Қазіргі заман - Освенцимде болғанда

ОСВЕНЦИМДЕ БОЛҒАНДА

50 миллион жан өліп, шарпып өткен жер үстін,
Жүрміз көріп ең үлкен музейін біз соғыстың.
Жалаулары сан елдің басын иіп тұр мұнда,
Бәрі де бар... поляк, чех, болгар, румын, орыстың.

Басын иіп тұр қатар қара оранған жалаулар,
Жалаулардың алдында мәңгілік от алаулар.
Зұлымдық пен жауыздықтың сұм тарихын баяндап,
Келгендерге сыр шертеді суреттер мынау бар.

Қақпаларын шойын тастан шомдап соғып тастаған,
Асфальт жолдар кетіліпті тас қамалга бастаған.
Зәулім қорған үсті толған ток жүргізген тікен сым,
Мына жерден құтыла алмас адам түгіл ұшқан аң.

Сұп-сұр үйлер, казармалар сұстанып тұр әлі де,
Біз куәміз дегендей боп сол сұмдықтың бәріне.
Дар ағашы... Чемодандар кісі аттары жазылған,
Протездер... көзілдіріктер... үйіліп жатыр бәрі де.

О, сұмдық-ай балалардың көз әйнегі киілген,
Жүз вагонга жүк болардай жатыр тау боп үйілген.
Иелері жанып кеткен алып пеште күл болып,
Он биік тау тұрғызуға болар қалган киімнен.

Жүздеген мың қыз-келіншек отқа өртеніп құртылған,
Талай бөлме тіреліп тұр бұрымдарға қырқылған.
Толып жатыр тұтқындардың нөмірлері жазылған,
Ала киім, жыртық шинель түте-түте жыртылған.

Ойлап тапқан қанішерлер жауыздықты не түрлі,
Лабораторияларда үюлі тұр кісі өлтіргіш ертінді.
Осы жерде сынамақ боп талайларды мерт еткен,
Сап-сары ала дәрілермен сары бүйі секілді.

Ыңырсиды сұмдықты айтып басып қалсаң әр ізді,
Шырқырайды есіктері ашсаң барақ, дәлізді.
Тұр маңқиып кісі өртеген алып крематорийлер,
Жауыздық пен зұлымдықтың ескерткіші тәрізді.

Өлді мұнда дейсің небір жайсаң менен сан алып,
Мына бір суретте өлген жандар ашулы итке таланып.
Сол сұмдықты көрген мына биік қарағайлардың,
Кеткен сияқты бастары ерте ағарып.

Тіпті мынау қақ түбінен кесілген көп түбірлер,
Әлі күнге сол сұмдықтан ес жия алмай күбірлер.
Бәрін айтып тұр Освенцим азалы үнмен былай деп:
Ей, адамдар, сұм соғыстың қасіретін біліңдер.

Ұмытпаңдар өткен соғыс тарихына қараңдар,
Қазір дүние, бүкіл тірлік соғысты ойлап алаң бар.
Қайталанбасын Хиросима, Нагасаки қайғысы,
Сақ болыңдар, сақ болыңдар, адамдар!

50 миллион жан өліп қайыстырған жер үстін,
Ауыр оймен шықтық біз музейінен соғыстың.
Алтын сәуле, нұрлы өмір құшағына оранып,
Төбемізде тұр күлімдеп нұрын шашып күміс күн.