Махаббат - Ақ жаңбыр...


АҚ ЖАҢБЫР ЖӘНЕ АҚ КӨЙЛЕК ТУРАЛЫ ЖЫР

Біз онда жап-жас құрбы едік қатар бір жүрген,
Орманға барып жүруші ек теріп бүлдірген.
Мәңгі жас болып жүре берердей көріппіз,
Өмірдің лезде есейтетінін кім білген?

Зулады күндер апталар ағып, ай талай,
Жастықтың өтті күндері қызық байқалмай.
Он сегіз жасқа шыққан кезінде мен жүрдім,
Жанымдай сені сүйетіндігімді айта алмай.

Айтқым-ақ келіп жүрсем де таппай орайын,
Өткіздім күннің от болып жанған талайын.
Қасыңа келсем жарылып кетердей жүрегім,
Сыртыңнан ғана үздігіп үнсіз қараймын.

Көрдің бе әлде, көрмедің жанған жалынды,
Түсіндің бәлки, түсінбедің бе жанымды.
Гүл теріп қырдан қайтайық дедің бір күні,
Еркелей сөйлеп, достарша күліп кәдімгі.

Гүл термек болып біз қырға сосын беттедік,
Байқамай қалдық түнеріп қапты көкте бұлт.
Төбеден сәтте жауды да жазғы ақ жаңбыр,
Жүгіріп едік орманға барып жетпедік.

Басылар тіпті болмады сол бір ақ жаңбыр,
Малшынды нұрға біз тере алмаған арман-гүл.
Екеуміз тұрдық бүркеніп жалғыз бешпетті,
Шақырғандай боп болашақ нұрлы алдан бір.

Қыздырып қанды көңілде тулап күшті ағын,
Сөйлесіп тұрдық жүректі тербеп құштар үн.
Бір кезде тіпті батылданып мен кеттім бе,
Дірілдеп тұрған қолыңды жәймен ұстадым.

Астында тұрып сол күні жазғы жаңбырдың,
Сүйістік ұзақ... біз тұңғыш рет жан құрбым.
Көйлегің аппақ жабысып нәзік денеңе,
Жанымды менің күйдіріп, өртеп, жандырдың...


Ақ жаңбыр жәймен себелеп тұрды қыратта,
Жауынның суы құйылып жатты бұлаққа.
Мен тұрдым сені құшағыма алып, аймалап,
Көзіңе жас ап жылап тұрдың сен бірақ та...

Содан соң қалқам ақ көйлегіңді кимедің,
Жаныңды тербеп жүрді ұзақ мұңды күй керім.
Тек кейін білдім сол күні жаңбыр астында,
Ақ көйлегіңнен сынғанын аппақ түйменің...

Ақ көйлек солай киілмей қалқам қалды да,
Біз содан кейін бармадық бірге орманға.
Сен тұрмыс құрдың, қайтадан көктем оралып,
Ақ жаңбыр жауып, қайыңдар бүршік жарғанда.

Кінәлі жылдар егер сен бүгін өзгерсең,
Дір ете қалам сонау күн жүрген ізге ерсем.
Мұңданып ұзақ, ойланып ұзақ тұрам көп,
Ақ көйлек киіп орманға кірген қыз көрсем...

Ақ жаңбыр жәймен себелеп тұрды қыратта,
Жауынның суы құйылып жатты бұлаққа.
Мен тұрдым сені құшағыма алып, аймалап,
Көзіңе жас ап жылап тұрдың сен бірақ та...

Содан соң қалқам ақ көйлегіңді кимедің,
Жаныңды тербеп жүрді ұзақ мұңды күй керім.
Тек кейін білдім сол күні жаңбыр астында,
Ақ көйлегіңнен сынғанын аппақ түйменің...

Ақ көйлек солай киілмей қалқам қалды да,
Біз содан кейін бармадық бірге орманға.
Сен тұрмыс құрдың, қайтадан көктем оралып,
Ақ жаңбыр жауып, қайыңдар бүршік жарғанда.

Кінәлі жылдар егер сен бүгін өзгерсең,
Дір ете қалам сонау күн жүрген ізге ерсем.
Мұңданып ұзақ, ойланып ұзақ тұрам көп,
Ақ көйлек киіп орманға кірген қыз көрсем...