Қазіргі заман

 ҰРПАҚ СӨЗІ

Қиын жылдарда ержетіп,
Жаутаңдап өстім әркімге.
Табысқа кейде қол жетіп,
Үмітімді арттым әр күнге.

Қарным да ашты жасырман,
Ұйқым да қашты талай түн.
Қиындық өтті басымнан,
Келмеді оңай арай күн.

Бақытты, бақты іздедім,
Еңбектен, маңдай терімнен.
Күдерді бір сәт үзбедім,
Табамын деген сеніммен.

Ал қазір шүкір, бәрі бар,
Отбасы, қызмет, үй де бар.
Дос та көп, жау да табылар,
Бір қонақ күтер күй де бар.

Тамақ тоқ, көйлек және көк,
Уайым жоқ жырдан басқа түк.
Келе ғой шабыт кәне деп,
Отырам түнде бас қатып.

Ұрсады ондайда жұбайым,
Аз қатқан жоқ қой басың деп.
Өзіңді кейде аяймын,
Ағарып барады шашың деп.

Аяма мені, аяулым,
Жетімдеу өскен ұрпақпын.
Жанымда болса қаяу-мұң,
Жырыммен оны қымтаппын.

Жүректе содан мың ұшқын,
Қинағаны рас талай күн.
Соңғы жетімі соғыстың,
Тілегім мен-ақ болайын!


МҰҒАЛІМ

Оқушының бойына құйған білім бұлағын,
Сол біліммен әр адам жағар өмір шырағын.
Құдіретіне тең келер жер бетінде ешкім жоқ,
Оның аты-мұғалім!

Тәрбиелеп әр үйдің бір-бір ерке баласын,
"Әліппені" үйретіп, оятады санасын.
Қанат беріп әр жасты ұшырып сап мектептен,
Өзің сонда қаласың.

Тарыдай боп кірген жас таудай болып шығады,
Болу үшін жайқалған туған жердің шынары.
Қия алмай соларды сенің үлкен жүрегің,
Көзіңде жас тұрады.

Өзіңмен бір шаттанып сонау көкте тұрар күн,
Есебі жоқ қанша рет ренжіп сен қуандың.
Кешіре гөр артықтау кетіп жатса шәкіртің,
О, ізгі жан, мұғалім!

Тілегіміз аман-сау алға қадам баса бер,
Болашақта талай өр асулардан аса бер.
Қуанышынан мұңы көп мынау қиын дүниеге,
Ізгілік нұрын шаша бер!


СЕНЕМІН

Жүрегім жиі шаншиды,
Отырам түрып төсектен.
Жанымды көп ой жаншиды,
Сыртымнан айтқан өсектен.

Сүмелек жандар тасадан,
Не айтпайды дейсің қаралап.
Келмейтін ойға, жасаған,
Жаланы ойлап табады-ақ.

Бағады айтқан сөзіңді,
Пыш-пыштап өсек тереді.
Айнала беріп көзіңді,
Алдыңа күліп келеді.

Аңғармай тіпті қаласың,
Тұрғанын улы жыланның.
От болып кейде жанасың,
Қанатын тілеп қыранның.

Адамдар, биік жыр-әні,
Барасың қалай ұсақтап?
Желкеңнен таспен соғады,
Тұрып-ақ алдан құшақтап.

Пысқырма оған көңілім,
Шанышпа сен де жүрегім.
Болғанмен ауыр кемді күн,
Жеңеді шындық сенемін.

***

Жабырқау жаным жабыққан,
Ауырған басым қазандай.
Жайым бар әбден торыққан,
Жағада қалған сазандай.

Өзгерсін заман, уақыт та,
Өзгермейді екен зұлымдық.
Ақындар жетпес бақытқа,
Мұны да енді ұғындық.

Өтіпті бір кез арманда,
Қорлықты көріп Қасым да.
Шыдамай жаны жалғанға,
Төлеген де өлді жасында.

Мұқағали ақын от еді,
Тірлікте қорлық көп көрді.
Бүгінде ол да жоқ енді,
Асыға күтер көктемді.

Тұяғы ем мен де солардың,
Жақсы яки жаман болайын.
Толқынды қуып жоғалдым,
Өшіріп жанның арайын.

Өтірік, өсек-түк емес,
Аяр ғой адам баласы.
Ешкімді бірақ жібермес,
Ақынның қарғыс, наласы!


АРДАҚТЫ АҒА

Қартамбай Ербаянұлына

Мына өмірден тапқан асқақ мұратын,
Тауда тасты жарып шыққан көк шынар.
Бар ғұмыры жақсылықтан тұратын,
Жер бетінде Сіздей адам жоқ шығар.

Айналаға нұрын шашып жүретін,
Өзіңізді жердегі алтын Күн дейміз.
Қуансақ та, қайғырсақ та, жан аға,
Біз әрқашан Өзіңізді іздейміз!

Қаракөлден түлеп ұшқан ардағым,
Үлгі болған үлкенге де, жасқа да.
Құтты болсын алпыс жылдық тойыңыз,
Асыл аға, ардақты аға, жақсы аға!


ДӘРІГЕРГЕ

Жеттіңдер ұшып ақ халаттылар,
Адамдар ажал аузында жатқанда.
Бақыттың қанша тараттың әнін,
Өмірдің отын қайта жақканда.

Ажалдың қатты құрсауы қысса,
Жаныңнан дереу табылар дәрігер.
Күндіз де, түнде, жазда да, қыста,
Бір тыным алмайды "Жедел жәрдемдер".

Ақ желең сияқты жандарың аппақ,
Ақ жүректі мейірбан жандарым.
Талай адамның өмірін сақтап,
Ұзарттыңдар келер таңдарын.

