. Тап осы жөнінде көп жылдар баспасөзде қызмет ету әкеме шын мәнінде мектеп болды.

     Бала күнінен «Қазақстан пионері», «Коммунистік еңбек», аудандық «Коммунизм туы», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде өлеңдері жарияланып тұрды. Және соңғы демі үзілгенше  газетте қызмет етті. Газетте қызмет етудің пайдасы көп. Бір мақала жазудың өзінде қанша материалды ақтарып, қаншама ойлар кешіп, пікіріңді түйіндеп аласың. Бір мәселе жайында ойланып келген түйініңді кейіннен кестеге, бейнеге айналдырсаң көркем шығарма туып қалуы ғажап емес. Иә бір очерк, иә бір фельетон материалдарынан да үлкен шығармаға негіз төселуі мүмкін. Оның үстіне газет жұмысы іскерлікке, ел өмірін неғұрлым жақсырақ білуге талпындырады. Әкем жас күнінен осындай іскер болып ержетті. Жарияланған бас мақала, очерк, ия фельетон, сын макала өз алдына, хат қорыту, аудармамен де жиі шұғылданып, газеттің кәдімгі «қара жұмысын» жалғыз атқарды. Келелі жиындарда да, ел арасында да көп болды. Оның бәрі әкемді ел өмірімен, партияның алға қойған ұлы мақсаттарымен тығыз байланыстырды. Осының пайдасын көріп, тез өсті.

Әлемде қанша адам болса, сонша түрлі мінез болады ғой. Әкем ерекше дарқан, өзі жөн деген жақтан аумайтын бірбет, кезі келгенде оны-мұныға қарайламайтын ақ көңіл де аңқылдақ, сәби мінезді тұлға еді. Мансап, дүние, ақша, алтынға қызыққан адам емес. Таудан аққан мөлдір бұлақтай көңілі пәк, таза еді. Бұл өмірдегі бар байлық пен жақұт ол үшін - кітап, ақ қағаз бен сия болатын. Мен дүниеге келгеннен бастап көргенім - әкем жинаған сан түрлі әдеби, көркем кітаптар. Кейін естияр шақта, сол кітаптарды парақтап отырып, барлығының ішінен қарындашпен белгіленген әкемнің кейбір түртпелері, пікірлері жазылғанын көрдім. Осыдан айтпағым, әкемді ұлы ақын жасаған тек қана оның Алла берген тума дарыны ғана емес, оның сол дарынды ұштаған, өз бетінше оқу арқылы жетілдіре түскен ізденгіштігі, зор еңбекқорлығы, болашақта өз сыбағасы барын біліп, өз тағдырын өзі болжағандығы секілді болып көрінеді маған.

Әкем Жолдығали Бақытовтың мұрасы келер ұрпаққа аманат болып қалатынына сенімім мол. Ақын өмірі уақытпен, замана екпінімен өлшенбейді ғой. Жаным жабырқағанда әкемнің өлеңдерін оқысам, күйзелістен бір сәт арылғандай боламын. Жалпы, ақын-жазушылар ұрпақпен бірге жасайды. Мен мұны Жолдығали Бақытов әкем болғандықтан емес, артында қалдырған шағын болса да салмағы зор шығармашылығы қалғасын айтып отырмын. Әкемнің көзі тірісінде санаулы кітаптары жарыққа шықты, ал өзі дайындап кеткен соңғы еңбегі өкінішке орай, шығып үлгермеді. Міне, әке аманатын өмірлік асыл жары,  ұл-қыздары мен немерелеріне іске асырудың сәті келді.

Әкеме “ақындық” қасиет бергені үшін Аллаға мың да бір рахметімізді айтқымыз келеді. Себебі кітаптарын оқып отырып, бізге теңдессіз зор байлық қалдырып кеткендей көрінеді. Тірнектеп байлық жиғанша, артыңдағы ұрпаққа мәңгілік мұра қалдырғанға жетері жоқ. Бүгін де қаламсап, кітап, қағаздары сол бұрынғы орындарында тұр. Бірақ өзі жоқ. Егілуге қақымыз жоқ, себебі әкеміз халқының жүрегінде мәңгі тірі болады. Ол өлмейді, оныкы де өлмек емес, өйткені оның тастап кеткен мұрасы Мәңгі жасайды!

Жанат Бақыт ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ.

