Қазіргі заман - Ойлан, Қазақ

ОЙЛАН, ҚАЗАҚ

Екі етегі далаңдап шапқан қазақ,
Бірін-бірі жау көріп қапқан қазақ.
Ұйқыдан жаңа оянған күй кешуде,
Тілін, дінін енді-енді тапкан казақ.

Сөйлесе күмп-күмп етіп бөскен қазақ,
Далаға қыр жағалап көшкен қазақ.
Аштықтан қырылып қап, ал қалғаны,
Жойылып жер бетінен өшкен қазақ.

Табиғатын тоздырып алған қазақ,
Жерін түгел аздырып алған қазақ.
Үй сап беріп өзгеге қарқарадай,
Жер кепеде жарбиып қалған қазақ.

Семей, Балқаш, Аралды қүртқан қазақ,
Аямай кең даланы жыртқан қазақ.
Өзен-көлден айрылып енді-енді,
Табиғаттың қадірін ұққан қазақ.

Ана тілін аяқпен тепкен қазақ,
Мақтанса іші местей кепкен қазақ.
Ұйқыдан күндіз-түні бас көтермей,
Өмірі жалқаулықпен өткен қазақ.

Өзге ұлтқа мысқылдап күлген қазақ,
Бір-біріне ит болып үрген қазақ.
Бастық болса басқаға көзі түспей,
Машинаға шіреніп мінген қазақ.

Арақ көрсе сіміріп ішкен қазақ,
Бөтелкенің ішіне түскен қазақ.
Ертеңіне бет-аузы көнектей боп,
Көлкілдеп, быт-шыт болып іскен қазақ.

Қан майданда Берлинге барған қазақ,
Қайыр сұрап бүгінде болған мазақ.
Жекешеге көшкенде басқа ұлттар,
Аңқиып айдалада қалған қазақ.

Театрлардың есігін жапқан қазақ,
Бейнефильмнен керегін тапқан қазақ.
Қазақша газет көрсе теріс қарап,
Орысша газет іздеп шапқан қазақ.

Бостандық күні келді елге қазақ,
Ие бол туған мына жерге қазақ.
Сынасам айып етпе шындықты айтып,
Өйткені шын жылайтын мен де қазақ.

Жүрегі ақ, қонақжай қайран қазақ,
Келімсекке кеңірдектен тойған қазақ.
Бүгінгі жагдайың да жақсы емес,
Сондықтан ойлан қазақ, ойлан қазақ!