Табиғат

 ТАМШЫЛАР

Бадана көзді тамшылар,
Тұрағыңның басы бұлт.
Кеудемде жүрген ән шығар,
Сендерге жеткен асығып.

Шаң басқан жерді селдетіп,
Тазалып жатсың, аяулым.
Мен бүгін таңда селк етіп,
Даусыңнан сенің ояндым.

Лағыл моншақтай мөлдірер,
Тамшылар-көздің жасындай.
Жапырақ-жаным желбірер,
Тұра бер мейлі ашылмай.

Даланың кіріп ажары,
Бұлақтар алға бұлқынсын.
Жалғассын өмір базары,
Табиғат түгел құлпырсын.

Оянды бүгін жалынды,
Кеудемде жүрген мың сан ой.
Көп ойдан кейде жанымды,
Тазартып кейде тұрсаң ғой.


КӨКТЕМ ӘУЕНДЕРІ

Соңғы қарлар еріді қырқадағы,
Көктен жиі жып-жылы нұр тамады.
Көктем өзі талантты композитор,
Соның әні далада шырқалады.

Сырын шертіп ақ қайың сыбдырлаған,
Биші қыздай бұлақтар сылдырлаған.
Көктем-шебер дирижер, дала- оркестр,
Алуан дауыс төсіңде сыңғырлаған.



ТАҢ АТҚАНДА

Жапырақтың жанарына мөлдіреген толып шық,
Таң келеді сылқым сұлу арулардай толықсып.

Қараңғылық бара жатыр жақұт нұрға тұншығып,
Бар дүние күлімдеді қарағанда күн шығып.

Күншығыстан көтерілді күрең қызыл жалыңдар,
Көк теңіздей көлбең қақты көкжиекте сағымдар.

Алатаудан қарғып түсіп еркетотай ақ бұлақ,
Сылқ-сылқ күліп алға қарай бара жатыр шапқылап.

Сыбдырлаған қайыңдарға қарауға көз тоймайды,
Сыңғырлаған таңғы ауаны түртіп жел-қыз ойнайды.

Таңғы дыбыс қалды бір сот тыныштықты шайқап ап,
Шыңдар жатыр қайта-қайта сол дыбысты қайталап.

Саған күнім қарап түрып, ақ нұр ойнап өңімде,
Таң боп атқым келіп кетті мөлдіреп бір менің де!



ҚҰЛПЫРДЫ ДАЛА

Бусанып дарқан жер деген алып жарықтық,
Қылтиып шықты қырлардың төсін жарып бүк,
Мөлдіреп лағыл моншақтар жауды-ай төгіліп,
Көктемнің аппақ жаңбыры жерді қарық қып.

Аймалап беттен елжірей сүйіп жел өпкен,
Нұрланып дүние албырап кетті кенеттен.
Қыз-қайың жарды бүршігін аппақ баудағы,
Күмбірлеп кеуде жыр ұшып шығып жүректен.

Сыбызғы орман сыбдырлап әсем ән салып,
Мөлдіреп жатыр көл көкке қарап тамсанып.
Шаңқанбоз дала көк ала кілем жамылған,
Қуанып жатыр қасиетті көктемді қарсы алып.

Сәуірдің сұлу сүмбіле шағы көкпеңбек,
Ақ ұлпа қарлар тау бастарына шөккен кеп.
Жайықтың үстін қиқулап әнге толтырған,
Қаңқылдап ұшқан үйрек пен қазы неткен көп.

Сұлу күн күліп, ақ сәуле көкте тұр тұнып,
Бұлақтар алға барады ән сап бұлқынып.
Балбырап дүние, көктем кеп ой-хой, шіркін-ай,
Бусанып жатыр, шаңқанбоз дала құлпырып.

***
Күн көкке көтерілді шашып сәуле,
Қызғалдақ гүл қауызын ашып әуре.
Кірпігін азар-азар қимылдатып,
Түн кетті көкжиекке қашып зәуде.