Сендермен нұрлы шуақты әр күн,
Аман болыңдар-көңіл тілегі.
Ақ халаттыларым-қанаттыларым,
Тынымсыз соққан өмір жүрегі!


АУРУХАНАДА

Шаншиды жүрегім,
Ауырады басым да.
Аз күнде жүдедім,
Ешкім жоқ қасымда.

Үн-түнсіз жатамын,
Мүжиді жеңіп дерт.
Көп ойға батамын,
Шеті де шегі жоқ.

Зияным жоқ еді,
Тірі бір пендеге.
Жақсы ісім көп еді,
Қиналам мен неге?

Аз ба еді достарым,
Қайғырып келмейтін.
Бар ма еді қастарым,
Сыртымнан күндейтін.

Жатамын үн-түнсіз,
Күн өтіп болмайды.
Ойынсыз, күлкісіз,
Жанға жаз қонбайды.

Отырып ойланам,
Өткенді, кеткенді.
Оңаша ой бағам,
Күтемін көктемді.
Миялы, 1988, қаңтар.

***

Таңылып төсекте жатырмын,
Халі оңша жақсы емес ақынның.
Лүпілдеп жүрегім, тасып қан,
Қалжырап қалған бір пақырмын.

Жаныма шипа іздеп дәрігер,
Медбике қыздар да әбігер.
Күн сайын ішсем де сан түрін,
Еститін сөзім тек, дәрі бер.

Берсең бер, дәріңді ішейін,
Ажалмен айкасқа түсейін.
Жүректің бойына жармасқан,
Кеселдің тамырын кесейін.

Әлім жоқ табанмен жер тірер,
Ішейін дәріңді бере бер.
Ішпесем дәріңді мына ауру,
Ақынды ертең-ақ өлтірер.

Сары уайым еңсемді езеді,
Сан қилы ой миымды кезеді.
Жүректі паршалай түседі,
Сыртымнан айтқан ел өсегі.

Төсекте үн-түнсіз жатамын,
Ұзақ күн сан ойға батамын.
Жақынды жау еткен заманға,
Қапамын, мен қатты қапамын.

Қайтейін, қайтейін шыдармын,
Көп болса морт етіп сынармын.
Күш берсе бойыма дәрігер,
Қасқайып ертең-ақ тұрармын.

Тұрармын, бұл жерден кетермін,
Алматым, өзіңе жетермін.
Білмеді қадірімді туған жер,
Нетермін, мен енді нетермін.

Болма алаң халіме әбігер,
Айтамын мың алғыс дәрігер.
Пақыр боп жатырған пендеңе,
Қарындас, өтінем, дәрі бер.
Миялы, 1988, қаңтар.


ТАЙСОЙҒАН

Бұйра құм мұнартады,
Жеткізбес алдаса үміт.
Жетем деп кұмартады,
Көк сағым қырға асылып.

Тайсойған, алаулаған,
Ертеңгі шағың қандай.
Күншығыс талаураған,
Нұрға аппақ малынғандай.

Жай ғана дірілдейді,
Көл беті күн зерлеген.
Көкжиек күлімдейді,
Толқыған гүлдерменен.

Ойылдың суы тасып,
Асады арнасынан.
Толқындар қолтықтасып,
Ағады жарға асылған.

Сырымды ақтарамын,
Жүгірем балақ түріп.
Еріксіз шаттанамын,
Мен саған қарап тұрып,
Ей, менің Тайсойғаным!


НАМЫС

Кезінде жау оқ атып жаралаған,
Бабалар аққан қанға қарамаған.
AT үстінде өтпесе сойыл соғып,
Ондай жанды жігітке санамаған.

Тасырлатып далада ат ойнатып,
Наркескенді көтеріп атойлатып.
Ағып өтсе қалыпты досы мәз боп,
Қимылынан қорыққан жат ойланып.

Дұшпанына семсердей жарқылдасқан,
Достарына ақ күліп аңқылдасқан.
Намыс үшін кеудесін төсеп оққа,
Намыс үшін өлсе өлген тартынбастан.

Кейбір жанның кеудесін иіп ұстап,
Ер намысты білмеуі күйінішті-ақ. ...
Тіршілікте не жетсін жарқылдаумен,
Намыс туын өткенге биік ұстап!..

Кезінде жау оқ атып жаралаған,
Бабалар аққан қанға қарамаған.
AT үстінде өтпесе сойыл соғып,
Ондай жанды жігітке санамаған.

Тасырлатып далада ат ойнатып,
Наркескенді көтеріп атойлатып.
Ағып өтсе қалыпты досы мәз боп,
Қимылынан қорыққан жат ойланып.

Дұшпанына семсердей жарқылдасқан,
Достарына ақ күліп аңқылдасқан.
Намыс үшін кеудесін төсеп оққа,
Намыс үшін өлсе өлген тартынбастан.

Кейбір жанның кеудесін иіп ұстап,
Ер намысты білмеуі күйінішті-ақ. ...
Тіршілікте не жетсін жарқылдаумен,
Намыс туын өткенге биік ұстап!..


AHA ТІЛІМ

Ана тілім! Арым едің сен менің,
Қаншама жыл әлдиіңмен тербедің.
Тоқсан жерден ұмытса да мәңгүрттер,
Сені ешқашан жоғалар деп сенбедім.

Қайда болсын өз тілімде сөйледім,
Көкірегімді желпіп менің күй керім.
От ауызды, орақ тілді ақын боп,
Жауымды да өткір сөзбен түйредім.

Орыс тілін аға дейді біреулер,
Қазақ тілін бала дейді біреулер.
Мұндай кезде қара жыным құрысып,
Маңдайдағы қос тамырым білеулер.

