Қазіргі заман - Қазақстан мұғалімі

"ҚАЗАҚСТАН МҰҒАЛІМІ" ГАЗЕТІНІҢ 60 ЖЫЛДЫҒЫНА

Бесжылдықтар дабыл қаққан әр тұста,
Қиын қыстау, сын кезеңде, тартыста,
Білім нәрін құйған ұрпақ бойына,
"Қазақстан мұғалімі"-60-та!

Жаңалығын жариялап жер-көктің,
Алпыс жылда азамат боп ержеттің.
Тар заманнан бар заманға жетпек боп,
Қаншама рет маңдайыңнан тер төктің.

Көрдің бәрін- соғысты да басқаны,
Уақыт сені талай рет жасқады.
Бірақ соның жеңіп шықтың сен бәрін,
Сені сүйіп келеді оқып жас-кәрі.

Көрдің бәрін-тоқыраудың тоқпағын,
Көрдің бүгін азат елдің ақ таңын.
Нық адыммен ел сенімін арқалап,
Алпыс деген асқар белге аттадың.

Аяғыңды бүгін алшаң басасың,
Арнаңнан да буырқанып асасың.
Ұстаз біткен былай дейді бүгінде:
"Қазақстан мұғалімі" жасасын!

Бұған не алып, не қосуға болады,
Жарқырай бер туған елдің шырағы.
Кімнің болсын ұстаз десе ойында,
"Қазақстан мұғалімі" тұрады.

Бүгін саған айтар тілек бізде көп,
Қуаныштан жарқырайды жүректе от.
Нарық келіп қысқан мынау тар шақта,
Бұрынғыдан тұрсың тіпті керек боп.

Ойсыздарға ой бөліп бер бүгін сен,
Мисыздарға ми құйып бер бүгін сен.
Жеріңді сат, тіліңді ұмыт де тендер,
Қалтырасын сен алыстан көрінсең!

Достарыңа құшақ жайып лапылда,
Қастарыңа жай отындай жарқылда.
Алпыс жасқа толсаң да сен, газетім,
Тұрсың әлі жап-жас уыз қалпыңда.

Азат елде асқақ даусың шалқысын,
Зеңгір көкте көгершін боп қалқысын.
Құтты болсын дейміз саған біз бүгін,
"Қазақстан мұғалімі" алпысың!
КҮШТІЛЕР

Көз ашқаннан көрдім талай күштіні,
Озбырлар мен неше түрлі тістіні.
Соның бірі бала кезде сабады,
Сайтан сынды жаман еді ұсқыны.

Күшті екен деп қорқа алмадым бірінен,
Кім болса да тең сөйлестім ірімен.
Соның бірі жетімек деп қорлады,
Таяқ жедім сол пасықтан шіріген.

Таяқ жедім, күшті еді ол өйткені,
Бұрап тастар ашуланса дөйт еді.
Ол жындыға жүдырық ала жүгірер,
Мен байғұста ешбір қауқар жоқ еді.

Бәрі қызық еске түссе өткен күн,
Күштілерді мына өмірде көп көрдім.
Бір күшті ағам қызметімді өсірді,
Сол ағадан мықты адам жоқ дедім.

Ұмыттым да жеген талай таяқты,
Алшаң-алшаң басып жүрдім аяқты.
Бір күшті ағам қызметімнен босатты,
Шырылдатты КГБ сияқты.

Одан кейін табаға сап шыжғырды,
Оттай жанған жүрегімді мұз қылды.
Мойындадым күштілерді амалсыз,
Көрген сайын озбырлық пен озбырды.

Сөйтіп жүріп қара шашты ағарттым,
Күштілерге мұрнымды да қанаттым.
Шәуілдеген кондендерді тебем деп,
Талай рет балтырымды жалаттым.

Қиындығын көрген сайын өмірдің,
Амал қанша, күштілерден жеңілдім.
Жүрген сайын мына жердің бетіңде,
О, сүм жалған, мен өзіңнен түңілдім.