 


 

40 жыл, 4 ай, 14 күн

Жолдығали-1949 жылы 7 қарашада Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Көздіғара ауылдық Советінде дүниеге келген. Балалық шағы өзі қатарлас балалар сияқты тағдырлы, соғыстан кейінгі қиын жылдарда өтті. Қарапайым отбасында анасы Балхаш шешеміздің қамқорлығында, оқуын интернатта оқыды. Балалық шағын Тайсойған, Бүйрек құмды өңірінде яғни, Ақкөл, Қасан, Түлкібай, Ес,Тұз, Қарашбай, Тұмар, Ысқақ, Қосан, Көкөзек, Жусандыой т.б. жерлерде оқи жүріп, жазғы демалыста пішен бригадасында прицепщик болып, 5-6 сыныптан бастап жұмыс жасап өткізді.

Жаңашаруа орта мектебінде оқу озаты, үлгілі оқушы бола жүріп Оңғарбаев Серікбай, Үсенов Сауғабай, Бахонов Кенжетай, Қуаныш Кәдірше, Құрманғазы, Галя, Ұлмаш, Шара т.б. ағай, апайлардан тәлім-тәрбие алды. Батырғазы, Рамазан, Кеңес, Қаршыға, Мағзом, Жүсіп, Қарасай, Айдын, Қылыш, Хасан, Смағұл, Тасболат, Әсет, Мұрат, Ермек т.б. балалармен, Ағипа, Ұлмерек, Шолпан, Дәржан, Гүлбаршын т.б. қыздармен бірге оқып, мектепті бітірді.

Құрылыс, Мергенғали, Нұрбай, Ерболсын, Нығмет, Өтеген, Лес, Сүйеуғали, Рахмет, Зина, Рабиға, Жәкеш, Қибат, ағайын әрі іні достары Болат, Сағат, Демеуғали т.б. ұл-қыздармен бірге ойнап-күліп, замандас болды.

1966-67 оқу жылы мектеп бітіріп, КазГу-дің «журналистика» факультетіне құжат тапсырды, бірақ баллы жетпей түсе алмады. Сол жылы аудандық «Коммунизм туы» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасты.

Бұл газетке бала күнінен мақала, өлеңдерін жіберіп, әжептәуір танылып та қалған болатын.

Қаламдас ағайларымен, яғни Т.Ысқақов, Т. Ахметова, Қ. Сағиев, Ә. Қосанов, Ә.Жанғазиев, А. Наурызғалиев, Т.Жаңабаев, М.Хайруллин т.б. бірге жұмыстас болып, көп тәжірибе жинақтайды.

1968 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылып, 1970 жылы бітіріп келді.

1970-75 жылдары КазГУ-дің «журналистика» факульте­тін­де оқыды. Курстас замандастары да осал болған жоқ. Мысалы, С.Абдрахманов, М.Мажитов, Т.Сәукетаев, С.Мағзұмов, З.Әбдешов, К.Бахриденов, М.Сермағанбетов, Е.Сағатов, Б.Шубаев, Н.Жүнісбаев, Ш. Құттаяқов, т.б. мақтанарлықтай, елдің бетке ұстап азаматтары.

1975 жылы университетті бітірген соң отбасы жағдайына байланысты (сол жылы анасы қайтыс болды, әйтпесе басқа курстастары сияқты Алматыда қалар ма еді...) Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетіне келіп, әдеби қызметкер, жауапты хатшы болады. 1978 жылы 29 жасында газетке редактор болып сайланды. Осы, яғни 1978-89 жылдары І.Нұрқасымов, Ә.Төлеуішев, Ж.Жанқуатов, Қ.Бейсенбаева, С.Қаражанов, Х.Әубекеров, Х.Ізекенов, Л.Жолдиев т.б. журналистермен, баспахана басшылары А.Бисембаев, Ә.Шудабаев және М.Нәлиева, З.Бишекина, К.Беркенова, С.Жайлыбаева, Гүлжан, Дәржан Бекхожиналар, Ш.Сұлтанғалиева, Е.Қайырова т.б. баспахана қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс істеді.

