Қазіргі заман - Теңге

ТЕҢГЕ

Қазір жұрттың бәрі-бәрі теңге деп,
Ертелі-кеш жүгіреді дөңгелеп.
Алақтаған, жалақтаған жан кілең,
Ақша үшін өлуге бар, не керек.

Ар-ұяттың жинап қойып бәрін де,
Саудагер боп кетті жас та, кәрі де.
Теңге қуып жүргеніңде күн ұзақ,
Дымың құрып таусылады әлің де.

Дорба арқалап арақ сатып сүмеңдеп,
Күндіз-түні сауда қуып жүрген көп.
Жон теріңді сыпырады саудагер,
Өп-өтірік аярлана күлген боп.

Тенге болды сыққан бит пен бүргелер,
Сатылады үлделер мен бүлделер.
Қонақ үйдің аңдып жүрген бұрышын,
Қаракөз қыз тәнін сатып күн көрер.

Шал-кемпірлер темекісін сатады,
Рэкеттер төбелесіп жатады.
Ақындар жүр өткізе алмай кітабын,
Алты алашқа жайылса да атағы.

Заман мынау қиын еді не деген,
Ештеңе жоқ қазір артық теңгеден.
Шақшадай бас шарадай боп мәңгіріп,
Қалай енді күн көрем деп сенделем.

Тәтті сұрап мазаңды алар балаң да,
Дәрі тілеп сыздайды кеп жараң да.
Тістенесің жара үстіне тұз сеуіп,
Теңге сұрап жатыр далаң, қалаң да.

Ақша, ақша сауамын деп ақшаңдап,
Кәрі-жастың кеткен бәрі қақшаңдап.
Жаңа көйлек әпермейсің деп қатын,
Күнде шатақ шығарады бақшаңдап.

Сөйтіп күнде жүгіресің дөңгелеп,
Құзар шыңның жартасына өрмелеп.
Тірлігіңнің тұтқасы ақша болса егер,
Өлетұғын шығармыз біз теңге деп.