Армандай таңның аппақ құшағынан,
Құшағынан тербеліп ұшады ән.
Сағынған күннің алтын арай нұрын,
Аймалап еркін өбіп құшады маң.

Көкжиекте сағымдар тербетілген,
Көк көлдің аумай қалған келбетінен.
Күн шығып кең далаға жатыр тарап,
Таң болып келген шаттық жер бетінен.

***
Бөленіп мұңға жаным мың,
Ақ таңда ақ нұр жамылдым.
Қай жақтан келіп табылдың,
Ару Май, сені сағындым!

Даламда бүгін сан қилы,
Гүлдердің исі аңқиды.
Ақ шәлі бұлттар қалқиды,
Әсем ән көкте шалқиды.

Сұлу күн көкте елжіреп,
Өбеді беттен жел жібек.
Көшеге шықты гүл-қыздар,
Орамалдары желбіреп.

Сұңқарым менің, бармысың,
Ән шырқа көңіл шалқысын.
Көп айтар саған алғысым,
Ару Май, сәлем армысың!

***
Күн күлді мөлдір,
Бұлқынды өмір,
Көкорай көктем кеп.
Былдырлап бұлақтар,
Сыбдырлап құрақтар,
Нұр жайды көктен көп.

Кең дала түрленді,
Қайыңдар бүрленді,
Өзендер тасыды сарқырап.
Есті де жаз лебі,
Қаңқылдап қаз келді,
Көл беті айнадай жарқырап.

Қырларға гүл шығып,
Құлпырды тіршілік,
Төгіліп нұр көктен.
Жасампаз даланы,
Жайнатып барады,
Көгілдір гүл-көктем!

***
Ағала қар шыңның басын құрсаулап,
Сүңгі-сүңгі көк мұздардан нұр саулап.
Тауға көктем келе жатыр жан-жақтан,
Қыс ызғарын жылы ауамен қоршауға ап.

Ойдым-ойдым қырдың бетін бұрғылап,
Бұлақ шауып бара жатыр құлдырап.
Қырға көктем келе жатыр көк жүзі,
Қайта-қайта қабақ түйіп тұр жылап.

Көрі-құртаң қыс барады тұнжырап,
Жап-жас көктем келе жатыр жыр жырлап.
Кәріні жас ауыстырып-табиғат,
Осылайша өмір алға жылжымақ...



ЖАҢБЫРЛЫ ТҮН

Шайнап от аспан жатыр күркілдесіп,
Жөңкіген бұлт желменен жүр тілдесіп,
Сыбырлап бала қайың қозғалады,
Мөлдіреп жатқан көлмен күңкілдесіп.

Төбелер мұнартады көлбеңдеген,
Көк тұман қонақтады көлге төмен.
Тыншыды аспан ақ жаңбыр төгіп кеткен,
Тыныштыққа шақыра келген білем.

Ақ тамшылар аймалап қыр гүлдерін,
Әдемі боп жайнап кетті түн керім.
...Дала шаңын бір тазартқан ақ жаңбыр,
Тазартсаң-ау көңілдің де кірлерін!..



НӨСЕР

Заңғар көктен көкжиекке күн ауып,
Жабағы бұлт қаптап кетті бір ауық.
Жерге түсті бадана көз тамшылар,
Өксіді көк жас баладай жылауық.

Елемей түк табиғаттың бұл сынын,
Меруерт қол жатты иіріп ұршығын.
Тамған тамшы сүйді келіп аймалап,
Ақ қайыңның жаңа ашылған бүршігін.

Жел итеріп кетті бұлтты ықтырып,
Қала берді шөп басына шық тұнып.
...Кетсін бұлттар, әйтеуір бір жауды ғой,
Бір жауудың өзі қанша мықтылық!..



БҰЛТТАР-АЙ, БҰЛТТАР

Бұлттар-ай, бұлттар тулайды,
Аспанның алып тынышын.
Шетінен шарпып турайды,
Найзағай сілтеп қылышын.

