Қазіргі заман - Ұмытпа

ҰМЫТПА

Марқұм Амангелді Декеевке

Туған жерім, ертеде де, кеште де,
Мен сен үшін тындырмаппын ештене.
Егер ексем бір тал сенің төсіңе,
Түспес еді бүл әне бір күшке де.

Кешір мені, еге алмаппын бір тал да,
Бола алмаппын ұзағырақ ортаңда.
Сені бірақ сүйдім ыстық жүрекпен,
Борышым көп мәңгі-бақи арқамда.

Бүгін мына жасыл баққа келгенде,
Сыбдырлаған теректерді көргенде.
Көз алдымнан Амангелді кетпеді,
Тағзым еттім біз бір жүрген жерлерге.

Баяғыдай ойнақ салып ақ бұлақ,
Алға қарап келе жатыр шапқылап.
Теректер тұр басын желдер желпіген,
Ортасында Амангелді жоқ бірақ.

Осы бақты ектірді ғой сол жігіт,
Бағбандармен күні-түні бір жүріп.
Ажал қандай қатыгез ең, қатты едің,
Кете бардың бір жұлдызды сөндіріп.

Сөңген жүлдыз жарқырар ма қайтадан,
Жоқ, жоқ дейді терек басын шайқаған.
Тұрмын үнсіз, жүрегім қан жылайды,
Үндегенде енді мен не айта алам?

Асып-тасқан көңіл-күй жоқ баяғы,
Оқи алмай түрмын жаңа жырымды.
Жасыл желек егіп кеткен төсіңе,
О, туған жер, ұмытпа осы ұлыңды!

***
Ex, досым, Амангелді, Амангелді,
Әлі де жүре тұрсаң жаман ба еді?
Неге сен ерте кеттің арамыздан,
Жылатып, еңіретіп тамам елді.

Ұл-қызың қалды артыңда аңыраған,
Үй қалды үңірейіп қаңыраған.
Өзіңді күнде іздейді кең өрістен,
Достарың қозыдай боп жамыраған.

Ұяң ең, адал едің, арман едің,
Асқақтап биіктерде жанған едің.
Оқ бойы озып шыгып ардақты дос,
Тұлпардай болашаққа самғап едің.

Жігіт пе жігіт көкке самғамаган,
Арманын алғы күнге жалғамаған.
Сорғалап жөнелгенде көк жүзіне,
Кім білсін көз тиді ме сонда саған.

Тірліктің мың сұрағы дал қылды ма?
Әлде өкініш өзекті жандырды ма?
Не болды, неге кеттің ерте өмірден,
Адамдар көңіліңді қалдырды ма?

Қайтесің, жоқсың бүгін арамызда,
Өкініш оты қалды санамызда.
Томпиып қыр жанында ұйықтап жатсың,
Қыс келді тағы туған даламызға.

Қыс өтер, ертең көктем, жаз да келер,
Көк аспан жерге маржан нүрын себер.
Достарың бар жерде әрқашан өзің барсың,
Атың да от боп мәңгі маздай берер!