Махаббат - Махаббатты...

МАХАББАТТЫ ЖЫРЛАЙСЫҢ ДЕП

Махаббатты жырлайсың деп өкпелеп,
Жазғырасың аяулым-ау тектен-тек.
Онсыз өмір жоқ қой жердің бетінде,
Онсыз ешкім бақытқа әлі жеткен жоқ.

Есіңде ме, біз табысқан сол бір күн,
Сені ішінен таңдап едім мың гүлдің.
Күн боп күліп қонған менің кеудеме,
Бар бақытым өзің болып көріндің.

Қызық еді сол бір күндер аяулы,
Білмеуші едің тіпті мені аяуды.
Еркелікпен сағындырып, сарғайтып,
Жүрегіме салдың талай қаяуды.

Талай қойдың терезеде күттіріп,
Күттім қанша аяздарда тік тұрып.
Соныменен жүрдің бе екен сен маған,
Махаббаттың қадірін де ұқтырып.

Деп жүргенмен өзіңменен мен егіз,
Кейде біздер өсекке де сенгенбіз.
Талай рет айрылыса жаздадық,
Теңіздерде аударылып кемеміз.

Сондай кезде мұң жанымды тербеген,
Жазушы едім бұрқыратып мен өлең.
Арманымның қашан да ұшар басынан,
Аяулы еркем сені ғана көрер ем.

Еске түссе сол бір күндер бүгінде,
Бір ақ сәуле құбылады өңімде.
Махаббатты қадірлесін деймін мен,
Тұрған жастар ақ қайыңның түбінде.

Сондықтан да махаббат деп жыр жазам,
Жылытамын жүректерді мұздаған.
Құбылмалы осынау шақ сын ғой бір,
Талай рет біз өртене жаздаған.

Махаббатты жырлайсың деп өкпелеп,
Жазғырасың аяулым-ау тектен-тек.
Онсыз өмір жоқ қой жердің бетінде,
Онсыз ешкім бақытқа әлі жеткен жоқ.