Жабағы бұлттар жабырқап,
Жөңкіліп қайда барады?
Көк аспан асты шатырлап,
Көзінің жасы тамады.

Қарайып келсе сесі бар,
Бәрібір алыс ықты ғой.
Жел итереді, несі бар,
Мықтының аты мықты ғой.

Бұйрабас бұлттар зулаған,
Мұңыңды кімге шағасың?
Қара ормандар шулаған,
Тамшы боп қана тамасың.

Жылайсың биік жүрсең де,
Көзінің жасын төгесің.
Төбеден жерге төсең де,
Бәрібір жерге сіңесің...

Бұлттар-ай, қайтсын тулайды,
Аспанның алып тынышын.
Шетінен бірақ турайды,
Найзағай сілтеп қылышын.

Күшті боп бүгін көрінсең,
Ертеңге бірақ кім ие.
Өзгеріп тұрар, білгін сен,
Аума да төкпе дүние...



АУЫЛ ТҮНІ

Ақ мұнарға батқан түнгі тылсым көк,
Тұр екі жас жүректері дүрсілдеп.
Ай төбеде мөлдірейді Ғашықтар,
Бір-біріне адал бола білсін деп,

Жұлдыздар да жымың қағып тынбастан,
Мөлдірейді қара барқыт түнгі аспан,
Сыбдырлайды ақ балтырлы Қайыңдар,
Сылдырлаған бұлақтармен сырласқан.

Биік таудың түн жасырып өркешін,
Бозғылт мұнар орап алған жер төсін.
Күні бойғы жұмыстан соң
Тыныстап,
Жатыр дала жамылып ап көрпесін.



ТУҒАН ЖЕР

Асқар таудай артқан маған ел сенім,
Арманшыл бір ұлың едім мен сенің.
О, туған жер, өскендігін бойымның,
Сенің заңғар биігіңмен өлшедім.

Кеудемде көп жалын артқан бар арман,
Сенің байтақ дархандығыңнан жаралған.
Бойымдағы жалындаған махаббат,
Сенен менің тамырыма таралған.

О, туған жер, алыс кетсем елеңдеп,
Асығамын қашан сені көрем деп.
Тұрсам деймін мөлдіреген көгіңде,
Өзің жайлы жазылған бір өлең боп...

***

О, кең далам, жасыл далам, боз далам,
Сен бір кілем өрнектерің тозбаған.
Магнитсің, қай қиырда жүрсем де,
Саған ұшам, саған қарай қозғалам.

Көкжиегің көк теңіздей көлбеген,
Көк аспаның көркем кесте зерлеген.
Бұлбұлдарың әнге салып думандап,
Айналаны шат әуенмен тербеген.

Қашан келсем көк шалғының жайқалып,
Сыбдырлайды теректерің шайқалып,
Сылаң қағып ақса өзенің мөлдіреп,
Жағалауды ұрған толқын қайта ағып.

Сыбдыр-сыбдыр жамырасып құрақтар,
Былдыр-былдыр жүгіреді бұлақтар.
От жүрегім сағыныштан өртенген,
Саған келсе тыным алып тұрақтар.

Туған далам, сайран далам,боз далам,
Саған деген от жырым көп жазбаған.
Сенің арқаң жанып дойім тұрса егер,
Жүрегімнің шаттық оты маздаған.

***
Сенсің менің бар байлығым, қазынам,
Саған ғана өтеді айтсам базынам.
Мен ауырсам дәрі емес мөп-мөлдір,
Жайығымның суын ішіп жазылам.

Туған жерім, асқақ менің әнім ең,
Сен ыстықсың, сен қымбатсың бәрінен.
Өзіңе арнап өлең жазсам жаздым мен,
Сия емес жүрегімнің қанымен.

Туған жерім, сенен бойға күш дарып,
Арманымды келер күнге үшты алып.
Сен арқылы күллі әлемді сүйдім мен,
Махаббатым бір өзіңнен басталып.

Көңілімде күмбір қағып бар талап,
Келем саған сағынышымды арқалап.
Өмір бойы жүрегімде сөнбейді,
Туған жерім, саған деген махаббат.