Жоқ деймін мен үлкен тіл де, кіші де,
Бір-ақ тіл бар ұлт тілінде кісіде.
Ол тіл ана сүтіменен бірге емген,
Осы тілде сөйлеймін мен көсіле.

Ұлы болса болсын тілі өзімнің,
Ағы мен ол қарасындай көзімнің,
Сені ұмытсақ ұмытқанымыз бәрін де,
Болу керек шегі-шеті төзімнің.

Талпын қайта ана тілім жарқылдап,
Жарқын, жарқын шықсын даусың саңқылдап.
Асқан сайын өзің әрбір белестен,
Жаса тілім, деп тұрайын аңқылдап!


ҚЫМБАТЫМ СЕН

О, туған жер, төсіңде өскен гүл едім,
Аспаныңда асқақтаған жыр едім.
Сені сүйген көп ұлыңның бірі едім,
Тек өзің деп соғушы еді жүрегім.

Сенен қымбат бар деп маған айта алман,
Жемсіңнен таттым талай жайқалған.
Қадіріңді білмей келсем кеш мені,
Көңіліңді кезім болса қайтарған.

Жастықпенен шалқып тасқан шығармын,
Арнамнан да асқан кейде шығармын.
Өлең жазсам жалын болып өртеніп,
Аяқты да шалыс басқан шығармын.

Ағаларға еркелеген шығармын,
Қиындыққа қайыспаған шынармын.
Сағынсам да, сарғайсам да, туған жер,
Алыс жүрмін, қайтермін мен шыдармын.

Мен өзіңді ұмыта алман, ұмытпан,
Қанша алдымнан атса-дағы күліп таң.
Құс боп ұшып жеткім саған келеді,
Көрсең ғой бір ұлыңды әбден зарыққан.

О, туған жер, қымбатсың ғой, қымбатсың,
Кеудемдегі күмбір қаққан ырғақсың.
Бүгін тағы өзіңді аңсап отырмын,
Сағыныш боп өлеңдерім тіл қатсын!


МИЯЛЫҒА

Сенімен бір еді менің қиялым,
Ашық күнде опат болған Миялым.
Жайсыз хабар жеткен кезде төгілген,
Көз жасымды енді қалай тиямын?

Көктем болып күліп келер ақ таңда,
Үйлер қүлап, апат болып жатқанда.
Үзіліп түскен сияқты еді жүрегім,
Түңілгендей жақыннан да, жаттан да.

Булыққаннан бітелгендей көмейім,
Мынау ғажап бейқамдыққа не дейін.
Өмір бойы долданбаған Ойылым,
Тасыды деп қалай ғана сенейін.

Ех, Миялым, Миялым-ай, Миялым,
Қымбат еді шөбің, нуың, қияғың.
Су астында қалды-ау көбі үйлердің,
Биігіндей адыраспан, мияның.

Зарлы үнің жеткен кезде құлаққа,
Жүрсем-дағы астанада, жырақта.
Жан-тәніммен сеніменен бір болдым,
Сен даусымды естімедің бірақ та.

Қиын күндер кешкеніңді білемін,
Сен деп соғып жатты жүрегім.
Ел еңсесін түзесе екен тезірек,
Деп күн сайын тілеуіңді тіледім.

Сол тілегім орындалар күн келді,
Ауыл көркі бұрынғыдан жөнделді.
Бүкіл халық қолын созып өзіңе,
Шет елден де алдың көмек, жәрдемді.

Еске түссе сол бір күндер қайтадан,
Жел тербеген кәрі емендей шайқалам.
Бір құдірет болса жердің бетінде,
Туған жердің құдіреті деп айта алам!

Сен әрқашан арман, ойым, қиялым,
Сен арқылы мен еңсемді жиямын.
Гүлдене бер, көркейе бер, жайнай бер,
Туған жерім, о, Миялым, Миялым!

***
О, Миялым, көрмегелі көп болды,
Жүрегіме сағыныш боп өрт қонды.
Көз алдыма елестесе өткен күн,
Сағынамын өзіңде өткен көктемді.

Сені ойласам түнгі ұйқымды төрт бөлем,
Арман қанша жете алмаған, жетпеген.
Ақын боп та, әкім боп та мен әлі,
Биіктерге шыға алмаппын көптеген.

Біреу айтар тәкаппар ғой, өр ғой деп,
Біреу айтар құр қалада жүр ғой деп.
Білер бірақ қадірімді ағалар,
Менен бұрын тоздырғандар бір көйлек.

Мен туралы осек те көп білемін,
Бірақ саған адал менің жүрегім.
Не десе де айта берсін жүрт сөзін,
Сені сүйген көп ұлыңның бірі едім.

Сондықтан да сені ойлаймын, Миялы,
Жетер күнді қиялдаймын, Миялы.
Сенен асқан жер жаннаты жоқ деуге,
Ешқашанда ұялмаймын, Миялы.

О, Миялы, жарқыраған жарығым,
Құдіретіңді алыс кетіп таныдым.
Жұлдыз болып жана бер сен көгімнен,
Көкірегімде күмбір қаққан алыбым.


БІР ШЫБЫҒЫҢ БОЛСАМ ДЕП

Жып-жылы жаңбыр тамшылап,
Тамшылап көктен жауып тұр.
Шабытым мені қамшылап,
Далаға көңілім ауып тұр.

Қыр үсті кеткен құлпырып,
Моншақтар жерге төгіліп.
Бұлақтар мөлдір бұлқынып,
Барады алға жүгіріп.

