Махаббат - Қадалып неге...

ҚАДАЛЫП НЕГЕ ҚАРАДЫҢ?

Қадалып неге қарадың,
Қаракөз балғын қарындас.
Жарқ етіп отты жанарың,
Қалдырдың ойға жалын жас.

Өтінем, бұлай қарама,
Орарсың өртке жанымды.
Оңай да соқпас ағаңа,
Сөндіру сосын жалынды.

Жанарың мөлдір, көркемсің,
Сұлуға құмар түгел ел.
Еліктей ерке екенсің,
Еркелеп дәйім жүре бер.

Жүре бер, күліп, досым-ау,
Шұғылалы таңдар қарсы алсын.
Бір күні шатты осынау,
Жас кезіңді де аңсарсың.

Мұңдансаң да, күлсең де,
Жүрекке бәрін құлыпта.
Әйтеуір қайда жүрсең де,
Ақын ағаңды ұмытпа!