ТАУ ӨЗЕНІ

Шындардың тіліп көк тасын,
Сылқылдай күліп су ақты.
Тоқтату қайда шыққасын,
Өзенін таудың қуатты.

Қара тастарды қақ жарған,
Осал емес-ау бұл деген.
Құлайды биік аңғардан,
Өтеді асу белдерден.

Қайыңдар басын иеді,
Шыңдарға қалған асылып.
Ұмытып өзге дүниені,
Барады өзен асығып.

Асығу алға мұрат па,
Өйткенмен қиын асықпау.
Жанымның оты бірақ та,
Тау өзенінен қашықта-ау.

Барайын бұрқап мен өзім,
Қияңа баста, жол кәні!
...Тау өзеніне мінезім,
Ұқсаумен өтсе болғаны.



ЖАЗ СУРЕТІ

Жаз. Қырқаға күлімдеп,
Күн сәулесін шашады.
Қызғалдақтар дірілдеп,
Қауыздарын ашады.

Мүнар басқан көл беті,
Шылым шегіп жатқандай.
Кең даланың келбеті,
Әжімді бет қарттардай.

Шөп басында шық-күміс
Мөлдірейді дір етіп.
Шықылықтап ұшты құс,
Қыр үстінен пыр етіп.


Жусан исі әтірдей,
Қыз үстінен аңқыған.
Арабтардың әрпіндей,
Көкшіл түтін шалқыған.

Ызыңдаған аралар,
Бал жинауға тоймайды.
Ыңылдаған масалар,
Шымшып-шымшып ойнайды.

Ән шырқағың келе ме,
Шіркін, жазғы шақ қандай.
Күн сәулесі денеңе,
Массаж жасап жатқандай.

Ризасың бұл жазға,
Жұпар иіс далаға.
Толып кеткен пляжға,
Адам-Ата-Хауа-Ана.

Көл бетіне шағала,
Шашыратар суды кеп.
Ақын отыр жағада,
Сөзбен салып сурет.

***

Жұлдызды аспан шүпірлеп,
Төгілгелі тұрғандай.
Тостаған көл күбірлеп,
Думан-сауық құрғандай.

Қарайған қыр жондары,
Қйқыдағы батырдай.
Дүзгін, терек, тал-бәрі,
Құрып қойған шатырдай.

Ай туып көк шоқтары,
Сүт түске енді аз ғана.
Көрші ауылдың оттары,
Көзін қысқан бозбала.

Түнгі аспанға бір қарап,
Шопан үйге кіреді.
Қара қазан бұрқылдап,
Шәйнек сақ-сақ күледі.

Түн бері асты қырқадан,
Ай да туды көктегі.
Екі ауылдан екі адам,
Бір-біріне беттеді...

***

Жұлдыздай аққан көгімнен,
Қызық ең жастық күндері.
Өзіңе ғашық едім мен,
Туған жерімнің түндері.

Армандай аппақ ақ түндер,
Ыстық ең маған әрдайым.
Жалынға толы шат күндер,
Жырымды саған арнаймын.

Мақпал түн төніп төбеме,
Жасырын бір сыр шертеді.
Ақ сәулем бүгін келе ме,
Жүрегім неге елтеді?

Ойылым мөлдір сылдырлап,
Толқындар ойнап барады.
Ақ қайың баяу сыбдырлап,
Жұлдыздар от боп жанады.

Тебіреніп толқып барам ба,
Бұлбұлдың сұлу үніне.
Ыстық қой шіркін адамға,
Туған топырақтың түні де.

***
Ақ бұлақты бұлқынған алқындырып,
Жайдары жаз оралды жарқын күліп,
Кербез қырдың төсінде сағым көшіп,
Баурайында сап-сары алтын тұнып.

Шал-теректі көл-сұлу тамсандырып,
Құрақтарға қыз-кірпік ән салдырып,
Азон исі бүрқырап, нөсер төгіп,
Оқтын-оқтын аспанда жар салды бұлт.