1980-89 жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болды. Ауданда өткен осы жылдар Жолдығалидың «жұлдызды жылдары» болды. Хатшылар С.Сүйінов, М.Жарылғағанов, Т.Тілегенов, Ж.Нақпаев, А.Досалиев, О.Абдолова, Е.Нұршаев, М.Орынбаев, Ж.Ізбасқанова, К.Карин, Н.Шәутікенов, М.Бейісқалиев, К.Танкиев, Т.Таласбаев, О.Ағырапов, совхоз директорлары С.Омаров, С.Мұқанов, С.Шынтасов, А.Декеев, Р.Дауылбаев, О.Жанықұлов т.б. партком хатшылары Қ.Хасанов, М.Қажығалиева, Р.Құрманғазиева, Ғ.Зинуллин, Ғ.Тастаев, Ұ.Алпанов, Қ.Өтеулиев, И.Тұрлыбаев, А.Мамашев, Ш.Қонысбаев, маман-кадрлар Г.Кенжебекова, Д.Абдолов, А.Шоқанов, Б.Көбенов,  Т.Балғынбаев, Т.Бермағанбетов, Қ.Шомажанов, Б.Досжанов, М.Асанғалиев, С.Досжанов, Х.Абдырахманов, С.Дүйсалиев, М.Мырзағалиев т.б. азаматтармен бірге ауданның абыройы, өркендеуі үшін жұмыс істеді.

Өзі 11 жыл редактор болған аудандық «Коммунизм туы» газетінің аты 1989 жылы өзгергенде де конкурс жарияланып, сонда Жолдығалидың идеясы бойынша, ауданның атымен газет «Қызылқоға» деп аталған. Оған куә - сол кездегі редактор Нұрлан Қабылов берген «Қызылқоға» деп жазылған сувенир үйде сақтаулы тұр.

Жолдығали үшін жалғыз апасы Жібек апам мен жездесі Дәулет ағамның орны бөлек еді. Бала кезінен қамқор болып, оқытып, үйлендірді. Балалары-Нұрлан, Асан, Ерлан, Тұрлан, қыздары-Қорлан, Айбарша, Кенжегүлге амандық тілеп, үнемі тілектес болып отыратын. Апам мен жездем осы балалары мен қыздарынан немере, жиен немерелерін көріп, өсіп-өніп отыр. Кіндік қандары тамған туған жерде тірлік кешуде.

Мақат кентінде тұратын жалғыз інісі - Жолдасқалиға да тілектес еді. Келініміз Оңай екеуі біздің ізімізді басып, Рафаэль, Гаухар, Марат атты ұл-қыздарынан немере көріп отырған жайлары бар. Олар да 60 деген жасқа келіп қалыпты.

Тайсойған елді мекенінде тұратын бажасы - Әбу мен қайынбикесі (апам) Бақтылыны да ерекше көретін. Олар Кеңес үкіметі кезінде мал бағып, сонымен қатар өздері 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір зейнеткерлік демалыста ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп отыр.

Атырауда тұратын үлкен ағамыз Наханның және жиен сіңілім Жұманың, күйеу баламыз Мейрамның және құда-құдағи, құдаша, құда балалардың да амандықтарын біліп, хабарласып тұратын.

Сонымен бірге бүкіл Есназар руынан тараған ағайындылардың басы-Мыңбай ағамыз, Өтеуғали, Серікбай, Өтеген (марқұмдар), Демеуғали, Ақыл, Сая апаларымыздың, Нұржау жеңгеміздің т.б. айтылмай қалған ағайындардың ол үшін орны ерекше еді.

Құрметті оқырман! Осы қысқаша естеліктің аты неліктен 40 жыл, 4 ай, 14 күн деп ойлауларыңыз мүмкін?!

Біз Жолдығали екеуміз 1965 жылы таныстық, яғни 1965-66 оқу жылдары 9-сыныпты бірге оқыдық. Тайсойғанда, Қарабауда орта мектеп жоқ болғасын Райгородокқа, яғни Абай атындағы совхозға 9-сынып оқу үшін бірнеше ұл-қыз барғанбыз. Сонда 1-2 күн оқыдық па, әлде оқымадық па, бізді бір орта бойлы, қасы қалың, орта бойлы ағай басқа мектепке алып кетті. Онда 9-10 сынып оқитын оқушылар керек екенін айтты. Ол кісі-мектеп директоры Сауғабай Үсенов ағай екен.

Сонымен өмірі көрмеген, білмеген «Жаңашаруа» орта мектебіне топ ете түстік. «Комсомол» совхозы деп аталады екен.

Әрине, интернатта жатамыз. Тайсойғанда да интернатта болғанбыз (үй-ішіміз мал бағады ғой). Сонда бізден бұрын келген Сатыбалды деген қыздан сыныпта қандай оқушылар оқитынын естіп білдім.

Мектептің белсендісі - Жолдығали деген баланы ерекше атады. Жақсы оқитынын, өлең шығаратын ақын екенін баса айтты.

Қарасам, қалың шашын артына қайырған, ақ көйлек, қысқа шалбар киген (ол кезде «сәнді»), орта бойлы сары бала екен.

