Қазіргі заман - Миялыға

МИЯЛЫҒА

Сенімен бір еді менің қиялым,
Ашық күнде опат болған Миялым.
Жайсыз хабар жеткен кезде төгілген,
Көз жасымды енді қалай тиямын?

Көктем болып күліп келер ақ таңда,
Үйлер қүлап, апат болып жатқанда.
Үзіліп түскен сияқты еді жүрегім,
Түңілгендей жақыннан да, жаттан да.

Булыққаннан бітелгендей көмейім,
Мынау ғажап бейқамдыққа не дейін.
Өмір бойы долданбаған Ойылым,
Тасыды деп қалай ғана сенейін.

Ех, Миялым, Миялым-ай, Миялым,
Қымбат еді шөбің, нуың, қияғың.
Су астында қалды-ау көбі үйлердің,
Биігіндей адыраспан, мияның.

Зарлы үнің жеткен кезде құлаққа,
Жүрсем-дағы астанада, жырақта.
Жан-тәніммен сеніменен бір болдым,
Сен даусымды естімедің бірақ та.

Қиын күндер кешкеніңді білемін,
Сен деп соғып жатты жүрегім.
Ел еңсесін түзесе екен тезірек,
Деп күн сайын тілеуіңді тіледім.

Сол тілегім орындалар күн келді,
Ауыл көркі бұрынғыдан жөнделді.
Бүкіл халық қолын созып өзіңе,
Шет елден де алдың көмек, жәрдемді.

Еске түссе сол бір күндер қайтадан,
Жел тербеген кәрі емендей шайқалам.
Бір құдірет болса жердің бетінде,
Туған жердің құдіреті деп айта алам!

Сен әрқашан арман, ойым, қиялым,
Сен арқылы мен еңсемді жиямын.
Гүлдене бер, көркейе бер, жайнай бер,
Туған жерім, о, Миялым, Миялым!

***
О, Миялым, көрмегелі көп болды,
Жүрегіме сағыныш боп өрт қонды.
Көз алдыма елестесе өткен күн,
Сағынамын өзіңде өткен көктемді.

Сені ойласам түнгі ұйқымды төрт бөлем,
Арман қанша жете алмаған, жетпеген.
Ақын боп та, әкім боп та мен әлі,
Биіктерге шыға алмаппын көптеген.

Біреу айтар тәкаппар ғой, өр ғой деп,
Біреу айтар құр қалада жүр ғой деп.
Білер бірақ қадірімді ағалар,
Менен бұрын тоздырғандар бір көйлек.

Мен туралы осек те көп білемін,
Бірақ саған адал менің жүрегім.
Не десе де айта берсін жүрт сөзін,
Сені сүйген көп ұлыңның бірі едім.

Сондықтан да сені ойлаймын, Миялы,
Жетер күнді қиялдаймын, Миялы.
Сенен асқан жер жаннаты жоқ деуге,
Ешқашанда ұялмаймын, Миялы.

О, Миялы, жарқыраған жарығым,
Құдіретіңді алыс кетіп таныдым.
Жұлдыз болып жана бер сен көгімнен,
Көкірегімде күмбір қаққан алыбым.