Жиектерін таулардың күлтілдетіп,
Етектерін қырлардың бүлкілдетіп,
Көк жиекке көк жібек сағым қонды,
Көзайым көлдер көзін мөлтілдетіп.

Боз торғай боз көдені шыр айналып,
Тіршілік кетті зәуде шырайланып,
...Бар адамның көңілі жаздай болса,-
Деп ақ түбіт төбеде тұр айна-бұлт...

***

Аймалап ақ қайыңның бүршігін күн,
Аралар теріп қырдан гүл шырынын.
Кең далаға сап-сары бояу шашып,
Жарқын жаз тастап кетті тіршілігін.

Жақпар таулар бұлттармен жағаласқан,
Жақұт нұрға бөленіп жанады аспан.
Былдырлап бұлақ суы шайып кеткен,
Бұрқырап бу шығады қара тастан.

Құрақтар жағадағы тұр шықтанып,
Қызыл құм жатыр бассаң шымшып қалып.
Бозарған боз даланың жусанына,
Қонады шегірткелер ыршып барып.

Қалыпты көкжиекке сағым қонып,
Қараймын аппақ нұрға жаным толып.
Жайнап кетсе бар дүние сенің де бір,
Келеді екен кеткің кеп жалын болып.

***

Қара бұлттар торлап алып аспанды,
Жарқ-жұрқ еткен бір ғаламат басталды.
Найзағайдың кірпігінен от ұшып,
Көздерінен көк аспанның жас тамды.

Шал-теректің жапырағы желпілдеп,
Қызыл құмның жұмыр жоны бүлкілдеп.
Жерге келіп бұршақ-моншақ төгілді,
Доп-домалақ жанарлары мөлтілдеп.

Құйып кеткен жазғы жаңбыр тасырлап,
Тез басылды, жоғалды бұлт бас ырғап.
Көкжиекке кемпірқосақ өріліп,
Нұрға оранып шыға келді жасыл бақ.

Еріп жатыр моншақ-бұршақ шашылған,
Ауа қандай жаңбырдан соң ашылған.
...Өмір де осы жазғы жаңбыр сияқты-ау,
Қас-қағымда құйып өтіп басылған...



ЖҰЛДЫЗДЫ ЖАЗДЫҢ ТҮНДЕРІ

Жабағы бұлттар жоғалып,
Жалқын нұр басты ас панды.
Жарқын жаз қайта оралып,
Жақұтын шашып тастады.

Жымыңдап мың сан жұлдыздар,
Жанардан алуан нұр саулап,
Желпіді салқын түнгі ызғар,
Жақпар тау үстін құрсаулап.

Жамырай шулап бал құрақ,
Жарысып толқып ағала,
Жүректен әсем он құлап,
Жағадан ұшты шағала.

Жапырақтарды жамылып,
Жанымыз толқын күнде біз,
Жалындап кейде жабығып,
Жұлдызды санап жүргенбіз.

Жүзіңде жанып алау-нұр,
Жүректі тербеп күлкі үні.
Жарқылдай күліп келдің де,
Жабырқап кеттің бір күні.

Жан сәулем, содан сен кеттің,
Жаныңды билеп бөтен ой.
Жалғыздық барын білмеппін,
Жалғыздық-қайғы екен ғой.

Жылжыды жылдар жаныма,
Жабырқау бір күй қалдырып.
Жарқын жаз келді тағы да,
Жаңбырын аппақ тамдырып.

Жақұт нұр қанат жайған соң,
Жанады-ай сосын түнде арай.
...Жырақта қалған қайран сол,
Жұлдызды жаздың түндері-ай!

Жабағы бұлттар жоғалып,
Жалқын нұр басты аспанды.
Жарқын жаз қайта оралып,
Жақұтын шашып тастады.

Жымыңдап мың сан жұлдыздар,
Жанардан алуан нұр саулап,
Желпіді салқын түнгі ызғар,
Жақпар тау үстін құрсаулап.

