Махаббат

СЫР

Махаббат!
Көп болды мен сенімен сырласпадым,
Жанымның жайып тастап нұрлы аспанын.
Өзіне өзге ұядан тапты бақыт,
Өзің деп тебіренген алғашқы әнім.

Білмеймін кім кінәлі енді бұған,
Әлі есте өткен күндер бұлдыраған.
Бір күні гүл теруге барған едік,
Құлындай кезімізде құлдыраған.

Гүл тердік қатар жүріп алқынысып,
Шаттықтың бал шарабын шалқып ішіп.
Сен жүрдің ойнақ салып, оттай жанып,
Аққудай қырдан төмен қалқып ұшып.

Қайтпақшы болдық білем кешінде тек,
Алаулап тұрды көзде-от, сезімде де-от...
Жабысып ерінге ерін... одан кейін,
Не болды... Өлтірсең де есімде жоқ.

Жан-жағы өртенгендей болды алаптың,
Жаныңды бекер сонда жаралаппын.
Жеке үйдің жалқы қызы-ай маған кейіп,
Жүгіріп жалаңаяқ бара жаттың.

Өмірдің білмедім бе өткелін көп,
Саған да кінә қойман шеттедің деп.
Өзіме-өзім әлі өкпелеймін,
Мен сонда неге қуып жетпедім деп.