Паһ, шіркін қандай кең дала,
Жусанның исі бүрқырар.
Кең дала, сосын мен-бала,
Гүлқұмар және жырқұмар.

Жүгірдім от боп жандым да,
Биікке қарай құлшынып.
Тоқтадым кенет алдымда,
Тұр екен көктеп бір шыбық.

Тұр екен өсіп бір шыбық,
Ойланып қалдым көрдім де.
Айнала думан тіршілік,
Тоғысты бір сәт кеудемде.

Кеңейіп кетті өрісім,
Жүгірдім алға құлшынып.
Туған ел, туған жер үшін,
Болсам деп мен де бір шыбық!


ОЙЛАН, ҚАЗАҚ

Екі етегі далаңдап шапқан қазақ,
Бірін-бірі жау көріп қапқан қазақ.
Ұйқыдан жаңа оянған күй кешуде,
Тілін, дінін енді-енді тапкан казақ.

Сөйлесе күмп-күмп етіп бөскен қазақ,
Далаға қыр жағалап көшкен қазақ.
Аштықтан қырылып қап, ал қалғаны,
Жойылып жер бетінен өшкен қазақ.

Табиғатын тоздырып алған қазақ,
Жерін түгел аздырып алған қазақ.
Үй сап беріп өзгеге қарқарадай,
Жер кепеде жарбиып қалған қазақ.

Семей, Балқаш, Аралды қүртқан қазақ,
Аямай кең даланы жыртқан қазақ.
Өзен-көлден айрылып енді-енді,
Табиғаттың қадірін ұққан қазақ.

Ана тілін аяқпен тепкен қазақ,
Мақтанса іші местей кепкен қазақ.
Ұйқыдан күндіз-түні бас көтермей,
Өмірі жалқаулықпен өткен қазақ.

Өзге ұлтқа мысқылдап күлген қазақ,
Бір-біріне ит болып үрген қазақ.
Бастық болса басқаға көзі түспей,
Машинаға шіреніп мінген қазақ.

Арақ көрсе сіміріп ішкен қазақ,
Бөтелкенің ішіне түскен қазақ.
Ертеңіне бет-аузы көнектей боп,
Көлкілдеп, быт-шыт болып іскен қазақ.

Қан майданда Берлинге барған қазақ,
Қайыр сұрап бүгінде болған мазақ.
Жекешеге көшкенде басқа ұлттар,
Аңқиып айдалада қалған қазақ.

Театрлардың есігін жапқан қазақ,
Бейнефильмнен керегін тапқан қазақ.
Қазақша газет көрсе теріс қарап,
Орысша газет іздеп шапқан қазақ.

Бостандық күні келді елге қазақ,
Ие бол туған мына жерге қазақ.
Сынасам айып етпе шындықты айтып,
Өйткені шын жылайтын мен де қазақ.

Жүрегі ақ, қонақжай қайран қазақ,
Келімсекке кеңірдектен тойған қазақ.
Бүгінгі жагдайың да жақсы емес,
Сондықтан ойлан қазақ, ойлан қазақ!


ЗАР ЗАМАН
Мына заман қай заман азған заман,
Адамдар мен табиғат тозған заман.
Өткен күн мен келер күн еске түссе,
Іш өртеніп, көзден жас ағар жаман.

Мына заман қай заман зарлы заман,
Тірлік құны түкке де арзымаған.
Бай, манаптар өмірге қайта келіп,
Ал байғұстар қайғыдан зар жылаған.

Мына заман барыңды сатқан заман,
Дос халықтар безінген жаттан жаман.
Бір үйдің баласындай қазақ халқы,
Бір-бірін көкіректен атқан заман.

Мына заман өтірік күлген заман,
Ит жоқта шошқа болып үрген заман.
Тірлігің тірлік емес қайыршылық,
Өмірің жан шыдамас көрден жаман.

Мына заман қылмысқа батқан заман,
Қол созғаның қарыз боп жатқан заман.
Шет елден тамақ сұрап, ала алмай,
Қаншырдай қарын байғұс қатқан заман.

Мына заман не болған күлер ме күн,
О, халқым, қарның тойып кірер ме өңің?
Сол кезде қазіргідей бытырамай,
Бір сапта қазақ болып жүрер ме едің?

Мына заман әзірге қиын заман,
Қуаныш та, шаттық та бұйырмаған.
Әй, білмеймін, білмеймін, ертеңгі күн,
Енді қандай ұсынар сыйын маған!
...Ал әзірге заманың қиын заман!!!


ЖОҚШЫЛЫҚ ЖЫРЫ

Дүкендерден заттың бәрі жоғалды,
Кешегі бай халық жұрдай тоналды.
Қайта құру деп қақсаған қасқалар,
Құрдымға әкеп тақап қойды қоғамды.

Мынау алып державадан орасан,
Не қалады күндіз-түні тонасаң.
Киім де жоқ, тамақ та жоқ бұл күнде,
Көп адамдар жалаңаш жүр қарасаң.

Талғамай-ақ алтын, күміс, темірді,
Мафиялар көртышқандай кемірді.
Не зат керек сауда жасап күні-түн,
Саудагерлер жардай болып семірді.

Қайда барма, не іздеме ым қаққан,
Алаяқ көп адамдарды зарлатқан.
Нарық, салық қоса қабат жұлмалап,
Қанап жатыр халқымызды жан-жақтан.

О, о, енді не істерміз, не істерміз,
Торғайдай боп тоз-тоз болып кетерміз.
Қайыр сұрап, шет елдерге қол жайсақ,
Амалдап бір арам қатпас па екенбіз?

Осы сұрақ жегідей жеп жанымды,
Сорып жатыр бойымдағы барымды.
Қайда халқым барасың деп бірақ та,
Сұрар ешкім табылмай тұр халімді!