Жамырай шулап бал құрақ,
Жарысып толқып ағала,
Жүректен әсем он құлап,
Жағадан ұшты шағала.

Жапырақтарды жамылып,
Жанымыз толқын күнде біз,
Жалындап кейде жабығып,
Жұлдызды санап жүргенбіз.

Жүзіңде жанып алау-нұр,
Жүректі тербеп күлкі үні.
Жарқылдай күліп келдің де,
Жабырқап кеттің бір күні.

Жан сәулем, содан сен кеттің,
Жаныңды билеп бөтен ой.
Жалғыздық барын білмеппін,
Жалғыздық-қайғы екен ғой.

Жылжыды жылдар жаныма,
Жабырқау бір күй қалдырып.
Жарқын жаз келді тағы да,
Жаңбырын аппақ тамдырып.

Жақұт нұр қанат жайған соң,
Жанады-ай сосын түнде арай.
...Жырақта қалған қайран сол,
Жұлдызды жаздың түндері-ай!



НАЙЗАҒАЙ

Көкжиектен шыққандай сан ат ойнап,
Жарқ етеді найзағайлар атойлап.
Тас төбеде шатырлайды көк бұлттар,
Аспан киіп алғандай боп от оймақ.

От ойнайды, көк жатса да сең-сең боп,
Жапырақтар жылайды кеп кемсеңдеп.
...Қарап тұрып ойланамын мен де сол,
Найзағайдай бір жарқ етіп көрсем деп!..



ТҮН

Алау от көкжиекте бұлқынады,
Асты да көк төбеден күн құлады.
Көл бетінде сәуле жүр елбең қағып,
Алға асыққан толқындар жұлқынады.

Сылдырлап айтып жатыр бұлақтар ән,
Қыз-көлге ғашык, қайың құлап қалған.
Сыңғырлап түрған сұлу марғау күнге,
Сыбырлап тұрып мен де сыр ақтарам.

Нұрына бөлеп алып сай, төбені,
Төбеден күлімсіреп ай төнеді.
Желпіген самал желмен тербеледі,
Сыбдырлап туған жердің бәйтерегі...


КҮЗ

Тыным таппай шарқ ұратын жағада,
Жоқ боп кетті көл еркесі шағала.
Қайыңдардың бұтағынан сыбдырлап,
Жапырақтар түсіп жатыр сарыала.

Ішін тартып ысқырады жел сосын,
Бір мазасыз күй билеген жер төсін.
Құс керуені ұшып бара жатыр көп,
Қиналса да тастап туған өлкесін.

Кең далаға өзгеше бір күй еніп,
Күн ызғары жасап жатыр иелік.
...Құстар кеткен жаққа қарап көп тұрды,
Менің көкем таяғына сүйеніп...

***

Суылдайды салқын жел ішін тартып,
Құм көшкінін суырып ысылдатып.
Жапырақтар сап-сары ұшып жатыр,
Бұлттанады сәт сайын күн мұнартып.

Шал-теректер сарғайған, жүдеген бе,
Қаңбақтар жүр зыр қағып құба дөңде.
Керуен-керуен құс қайтып бара жатыр,
Даусы естіліп төменннен, төбеден де.

Боп-боз дала, бозарған төңірегім,
Босап көңіл ішімнен егілемін.
Жылу іздеп жүрегім қалтырайды,
Көше кезіп кетуге ерінемін.

Көкірегімнен ұшады арман-құсым,
Айқай салғым келеді жанғанда ішім.
Қаламымды қолыма ап тістелеймін,
Көктем кетіп, күз келіп қалған ба шын?!

Көктем менің жастығым, махаббатым,
Кезің еді толықсып гүл ататын.
Өткенің бе, шынымен, кеткенің бе,
Отты жырды өртенген борататын.

Күз келген бе, жаз өтіп кеткені ме,
Қайта қалай оралам көктеміме?
Күз келгені рас па, күреңітіп,
Шыныменен өмірдің өткені ме?




