Қазіргі заман - Жоқшылық жыры

ЖОҚШЫЛЫҚ ЖЫРЫ

Дүкендерден заттың бәрі жоғалды,
Кешегі бай халық жұрдай тоналды.
Қайта құру деп қақсаған қасқалар,
Құрдымға әкеп тақап қойды қоғамды.

Мынау алып державадан орасан,
Не қалады күндіз-түні тонасаң.
Киім де жоқ, тамақ та жоқ бұл күнде,
Көп адамдар жалаңаш жүр қарасаң.

Талғамай-ақ алтын, күміс, темірді,
Мафиялар көртышқандай кемірді.
Не зат керек сауда жасап күні-түн,
Саудагерлер жардай болып семірді.

Қайда барма, не іздеме ым қаққан,
Алаяқ көп адамдарды зарлатқан.
Нарық, салық қоса қабат жұлмалап,
Қанап жатыр халқымызды жан-жақтан.

О, о, енді не істерміз, не істерміз,
Торғайдай боп тоз-тоз болып кетерміз.
Қайыр сұрап, шет елдерге қол жайсақ,
Амалдап бір арам қатпас па екенбіз?

Осы сұрақ жегідей жеп жанымды,
Сорып жатыр бойымдағы барымды.
Қайда халқым барасың деп бірақ та,
Сұрар ешкім табылмай тұр халімді!