Махаббат - Аңсау


АҢСАУ

Әнім едің, сәнім едің сен менің,
Сен бар жерде мен мұң бар деп сенбедім.
Қызыл гүдей өзің барда қасымда,
Көңілді боп өтуші еді күндерім.

Жоқсың бүгін, көктем қайта оралды,
Жас жүрегім елегзитін боп алды.
Біз қыдырған алма бақтар гүл атып,
Ақ қайыңдар ақ желекке оранды.

Қайда жүрсің, қалқам, менің аңсаған,
Саған арнап мұңға батып ән салам.
Арманымның аппақ құсы едің сен,
Не болады арманы жоқ болса адам.

Сондықтан да сені қалқам сағынам,
Күнде іздеймін туған жердің бағынан.
Сенен хабар келе ме деп қараймын,
Құстар ұшып өтсе көкте салып ән.

Көктем келді ақ жаңбырын тамдырып,
Асқар таулар жатыр қайта жаңғырып.
Тек мен ғана мұңданамын аяулым,
Сағынышым төзімімді талдырып.

Әнім едің, сәнім едің сен менің,
Сен барда мен мұңдануды білмедім.
Келші, қалқам, бірге болып мәңгіге,
Бір терейік туған жердің гүлдерін.