ҚҰСТАР ҚАЙТЫП БАРАДЫ

Сары көйлек киіп атырап,
Аспанда бұлттар көшеді.
Түседі саулап жапырақ,
Құлпырып тұрған кешегі.

Толқындар баяу ағады,
Думан жоқ бүгін дал ада.
Әнге орап туған даланы,
Ұшпайды шалқып шағала.

Таңғы ауа таза, мөп-мөлдір,
Төңірек түгел тып-тыныш.
Ұшына шөптің көк теңбіл,
Мөлдіреп қапты шық-күміс.

Өтіпті мезгіл қызығы,
Көктемнің бітіп бар әні.
Қайтыпты күннің қызуы,
Құстар да қайтып барады.

Көк думан, сағым-көкжиек,
Мұнартқан басын талай шың.
Мұнартып тұрған далаға,
Мұңайып үнсіз қарайсың...



ҚЫС

Асылып жер бетіне ақтарып бар,
Үлбіреп қонып жатыр ақ мамық ар.
Ілініп қалды сәтте ағаштарға,
Бауыры жарқылдаған ақ балықтар.

Асылын жер бетіне ақтарып бар,
Үлбіреп қонып жатыр ақ мамық қар.
Көркіңе көз тоймайтын о, сұлулық,
Сен менің көкірегімде жатталып қал!

Келдің де кең өлкеме тасыттың ән,
Арманды алғы күнге асықтырған.
Қалыпты қайың үнсіз, мамырлап шың,
Барады ұшып тауға ғашық қыран...

Дала аппақ, жатқан кеше жауын сіңіп,
Төбеде жүр қалықтап қауырсын-бұлт.
Қайың тұр көтере алмай жерден басын,
Қар басқан бұтақтарын ауырсынып.


***

Ақша қар көктен төгілген,
Керемет сұлу түн еді.
Қайыңдар қарға көмілген,
Төбеден бізге төнеді.

Шыршалар жасыл паңданып,
Қардан ақ бөрік киіпті.
Қараймыз үнсіз таңданып,
Қыс түні қандай сүйікті.

Келеміз кезіп бақтарды,
Сұлу-ақ, бүгін сұлу түн.
...Мойныма салып ақ қарды,
Сен кенет алға жүгірдің.

Төгіліп күлкің барасың,
Желменен ойнап қолаң шаш.
Мен қуып жетіп... қалқашым,
Сүйістік ұзақ... біз алғаш.

Еріннің дәмі... бал екен,
Жүректер соқпай қалғандай.
Бақытты бізден бар ма екен,
Дәл бүгін мынау жалғанда-ай.

Ұмыта алман мәңгілік,
Еріннің сол бір ыстығын.
Айтамын мұңды ән қылып,
Алыста қалған қыс түнін.


***

Көктен жерге себелеп,
Жауып тұр қар-көбелек.
Сықырлаған шыңылтыр,
Ауа қандай керемет!

Таулар ақбас қарттардай,
Қайың-ару ақ маңдай.
Гүрсілдеп мұз өзенде,
Салют беріп жатқандай.

Жалт-жұлт етіп ақша қар,
Тон киіпті бақшалар.
Құрып қойған шатырдай,
Қыр үстінде шоқша тал.

Айна-көлді жағалай,
Алтын сәуле жанады-ай.
Қыз күткендей қыдиған,
Нән бөрікті қарағай.

Балта даусы тықылдап,
Сынады ағаш сытырлап.
Аяз-сынған хрусталь,
Аяқ бассаң сықырлап.

Аппақ дала, мұз да аппақ,
Ән салып тұр шулап бақ.
Мұржалардан ұшады,
Көкшіл түтін будақтап.

Ауа қандай, нұр қандай,
Жұтасың кеп бір қанбай.
Түртіп қалсаң аппақ қыс,
Жырлағалы тұрғандай.

Орман бейне-түс кілем,
Бүрісіп тұр қыс кілең.
Қыс барады омбылап,
Аппақ қардың үстімен...