Сонымен оқу басталды да кетті. Сабақ оқу, түрлі үйірмелер, олимпиадалар, спартакиада дейсің бе, түрлі шаралар көп өтетін.

Мектебімізде дәлізде радио торабы жүріп тұратын. Одан үнемі менің әнімді үзілісте беріп тұрды (жақсы ән салатынмын).

Осы ән өнері мен ақындық жақындастырған болу керек бәлкім, екеуміз дос болдық. Жолдығали өзі күндіз түсірген фотоларын түнімен шығаратын, таңертең терезеде кептірулі тұрған суреттерді көріп қызықтайтынбыз.

«1 май» мерекесінде «вечер» жасаймыз деп әбден ұрыс естіген кездеріміз де болды. «Біздің өзіміздің қыздарымыз тұрғанда «активист, ақын баламызды» айналдырып алды, мектептен шығару керек» деген ағай-апайларымыз да болды (мен бір шетелден келгендей-ақ).

Сонымен екеуміз «Ләйлі мен Мәжнүндей» болып жүрдік. Балалық пәк, тап-таза махаббатпен бір-бірімізді сүйдік. Бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтынбыз. Сабаққа бірге дайындалатынбыз. Көбіне «сызу» сабағындағы сызбаларды екеумізге мен сызатынмын, және математикадан есеп шығаратынмын (ол сол сабақтарға шорқақтау еді).

Келесі 1966-67 оқу жылында Қарабаудан орта мектеп ашылып (аудандағы Н.Крупская атындағы мектептің филиалы), 10-сыныпты мен сол жақтан оқыдым. Ол мектепке де келіп тұратын (мақала жазуды сылтау етеді ғой).

Сол оқу жылы республикалық оқушылар олимпиадасына бірге қатыстық. (Ұлы Октябрь Революциясының 50 жылдығы).

Ал мектеп бітіргесін Алматы қаласына бірге оқуға бардық. Ол КазГУ-ге, мен-ЖенПИ-ге құжат тапсырдық. Сол жылы баллымыз жетпей, түсе алмай қалдық.

Қадірлі оқырман! Сонымен Жолдығалидың осыдан әрі қарайғы жылдарында жүріп өткен жолдары жоғарыда қысқаша айтылды ғой деймін.

Жолдығали екеуміз 1971 жылы 11 қарашада ол - 22, мен - 20 жасымызда үйлендік.

Ерлі-зайыпты өміріміз көзді-ашып жұмғанша өтті де шықты. Өзі осы оқиғаларды естелік кітап қылып жазар ма еді, оған соңғы 2-3 жыл көлеміндегі «жүрек» сырқаты дес бермеді, шыдатпады.

Жолдығалидың өмірінің соңына, яғни  2012 жылдың 25 наурызына дейін 40 жыл 4 ай 14 күн бірге ерлі-зайыпты өмір кешіппіз.

Отбасылық өмірімізге шүкіршілік етеміз, 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Ұлдарымыз - Алмат, Асхат, отбасылы, жұмыстарында. Келініміз-Айжан, немерелеріміз-Жаннұр, Тоғжан, Ернұр, Жанерке есімді болашақтарымыз өсіп келеді.

Қыздарымыз-Жанар-мұғалім, одан Зарина, Айбек, Арнұр, Айнұр есімді жиен немерелеріміз, ал қызымыз Жанат-тележүргізуші, әрі әкесінің ісін жалғастырушы (газетін шығарып отыр). Күйеу баламыз Ершат екеуі Алдияр есімді жиен немеремізді өсіріп отыр.

Құда-құдағиларымыз-Ұлжалғас, Мұхтар, Мұхаметқали-Түнетай (Мұқан-Таня) да аман-есен, ұл-қыздарын өрбітіп, одан немере, шөберелер сүйіп отырған жайлары бар.

Құрметті оқырман, ағайын-тума! Осы кітапты өмірлік жарым Жолдығалидың 1 жылдық ас беру рәсіміне орайластырып шығарып отырмыз.

Кітапты Жолдығалидың көзіндей, өзіндей көріп, ұмытпай, еске алып жүреді ғой деген үміттеміз.

Өзінің көзі тірі болғанда бұдан да мазмұнды, сапалы болып шығар ма бәлкім?!

Жолдығали! Жаның жәннатта, топырағың торқа болсын! Алдың пейіш, артың кеніш болып, әруағың бала-шағаңды қорғап, қолдап жүрсін!

Жұбайың Күнжан Сұлтанғалиқызы.