Махаббат - Сағыныш


САҒЫНЫШ
Туған жер, сенде өткізген,
Таңдарымды аппақ сағындым.
Сырласып жүрген көп қызбен,
Толқыды бірге жаным мың.

Тобылғы сайдың басында,
Тамаша қуып жүргенде,
Толқын шаш бір қыз қасымда,
Таң болып аппақ күлгенде.

Талайдан кеуде сыздаған,
Тамырым сексен солқылдап.
Тоқ балтыр сұлу қыз маған,
Толықси қарап сылқылдап.

Тағаты қалмай құлаған,
Талқан қып сезім-жүректі.
Тұңғыш бір мықтап жылаған,
Таңға артып аппақ білекті...

Таң атты сондай не түрлі,
Тербетіп өтіп шат үнді.
Толқын шаш сұлу бір күні,
Тойына мені шақырды...

Таңырқап жүрек шерменде,
Тандым да естен жыладым.
Тағдырым соғып сол жерге,
Тағы да бүгін оралдым.

Тал шыбық сонда көктеген,
Тамырын жайып түр әлі.
Тырналар ұшып көк белден,
Гүл теріп топ қыз шығады.

Тобылғы сайдың басында,
Томаша қаулап өсіпті,
Толқын шаш қыз жоқ қасымда,
Таяуда болған бесікті...

Сырласып талай көп қызбен,
Толқыған қайран, жалын күн?!
Төсінде қырдың өткізген,
Таңдарды сол бір сағындым.