Қазіргі заман - Ақын досқа хат

АҚЫН ДОСҚА ХАТ

Өтесін Құбиевке

Аяулы алыстағы досым менің,
Көп болды өлең жазып көсілмедім.
Шақ қалдым дауылдарда қирай жаздап,
Түзелді құлап барып қосым менің.

Өмірдің білмеппін ғой өткелін көп,
Өкінем көп арманға жетпедім деп.
Өзегім өртенеді жиі менің,
Неге ерте Алматыға кетпедім деп.

Қайтесің қайғым болар бұл да менің,
Талай жыл бақыт жырын толғап едім.
Алматы ақындардың Меккесі ғой,
Аңсаған шын бақытым сонда менің.

Ех, досым, қайғы да көп, мұңым да көп,
Айтатын өзіңе арнап сырым да көп.
Көргенде қайта-қайта айтушы едің,
Мұң көп қой соңғы жазған жырыңда деп.

Ақын ем қарсы барған мылтыққа да,
Ақын ем жамау болған жыртыққа да.
Албырт ем айтар сөзді айтып өлер,
Жомарт ем шашып жүрер жыртық қалта.

Содан ба жаға алмадым көп адамға,
Өмірдің ауыр сыны тұрғанда алда.
Ақты ғой екі көзден жас та кейде,
Түскенде басым дауға, шырғалаңға.

Жыладым ақты ақ деп айта алмай,
Толқынды қарсы аққан қайтара алмай.
Осындай әлсіздігім болды менің,
Қиналған талай күндер жай таба алмай.

Кез болды талай-талай азап көрген,
Қорлады арыз жазып коззап кілең.
Кеттім мен жақсы көрген қызметтен,
Көрмейсің қолымды енді газеттерден.

Сеніппін жұрттың бәрін дос екен деп,
Білмеппін кейбіреулер өш екен деп.
Жүріппін жүрегімді ашып тастап,
Ауылы жақсылықтың осы екен деп.

Көңілім де ақ еді бөтен ой жоқ,
Жүруші ем Алматыға кетем ғой деп.
Дос де тендер жау болып жайратты ғой,
Атқанда қақ жүректен дөп тиді оқ.

Қайтейін өзімді-өзім жұбатамын,
Алда деп бақыт күткен құла таңым.
Қолтыққа жинағымды қыстырып ап,
Түсімде Алматыға баратамын.

Таң атып нұр сәулеге боянар күн,
Тірліктің қызығына тоя алар кім?
Сағынып Алматыны жүрген кезде,
Ұйқымнан жылап кейде оянамын.

Аяулы алыстағы досым менің,
Көптен бір осы болар көсілгенім.
Білмеймін не болады ертеңгі күн,
Ал бүгінгі жағдайым осы менің...