Махаббат - Алдап кетті...


АЛДАП КЕТТІ МАХАББАТ
Жауқазындай үлбіреген гүл едің,
Бір өзің деп соқты менің жүрегім.
Махаббаттан күшті сезім жоқ болар,
Сенен артық қыз бар деп мен білмедім.

Сондықтан ба көңілімде күй тасып,
Өлең болып қалсақ деуші ем ұйқасып.
Көкірегімді жандырып от-сағыныш,
Өз-өзіммен жүрдім іштей айқасып.

Алма жүзің, қара көзің мөлдіреп,
Қарсы алдымда сен тұрғанда күлімдеп,
Қуанушы ем, күлімдеген алтын күн,
Орнағандай жүрегіме менің кеп.

Амал қанша, бұл ұзаққа бармады,
Махаббатым мені бір күн алдады.
Қабағымды кіреукелеп қара бұлт,
Мұңға айналды қуанышты ән бағы.

Сенің ыстық махаббатың сөнді деп,
Бір ауыр мүң тас төбемнен төнді кеп.
Тұңғыш рет сүйіп едім ерніңнен,
Сол сүйгенім екен менің соңғы рет.

Қол жетпеген арманым деп аңсаған,
Кейін талай жыр арнадым мен саған.
Мұңға орандым өлең жазған кезімде,
Сені ойладым кездерімде шаршаған.

Жалғап алып бір үзілген әнімді,
Мен өлеңге салдым сөйтіп барымды.
Махаббатты жырлаймын деп мұңдана,
Ақын болып шыға келдім кәдімгі.

Маған ба әлде, ғашық па әлде жырыма,
Көп қыздардың ұялаппын жанына.
Сол үшін мен айттым кейін қанша алғыс,
Махаббатым, қонбай кеткен бағыма.

Жүрегімнің тырнап кейде жарасын,
Қиялымда жарқ етіп бір жанасың.
...Өлең жазсам әлі күнге сондықтан,
Көз алдыма сен кеп тұра қаласың.