ҰМЫТПА

Марқұм Амангелді Декеевке

Туған жерім, ертеде де, кеште де,
Мен сен үшін тындырмаппын ештене.
Егер ексем бір тал сенің төсіңе,
Түспес еді бүл әне бір күшке де.

Кешір мені, еге алмаппын бір тал да,
Бола алмаппын ұзағырақ ортаңда.
Сені бірақ сүйдім ыстық жүрекпен,
Борышым көп мәңгі-бақи арқамда.

Бүгін мына жасыл баққа келгенде,
Сыбдырлаған теректерді көргенде.
Көз алдымнан Амангелді кетпеді,
Тағзым еттім біз бір жүрген жерлерге.

Баяғыдай ойнақ салып ақ бұлақ,
Алға қарап келе жатыр шапқылап.
Теректер тұр басын желдер желпіген,
Ортасында Амангелді жоқ бірақ.

Осы бақты ектірді ғой сол жігіт,
Бағбандармен күні-түні бір жүріп.
Ажал қандай қатыгез ең, қатты едің,
Кете бардың бір жұлдызды сөндіріп.

Сөңген жүлдыз жарқырар ма қайтадан,
Жоқ, жоқ дейді терек басын шайқаған.
Тұрмын үнсіз, жүрегім қан жылайды,
Үндегенде енді мен не айта алам?

Асып-тасқан көңіл-күй жоқ баяғы,
Оқи алмай түрмын жаңа жырымды.
Жасыл желек егіп кеткен төсіңе,
О, туған жер, ұмытпа осы ұлыңды!

***
Ex, досым, Амангелді, Амангелді,
Әлі де жүре тұрсаң жаман ба еді?
Неге сен ерте кеттің арамыздан,
Жылатып, еңіретіп тамам елді.

Ұл-қызың қалды артыңда аңыраған,
Үй қалды үңірейіп қаңыраған.
Өзіңді күнде іздейді кең өрістен,
Достарың қозыдай боп жамыраған.

Ұяң ең, адал едің, арман едің,
Асқақтап биіктерде жанған едің.
Оқ бойы озып шыгып ардақты дос,
Тұлпардай болашаққа самғап едің.

Жігіт пе жігіт көкке самғамаган,
Арманын алғы күнге жалғамаған.
Сорғалап жөнелгенде көк жүзіне,
Кім білсін көз тиді ме сонда саған.

Тірліктің мың сұрағы дал қылды ма?
Әлде өкініш өзекті жандырды ма?
Не болды, неге кеттің ерте өмірден,
Адамдар көңіліңді қалдырды ма?

Қайтесің, жоқсың бүгін арамызда,
Өкініш оты қалды санамызда.
Томпиып қыр жанында ұйықтап жатсың,
Қыс келді тағы туған даламызға.

Қыс өтер, ертең көктем, жаз да келер,
Көк аспан жерге маржан нүрын себер.
Достарың бар жерде әрқашан өзің барсың,
Атың да от боп мәңгі маздай берер!


ОСВЕНЦИМДЕ БОЛҒАНДА

50 миллион жан өліп, шарпып өткен жер үстін,
Жүрміз көріп ең үлкен музейін біз соғыстың.
Жалаулары сан елдің басын иіп тұр мұнда,
Бәрі де бар... поляк, чех, болгар, румын, орыстың.

Басын иіп тұр қатар қара оранған жалаулар,
Жалаулардың алдында мәңгілік от алаулар.
Зұлымдық пен жауыздықтың сұм тарихын баяндап,
Келгендерге сыр шертеді суреттер мынау бар.

Қақпаларын шойын тастан шомдап соғып тастаған,
Асфальт жолдар кетіліпті тас қамалга бастаған.
Зәулім қорған үсті толған ток жүргізген тікен сым,
Мына жерден құтыла алмас адам түгіл ұшқан аң.

Сұп-сұр үйлер, казармалар сұстанып тұр әлі де,
Біз куәміз дегендей боп сол сұмдықтың бәріне.
Дар ағашы... Чемодандар кісі аттары жазылған,
Протездер... көзілдіріктер... үйіліп жатыр бәрі де.

О, сұмдық-ай балалардың көз әйнегі киілген,
Жүз вагонга жүк болардай жатыр тау боп үйілген.
Иелері жанып кеткен алып пеште күл болып,
Он биік тау тұрғызуға болар қалган киімнен.

Жүздеген мың қыз-келіншек отқа өртеніп құртылған,
Талай бөлме тіреліп тұр бұрымдарға қырқылған.
Толып жатыр тұтқындардың нөмірлері жазылған,
Ала киім, жыртық шинель түте-түте жыртылған.

Ойлап тапқан қанішерлер жауыздықты не түрлі,
Лабораторияларда үюлі тұр кісі өлтіргіш ертінді.
Осы жерде сынамақ боп талайларды мерт еткен,
Сап-сары ала дәрілермен сары бүйі секілді.

Ыңырсиды сұмдықты айтып басып қалсаң әр ізді,
Шырқырайды есіктері ашсаң барақ, дәлізді.
Тұр маңқиып кісі өртеген алып крематорийлер,
Жауыздық пен зұлымдықтың ескерткіші тәрізді.

Өлді мұнда дейсің небір жайсаң менен сан алып,
Мына бір суретте өлген жандар ашулы итке таланып.
Сол сұмдықты көрген мына биік қарағайлардың,
Кеткен сияқты бастары ерте ағарып.

