Қазіргі заман - Қымбатым сен

ҚЫМБАТЫМ СЕН

О, туған жер, төсіңде өскен гүл едім,
Аспаныңда асқақтаған жыр едім.
Сені сүйген көп ұлыңның бірі едім,
Тек өзің деп соғушы еді жүрегім.

Сенен қымбат бар деп маған айта алман,
Жемсіңнен таттым талай жайқалған.
Қадіріңді білмей келсем кеш мені,
Көңіліңді кезім болса қайтарған.

Жастықпенен шалқып тасқан шығармын,
Арнамнан да асқан кейде шығармын.
Өлең жазсам жалын болып өртеніп,
Аяқты да шалыс басқан шығармын.

Ағаларға еркелеген шығармын,
Қиындыққа қайыспаған шынармын.
Сағынсам да, сарғайсам да, туған жер,
Алыс жүрмін, қайтермін мен шыдармын.

Мен өзіңді ұмыта алман, ұмытпан,
Қанша алдымнан атса-дағы күліп таң.
Құс боп ұшып жеткім саған келеді,
Көрсең ғой бір ұлыңды әбден зарыққан.

О, туған жер, қымбатсың ғой, қымбатсың,
Кеудемдегі күмбір қаққан ырғақсың.
Бүгін тағы өзіңді аңсап отырмын,
Сағыныш боп өлеңдерім тіл қатсын!