Қазіргі заман - Сенемін

СЕНЕМІН

Жүрегім жиі шаншиды,
Отырам түрып төсектен.
Жанымды көп ой жаншиды,
Сыртымнан айтқан өсектен.

Сүмелек жандар тасадан,
Не айтпайды дейсің қаралап.
Келмейтін ойға, жасаған,
Жаланы ойлап табады-ақ.

Бағады айтқан сөзіңді,
Пыш-пыштап өсек тереді.
Айнала беріп көзіңді,
Алдыңа күліп келеді.

Аңғармай тіпті қаласың,
Тұрғанын улы жыланның.
От болып кейде жанасың,
Қанатын тілеп қыранның.

Адамдар, биік жыр-әні,
Барасың қалай ұсақтап?
Желкеңнен таспен соғады,
Тұрып-ақ алдан құшақтап.

Пысқырма оған көңілім,
Шанышпа сен де жүрегім.
Болғанмен ауыр кемді күн,
Жеңеді шындық сенемін.

***

Жабырқау жаным жабыққан,
Ауырған басым қазандай.
Жайым бар әбден торыққан,
Жағада қалған сазандай.

Өзгерсін заман, уақыт та,
Өзгермейді екен зұлымдық.
Ақындар жетпес бақытқа,
Мұны да енді ұғындық.

Өтіпті бір кез арманда,
Қорлықты көріп Қасым да.
Шыдамай жаны жалғанға,
Төлеген де өлді жасында.

Мұқағали ақын от еді,
Тірлікте қорлық көп көрді.
Бүгінде ол да жоқ енді,
Асыға күтер көктемді.

Тұяғы ем мен де солардың,
Жақсы яки жаман болайын.
Толқынды қуып жоғалдым,
Өшіріп жанның арайын.

Өтірік, өсек-түк емес,
Аяр ғой адам баласы.
Ешкімді бірақ жібермес,
Ақынның қарғыс, наласы!