Қазіргі заман - Ауруханада

АУРУХАНАДА

Шаншиды жүрегім,
Ауырады басым да.
Аз күнде жүдедім,
Ешкім жоқ қасымда.

Үн-түнсіз жатамын,
Мүжиді жеңіп дерт.
Көп ойға батамын,
Шеті де шегі жоқ.

Зияным жоқ еді,
Тірі бір пендеге.
Жақсы ісім көп еді,
Қиналам мен неге?

Аз ба еді достарым,
Қайғырып келмейтін.
Бар ма еді қастарым,
Сыртымнан күндейтін.

Жатамын үн-түнсіз,
Күн өтіп болмайды.
Ойынсыз, күлкісіз,
Жанға жаз қонбайды.

Отырып ойланам,
Өткенді, кеткенді.
Оңаша ой бағам,
Күтемін көктемді.
Миялы, 1988, қаңтар.

***

Таңылып төсекте жатырмын,
Халі оңша жақсы емес ақынның.
Лүпілдеп жүрегім, тасып қан,
Қалжырап қалған бір пақырмын.

Жаныма шипа іздеп дәрігер,
Медбике қыздар да әбігер.
Күн сайын ішсем де сан түрін,
Еститін сөзім тек, дәрі бер.

Берсең бер, дәріңді ішейін,
Ажалмен айкасқа түсейін.
Жүректің бойына жармасқан,
Кеселдің тамырын кесейін.

Әлім жоқ табанмен жер тірер,
Ішейін дәріңді бере бер.
Ішпесем дәріңді мына ауру,
Ақынды ертең-ақ өлтірер.

Сары уайым еңсемді езеді,
Сан қилы ой миымды кезеді.
Жүректі паршалай түседі,
Сыртымнан айтқан ел өсегі.

Төсекте үн-түнсіз жатамын,
Ұзақ күн сан ойға батамын.
Жақынды жау еткен заманға,
Қапамын, мен қатты қапамын.

Қайтейін, қайтейін шыдармын,
Көп болса морт етіп сынармын.
Күш берсе бойыма дәрігер,
Қасқайып ертең-ақ тұрармын.

Тұрармын, бұл жерден кетермін,
Алматым, өзіңе жетермін.
Білмеді қадірімді туған жер,
Нетермін, мен енді нетермін.

Болма алаң халіме әбігер,
Айтамын мың алғыс дәрігер.
Пақыр боп жатырған пендеңе,
Қарындас, өтінем, дәрі бер.
Миялы, 1988, қаңтар.