Тіпті мынау қақ түбінен кесілген көп түбірлер,
Әлі күнге сол сұмдықтан ес жия алмай күбірлер.
Бәрін айтып тұр Освенцим азалы үнмен былай деп:
Ей, адамдар, сұм соғыстың қасіретін біліңдер.

Ұмытпаңдар өткен соғыс тарихына қараңдар,
Қазір дүние, бүкіл тірлік соғысты ойлап алаң бар.
Қайталанбасын Хиросима, Нагасаки қайғысы,
Сақ болыңдар, сақ болыңдар, адамдар!

50 миллион жан өліп қайыстырған жер үстін,
Ауыр оймен шықтық біз музейінен соғыстың.
Алтын сәуле, нұрлы өмір құшағына оранып,
Төбемізде тұр күлімдеп нұрын шашып күміс күн.


БОЛМАСЫН СОҒЫС

Баллада

Көргем жоқ көзбен сұрапыл соғыс азабын,
Өткіздім бірақ басымнан оның тозағын.
Соғыстан кейін туған мен міне сондықтан,
Соғысқа жол жоқ деп жырды қанмен жазамын.

Көргем жоқ рас, жарылғанын мен бомбаның,
Атысып жаумен орыс орманында тоңбадым.
Матросовша кеудеммен жауып дзотты,
Нұркен сияқты самолетпен көкте жанбадым.

Көргем жоқ рас, соғысты көзбен көрмедім,
Көкірегім толған бірақ та мұң мен шер менің.
Жадап-жүдеген үйлер мен ауру, мүгедек,
Көз жасы жастай жетім-жесірлердің көргенім.

Соғыстан талай азамат-ерлер келмеді,
Жесірлер "қара қағазға" ерлерін ойша жерледі.
Алты жасымда томашадай боп шөп шаптым,
Жігіт болды деп есепке қосты ел мені.

Ойран боп сонда құлады қанша шаңырақ,
Ботасы өліп қанша ана қалды аңырап?
Үйлердің орнын топырақ пенен күл басып,
Көшелер түгел құлазып қалды қаңырап.

Жылайтын едік жеңгелер әнге салғанда,
Көп еді мұңды көкірегімізде арман да.
Күнге қақталып қатулау болып өскен біз,
Үмітпен қараушы ек ататын әрбір таңдарға.

Бәрін де көрдік, бәріне соның шыдадық,
Гитлер сұмға лағнет айтып жыладық.
Буыным бекіп, қабырғамыз қатпаған біз,
Жұмыстан кейін жер сүзе келіп құладық.

Арқадан аяз, табаннан талай өтті ызғар,
Жүрекке зілдей тоң болып қатты көк мұздар.
Он сегіз жасында жесір атанды талайлар,
Шалдарға тиді уылжып тұрған көп қыздар.

Кешікпей бірақ көп күткен жеңіс келді деп,
Көшеге шықты ел жалаулар қолда желбіреп.
Көктем де жылы шуағын төкті елжіреп,
Көңіл де біраз тазарды мұңнан мөлдіреп.

Басталды күндер жүрекке жайлы тым ыстық,
Далаға келіп қона бастады ырыс-құт.
Бітті деп соғыс қуанғанменен біз бірақ,
Жер бетіне орнай қойған жоқ тыныштық.

Соғыстың аты мұнымен тіпті біткен жоқ,
Тыныш күн бола қоймады әлем күткен көп.
Атом бомбасы ажал боп кенет құйылды,
Хиросима мен Нагасакиге көктен кеп.

Вьетнам, Лаос, Никарагуа, Ливан,
Көгінен жерге қорғасын қанша құйылған?!
Ауғанстан мен Шешенстандағы соғыста,
Есебі жоқ жастардың қыршындарынан қиылған.

Атом, нейтрон бомбаларымен қайысып,
Жердің тұр қазір қабырғалары майысып.
Осыны көріп жүрегім діріл қағады,
Үрей билеп тұр қасиетті даланы.

Болмасын соғыс! Әлемнің күллі тілегі,
Болса егер соғыс не боларын ел біледі.
Қыл үстінде тұрған соң мына жұмыр жер,
Тыншиды қалай ақынның нәзік жүрегі?

Көргем жоқ рас, соғыстың сұмдық азабын,
Өткіздім бірақ басымнан оның тозағын.
Соғысқа жол жоқ, соғысқа жол жоқ деп бүгін,
Сондықтан жырды жүрек қаныммен жазамын!


АҚЫН ДОСҚА ХАТ

Өтесін Құбиевке

Аяулы алыстағы досым менің,
Көп болды өлең жазып көсілмедім.
Шақ қалдым дауылдарда қирай жаздап,
Түзелді құлап барып қосым менің.

Өмірдің білмеппін ғой өткелін көп,
Өкінем көп арманға жетпедім деп.
Өзегім өртенеді жиі менің,
Неге ерте Алматыға кетпедім деп.

Қайтесің қайғым болар бұл да менің,
Талай жыл бақыт жырын толғап едім.
Алматы ақындардың Меккесі ғой,
Аңсаған шын бақытым сонда менің.

Ех, досым, қайғы да көп, мұңым да көп,
Айтатын өзіңе арнап сырым да көп.
Көргенде қайта-қайта айтушы едің,
Мұң көп қой соңғы жазған жырыңда деп.

Ақын ем қарсы барған мылтыққа да,
Ақын ем жамау болған жыртыққа да.
Албырт ем айтар сөзді айтып өлер,
Жомарт ем шашып жүрер жыртық қалта.

Содан ба жаға алмадым көп адамға,
Өмірдің ауыр сыны тұрғанда алда.
Ақты ғой екі көзден жас та кейде,
Түскенде басым дауға, шырғалаңға.

