Махаббат - Мен сені түсімде...


МЕН СЕНІ ТҮСІМДЕ КӨРДІМ

Сені көрдім сүйген сәулем түсімде,
Жүр екенбіз алма бақтың ішінде.
Үстіңде аппақ көйлегің бар ақ қардай,
Күннің нұры шашу шашып жатқандай.

Алтын сәуле күліп көктен күлімдеп,
Бұлақ ағып жатыр баяу дірілдеп.
Ақ қайыңдар сыбдырлап сыр шертеді,
Қуаныштан жүрек жанып елтеді.

Жанарыңнан шаттық нұры төгілген,
Күнім менің, күліп келген көгімнен.
Еркелейсің, сақ-сақ күліп келеміз,
Біріккендей болып кейде денеміз.

Жатқан кезде шаттық нұрға боянып,
Осы жерде кеттім кенет оянып.
Алыстағы өзіңді ойлап жатырмын,
Ал өзің ше, сағындың ба, ақылдым!

Жүрегімде бүршік жарып гүл-үміт,
Кеттім сергіп, жалын атып құлпырып.
...Түс-ақ болсын, өңдегіден түу алыс,
Көптеу болғай деп тіледім қуаныш!