ҚЫСҚЫ АЛМАТЫ

Алматы да қар жауып тұр себелeп,
Жерге келіп қонып жатыр көбелек.
Жазым зулап, күз де өтіп, әттең-ай,
Қыс та келіп қалыпты ғой не керек.

Алматыға қыс келіпті шынымен,
Қар жауып түр үсті-үстіне түнімен.
Ақша қарға қарап тұрып мына аппақ,
Сырласамын Алатаудың шыңымен.

Көк түтіндер мұржалардан ұшады,
Естілмейді төңіректен құс әні.
Аппақ, аппақ жапалақтап ақша қар,
Қара жердің көкірегін құшады.

Қар жауды кеп таңертең де, кешке де,
Қар астынан көрінбейді ештеңе.
Бар дүние аппақ түске боялды,
Көше кезген көрінбейді еш пенде.

Алатау тұр қабағынан қар жауып,
Тау басына бұлт үйірілген бір ауық.
Басылатын емес жауған қар мына,
Ерке ұлдай таяқ жеген жылауық.

Қысқы Алматы қаһар шашып тұрғандай,
Мұндай кезде туа қойсын жыр қандай.
Астананың жазғы сұлу келбеті,
Алыстапты көзден ұшқан армандай.

Қар жауып тұр Алматыда тағы да,
Бір мұңды ой ызыңдайды жаныңда.
Суық желден тоңазиды денең де,
Ұйып қалған сияқты бар қаның да.

Алматының қысы биыл осындай,
Шырша мүлгіп тұр жылқышы қосындай.
Шатырлардан тамшылайды қар суы,
Жазды аңсаған мөлдір көздің жасындай.



ТАБИҒАТ-АНА ЖЫЛАП ТҰР

Туған жер тозды, орманым қалды селдіреп,
Ауадан бүгін соқпайды таза жел жібек.
Өзен, көл жатыр шомылып қара лайға,
Қайғының қара жалауы көкте желбіреп.

Табиғат бүгін барлық жерімде қуарды,
Шапшыған көкке Аралым қайран суалды.
Адамзат, ертең келетін ұрпақ алдында,
Жуасың қалай күнәңді?

Каспийім менің мұнаймен бүгін уланған,
Балқаштың суы азайған ұшып буланған.
"Протон" құлап қуарып жатыр далама,
Жасқана көкке қараймен көзбен суланған.

Ұшқан құс көкте қалмады десем кім сенер,
Қолыма алсам бүрісіп сәтте гүл семер.
Басына келсін мендегі қайғы күні ертең,
Қазіргі менің жағдайыма біреу күлсе егер.

Мендегі қайғы-табиғатымның қайғысы,
Ұға да қоймас бұл қасіретімді бай кісі.
Ауаны жалмап жүйткіген "Мерседестер-ай",
Келеді улы бензинмен атмосфераны шайғысы.

Базар да базар, автозаправкалар айналам,
Не болып кеткен ағаш пен гүлге бай қалам?
Қай әкелерінен қалған ақшаға салды екен,
Пәлен қатарлы коттедждерге қарап ойланам.

Алма ағаш та жоқ, қарағаш та жоқ бүгінде,
Мұңданып көктен қарайды сұлу күнім де.
Газды ауа жүтқан көкірегімді қақ басқан,
Қырылдап қана шығады жоймен үнім де.

Табиғатым-ай, ертеңгі күнің не болар,
Болар ма кезің сенің де бір сот қуанар?
Білерім бірақ зауалың сенің жібермес,
Сені құртқанның өзі де бір күн қуарар.

Білемісің осыны ей, адамзат баласы,
Құлазыған, қуарған айналаға қарашы.
Түкірмей ме бетіңе ертең келер ұрпағың,
Не боп кеткен деп сұрап қазағымның даласы?

Әлі, әлі кеш емес тазартайық ауаны,
Кең даланы табайық сауықтырар дауаны.
Алда да егер осылай жыртқыш көзбен қарасақ,
Бізді аман жібермес табиғаттың зауалы!