Жыладым ақты ақ деп айта алмай,
Толқынды қарсы аққан қайтара алмай.
Осындай әлсіздігім болды менің,
Қиналған талай күндер жай таба алмай.

Кез болды талай-талай азап көрген,
Қорлады арыз жазып коззап кілең.
Кеттім мен жақсы көрген қызметтен,
Көрмейсің қолымды енді газеттерден.

Сеніппін жұрттың бәрін дос екен деп,
Білмеппін кейбіреулер өш екен деп.
Жүріппін жүрегімді ашып тастап,
Ауылы жақсылықтың осы екен деп.

Көңілім де ақ еді бөтен ой жоқ,
Жүруші ем Алматыға кетем ғой деп.
Дос де тендер жау болып жайратты ғой,
Атқанда қақ жүректен дөп тиді оқ.

Қайтейін өзімді-өзім жұбатамын,
Алда деп бақыт күткен құла таңым.
Қолтыққа жинағымды қыстырып ап,
Түсімде Алматыға баратамын.

Таң атып нұр сәулеге боянар күн,
Тірліктің қызығына тоя алар кім?
Сағынып Алматыны жүрген кезде,
Ұйқымнан жылап кейде оянамын.

Аяулы алыстағы досым менің,
Көптен бір осы болар көсілгенім.
Білмеймін не болады ертеңгі күн,
Ал бүгінгі жағдайым осы менің...


КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ

Күз де келді,
Мен де осы күздеймін,
Кең даладан бір қуаныш іздеймін.
Күні ертең-ақ мынау жастық шақтың да,
Бастан бұлбұл ұшатынын сезбеймін.

Жапырақ та, шөп те сары, сарыала,
Жел борайды қаңбақ қуып далада.
Түсі суық Жайықтың да сұрланған,
Көл бетінде көрінбейді шағала.

Құтырған жел жұлқылайды шашымды,
Мың сан ойлар торлaп алған басымды.
Кеше ғана жаздай жарқын жас едім,
Енді бүгін кім ұрлады жасымды?

Жастық шаққа оралам ба қайтадан,
Қалай өткен күннен есе қайтарам?
Босқа өткен кездер еске түскенде,
Мынау кәрі терек құсап шайқалам.

Жаз да, күз де өтер бәрі білемін,
Келер күнге көп айтатын тілегім.
Күзден кейін қыс келерін ойласам,
Дірілдейді жапырақтай жүрегім...


ЖУРНАЛИСТ СЫРЫ

Журналистпін!
Көңілім көкке өрлеген,
Шыңдарға аттап келемін көп белменен.
Доптерімде жолдарым жатыр толып,
Әлі де бәрін жазып өткермеген.

Журналистпін!
Сан тарау ой кешемін,
Жайлау барып шопанмен тілдесемін.
Жақсылыққа жаршы боп, ара түсем,
Жамандықтың семсерін сермесе кім.

Журналистпін! Заманмен даусым үндес,
Жазғаныма айтпайды жүртым егес.
Өйткені мен сөйлеймін көп атынан,
Ал көптің қателесуі мүмкін емес...


КазГУ-ге

Институттардың қолбасы,
Бас флагманы білімнің.
Данышпандардың ордасы,
Қара шаңырағы білімнің.

Қол созып биік арманға,
Өзіңде өткен аз-ақ күн.
Шығарған атын заңғарға,
Мақтанышы сен қазақтың.

Білім ап өстік ұшталып,
Ақ бас академиктерден.
Көресің бүгін біздерді,
Сан құрлықтар мен ендіктен.

Көтеріп өмір желкенін,
Алыстап кетсем сағынам.
Қайтадан саған жетемін,
Қасыңнан әркез табылам.

Өзіңнен нәр ап түледім,
Қиын да болса көріп сын.
КазГУ-ім-жарты жүрегім,
Елуге бүгін келіпсің.

Дейді ғой елу-ер жасы,
Жасай бер, талмай, өркенде.
Институттардың қолбасы-
Бола бер бүгін, ертең де!


"ҚАЗАҚСТАН МҰҒАЛІМІ" ГАЗЕТІНІҢ 60 ЖЫЛДЫҒЫНА

Бесжылдықтар дабыл қаққан әр тұста,
Қиын қыстау, сын кезеңде, тартыста,
Білім нәрін құйған ұрпақ бойына,
"Қазақстан мұғалімі"-60-та!

Жаңалығын жариялап жер-көктің,
Алпыс жылда азамат боп ержеттің.
Тар заманнан бар заманға жетпек боп,
Қаншама рет маңдайыңнан тер төктің.

Көрдің бәрін- соғысты да басқаны,
Уақыт сені талай рет жасқады.
Бірақ соның жеңіп шықтың сен бәрін,
Сені сүйіп келеді оқып жас-кәрі.

Көрдің бәрін-тоқыраудың тоқпағын,
Көрдің бүгін азат елдің ақ таңын.
Нық адыммен ел сенімін арқалап,
Алпыс деген асқар белге аттадың.

Аяғыңды бүгін алшаң басасың,
Арнаңнан да буырқанып асасың.
Ұстаз біткен былай дейді бүгінде:
"Қазақстан мұғалімі" жасасын!

Бұған не алып, не қосуға болады,
Жарқырай бер туған елдің шырағы.
Кімнің болсын ұстаз десе ойында,
"Қазақстан мұғалімі" тұрады.

Бүгін саған айтар тілек бізде көп,
Қуаныштан жарқырайды жүректе от.
Нарық келіп қысқан мынау тар шақта,
Бұрынғыдан тұрсың тіпті керек боп.

