Қазіргі заман - Болмасын соғыс

БОЛМАСЫН СОҒЫС

Баллада

Көргем жоқ көзбен сұрапыл соғыс азабын,
Өткіздім бірақ басымнан оның тозағын.
Соғыстан кейін туған мен міне сондықтан,
Соғысқа жол жоқ деп жырды қанмен жазамын.

Көргем жоқ рас, жарылғанын мен бомбаның,
Атысып жаумен орыс орманында тоңбадым.
Матросовша кеудеммен жауып дзотты,
Нұркен сияқты самолетпен көкте жанбадым.

Көргем жоқ рас, соғысты көзбен көрмедім,
Көкірегім толған бірақ та мұң мен шер менің.
Жадап-жүдеген үйлер мен ауру, мүгедек,
Көз жасы жастай жетім-жесірлердің көргенім.

Соғыстан талай азамат-ерлер келмеді,
Жесірлер "қара қағазға" ерлерін ойша жерледі.
Алты жасымда томашадай боп шөп шаптым,
Жігіт болды деп есепке қосты ел мені.

Ойран боп сонда құлады қанша шаңырақ,
Ботасы өліп қанша ана қалды аңырап?
Үйлердің орнын топырақ пенен күл басып,
Көшелер түгел құлазып қалды қаңырап.

Жылайтын едік жеңгелер әнге салғанда,
Көп еді мұңды көкірегімізде арман да.
Күнге қақталып қатулау болып өскен біз,
Үмітпен қараушы ек ататын әрбір таңдарға.

Бәрін де көрдік, бәріне соның шыдадық,
Гитлер сұмға лағнет айтып жыладық.
Буыным бекіп, қабырғамыз қатпаған біз,
Жұмыстан кейін жер сүзе келіп құладық.

Арқадан аяз, табаннан талай өтті ызғар,
Жүрекке зілдей тоң болып қатты көк мұздар.
Он сегіз жасында жесір атанды талайлар,
Шалдарға тиді уылжып тұрған көп қыздар.

Кешікпей бірақ көп күткен жеңіс келді деп,
Көшеге шықты ел жалаулар қолда желбіреп.
Көктем де жылы шуағын төкті елжіреп,
Көңіл де біраз тазарды мұңнан мөлдіреп.

Басталды күндер жүрекке жайлы тым ыстық,
Далаға келіп қона бастады ырыс-құт.
Бітті деп соғыс қуанғанменен біз бірақ,
Жер бетіне орнай қойған жоқ тыныштық.

Соғыстың аты мұнымен тіпті біткен жоқ,
Тыныш күн бола қоймады әлем күткен көп.
Атом бомбасы ажал боп кенет құйылды,
Хиросима мен Нагасакиге көктен кеп.

Вьетнам, Лаос, Никарагуа, Ливан,
Көгінен жерге қорғасын қанша құйылған?!
Ауғанстан мен Шешенстандағы соғыста,
Есебі жоқ жастардың қыршындарынан қиылған.

Атом, нейтрон бомбаларымен қайысып,
Жердің тұр қазір қабырғалары майысып.
Осыны көріп жүрегім діріл қағады,
Үрей билеп тұр қасиетті даланы.

Болмасын соғыс! Әлемнің күллі тілегі,
Болса егер соғыс не боларын ел біледі.
Қыл үстінде тұрған соң мына жұмыр жер,
Тыншиды қалай ақынның нәзік жүрегі?

Көргем жоқ рас, соғыстың сұмдық азабын,
Өткіздім бірақ басымнан оның тозағын.
Соғысқа жол жоқ, соғысқа жол жоқ деп бүгін,
Сондықтан жырды жүрек қаныммен жазамын!