Қазіргі заман - Күзгі элегия

КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ

Күз де келді,
Мен де осы күздеймін,
Кең даладан бір қуаныш іздеймін.
Күні ертең-ақ мынау жастық шақтың да,
Бастан бұлбұл ұшатынын сезбеймін.

Жапырақ та, шөп те сары, сарыала,
Жел борайды қаңбақ қуып далада.
Түсі суық Жайықтың да сұрланған,
Көл бетінде көрінбейді шағала.

Құтырған жел жұлқылайды шашымды,
Мың сан ойлар торлaп алған басымды.
Кеше ғана жаздай жарқын жас едім,
Енді бүгін кім ұрлады жасымды?

Жастық шаққа оралам ба қайтадан,
Қалай өткен күннен есе қайтарам?
Босқа өткен кездер еске түскенде,
Мынау кәрі терек құсап шайқалам.

Жаз да, күз де өтер бәрі білемін,
Келер күнге көп айтатын тілегім.
Күзден кейін қыс келерін ойласам,
Дірілдейді жапырақтай жүрегім...