Ойсыздарға ой бөліп бер бүгін сен,
Мисыздарға ми құйып бер бүгін сен.
Жеріңді сат, тіліңді ұмыт де тендер,
Қалтырасын сен алыстан көрінсең!

Достарыңа құшақ жайып лапылда,
Қастарыңа жай отындай жарқылда.
Алпыс жасқа толсаң да сен, газетім,
Тұрсың әлі жап-жас уыз қалпыңда.

Азат елде асқақ даусың шалқысын,
Зеңгір көкте көгершін боп қалқысын.
Құтты болсын дейміз саған біз бүгін,
"Қазақстан мұғалімі" алпысың!
КҮШТІЛЕР

Көз ашқаннан көрдім талай күштіні,
Озбырлар мен неше түрлі тістіні.
Соның бірі бала кезде сабады,
Сайтан сынды жаман еді ұсқыны.

Күшті екен деп қорқа алмадым бірінен,
Кім болса да тең сөйлестім ірімен.
Соның бірі жетімек деп қорлады,
Таяқ жедім сол пасықтан шіріген.

Таяқ жедім, күшті еді ол өйткені,
Бұрап тастар ашуланса дөйт еді.
Ол жындыға жүдырық ала жүгірер,
Мен байғұста ешбір қауқар жоқ еді.

Бәрі қызық еске түссе өткен күн,
Күштілерді мына өмірде көп көрдім.
Бір күшті ағам қызметімді өсірді,
Сол ағадан мықты адам жоқ дедім.

Ұмыттым да жеген талай таяқты,
Алшаң-алшаң басып жүрдім аяқты.
Бір күшті ағам қызметімнен босатты,
Шырылдатты КГБ сияқты.

Одан кейін табаға сап шыжғырды,
Оттай жанған жүрегімді мұз қылды.
Мойындадым күштілерді амалсыз,
Көрген сайын озбырлық пен озбырды.

Сөйтіп жүріп қара шашты ағарттым,
Күштілерге мұрнымды да қанаттым.
Шәуілдеген кондендерді тебем деп,
Талай рет балтырымды жалаттым.

Қиындығын көрген сайын өмірдің,
Амал қанша, күштілерден жеңілдім.
Жүрген сайын мына жердің бетіңде,
О, сүм жалған, мен өзіңнен түңілдім.


ТЕҢГЕ

Қазір жұрттың бәрі-бәрі теңге деп,
Ертелі-кеш жүгіреді дөңгелеп.
Алақтаған, жалақтаған жан кілең,
Ақша үшін өлуге бар, не керек.

Ар-ұяттың жинап қойып бәрін де,
Саудагер боп кетті жас та, кәрі де.
Теңге қуып жүргеніңде күн ұзақ,
Дымың құрып таусылады әлің де.

Дорба арқалап арақ сатып сүмеңдеп,
Күндіз-түні сауда қуып жүрген көп.
Жон теріңді сыпырады саудагер,
Өп-өтірік аярлана күлген боп.

Тенге болды сыққан бит пен бүргелер,
Сатылады үлделер мен бүлделер.
Қонақ үйдің аңдып жүрген бұрышын,
Қаракөз қыз тәнін сатып күн көрер.

Шал-кемпірлер темекісін сатады,
Рэкеттер төбелесіп жатады.
Ақындар жүр өткізе алмай кітабын,
Алты алашқа жайылса да атағы.

Заман мынау қиын еді не деген,
Ештеңе жоқ қазір артық теңгеден.
Шақшадай бас шарадай боп мәңгіріп,
Қалай енді күн көрем деп сенделем.

Тәтті сұрап мазаңды алар балаң да,
Дәрі тілеп сыздайды кеп жараң да.
Тістенесің жара үстіне тұз сеуіп,
Теңге сұрап жатыр далаң, қалаң да.

Ақша, ақша сауамын деп ақшаңдап,
Кәрі-жастың кеткен бәрі қақшаңдап.
Жаңа көйлек әпермейсің деп қатын,
Күнде шатақ шығарады бақшаңдап.

Сөйтіп күнде жүгіресің дөңгелеп,
Құзар шыңның жартасына өрмелеп.
Тірлігіңнің тұтқасы ақша болса егер,
Өлетұғын шығармыз біз теңге деп.


ӨМІР ЖОЛДАРЫ

Өмір жолдары сан тарау,
Қан тепкен сансыз тамырдай.
Шығу бар шыңға, бар құлау,
Тік жүру қиын жаңылмай.

Жолда осы талай шаршадым,
Жасырам оның мен несін.
Кеудемді асты қанша мұң,
Жүректің шертіп пернесін.

Ақ таңға сәлем беремін,
Келсін деп күліп алдан күн.
Аңқылдап жүрген жан едім,
Сан рет оңбай алдандым.

Қиналдым кейде теңселіп,
Мазалап жанды күдіктер.
Жабы боп шықты мен сеніп,
Тұлпар деп жүрген жігіттер.

Өзіңді сүйген іңкәр боп,
Қүдіретің өмір, мықты ғой.
Жігіттер жүрген сүңқар деп,
Жапалақ болып шықты ғой.

Сырларың көп қой ұққанға,
Ұяттан кейде жанамын.
Қаршыға болып шыққанда,
Қарға деп жүрген адамың.

Қайтейін соның бәрі де,
Қателік болар, балаңдық.
Жаныма менің әлі де,
Ұя салған жоқ арамдық.

Мен соған іштей қуанам,
Жақсылық туым-ұраным.
Қайғырсам тез-ақ жұбанам,
Сенім мен төзім-жыр-әнім.

Терейін өмір гүлдерін,
Мен де бір таңмын жаңа атқан.
Зулай бер, зула күндерім,
Жұлдыздай ағып баратқан.