Қазіргі заман

 ҰРПАҚ СӨЗІ

Қиын жылдарда ержетіп,
Жаутаңдап өстім әркімге.
Табысқа кейде қол жетіп,
Үмітімді арттым әр күнге.

Қарным да ашты жасырман,
Ұйқым да қашты талай түн.
Қиындық өтті басымнан,
Келмеді оңай арай күн.

Бақытты, бақты іздедім,
Еңбектен, маңдай терімнен.
Күдерді бір сәт үзбедім,
Табамын деген сеніммен.

Ал қазір шүкір, бәрі бар,
Отбасы, қызмет, үй де бар.
Дос та көп, жау да табылар,
Бір қонақ күтер күй де бар.

Тамақ тоқ, көйлек және көк,
Уайым жоқ жырдан басқа түк.
Келе ғой шабыт кәне деп,
Отырам түнде бас қатып.

Ұрсады ондайда жұбайым,
Аз қатқан жоқ қой басың деп.
Өзіңді кейде аяймын,
Ағарып барады шашың деп.

Аяма мені, аяулым,
Жетімдеу өскен ұрпақпын.
Жанымда болса қаяу-мұң,
Жырыммен оны қымтаппын.

Жүректе содан мың ұшқын,
Қинағаны рас талай күн.
Соңғы жетімі соғыстың,
Тілегім мен-ақ болайын!