Қазіргі заман - Зар заман

ЗАР ЗАМАН
Мына заман қай заман азған заман,
Адамдар мен табиғат тозған заман.
Өткен күн мен келер күн еске түссе,
Іш өртеніп, көзден жас ағар жаман.

Мына заман қай заман зарлы заман,
Тірлік құны түкке де арзымаған.
Бай, манаптар өмірге қайта келіп,
Ал байғұстар қайғыдан зар жылаған.

Мына заман барыңды сатқан заман,
Дос халықтар безінген жаттан жаман.
Бір үйдің баласындай қазақ халқы,
Бір-бірін көкіректен атқан заман.

Мына заман өтірік күлген заман,
Ит жоқта шошқа болып үрген заман.
Тірлігің тірлік емес қайыршылық,
Өмірің жан шыдамас көрден жаман.

Мына заман қылмысқа батқан заман,
Қол созғаның қарыз боп жатқан заман.
Шет елден тамақ сұрап, ала алмай,
Қаншырдай қарын байғұс қатқан заман.

Мына заман не болған күлер ме күн,
О, халқым, қарның тойып кірер ме өңің?
Сол кезде қазіргідей бытырамай,
Бір сапта қазақ болып жүрер ме едің?

Мына заман әзірге қиын заман,
Қуаныш та, шаттық та бұйырмаған.
Әй, білмеймін, білмеймін, ертеңгі күн,
Енді қандай ұсынар сыйын маған!
...Ал әзірге заманың қиын заман!!!