Махаббат - Сағынышым ...


САҒЫНЫШЫМ МЕНІҢ

Телміріп тұрмын созылып жатқан далаға қарап көкпеңбек,
Сен жоқсың бірақ құлпырды гүлдер қауызын жарып көктем кеп. Кештерде қоңыр сен жайлы салған сағыныш атты саздардың,
Бірі де сенің құлағыңа он боп білемін әлі жеткен жоқ.

Жайықтың жасыл жағасын тербеп, гүлдерін сүйіп көкте күн,
Саған да бәлки, оралған шығар, күлімдей қарап көктемің.
Мен бе деп қарап қаласың ба екен көрінсе жалғыз бір жігіт,
Соңынан карап сен бе деп жүрмін ақ бантик тағып өткеннің.

Санаумен күнді, қараумен ұшқан самолеттерге шаршадым,
Кеудемде жатыр жүректің нәзік пернесін басып қанша мұң.
Келетін болсаң келсеңші жаным, таусылды тағат-төзімім,
Сағындым сені! Төгілтіп салар әндеріңді де аңсадым.

Жүргенде жалғыз батпайды күнің, атпайды екен таңың да,
Зуылдап уақыт тез өтуші еді, аяулым, сенің барыңда.
Өмірден мынау басы артық бақыт сұрамас едім ешқашан,
Дариға-ай шіркін, сен болсаң жалғыз жанымда!

Телміріп тұрмын, құлпырған гүлді далама басымды иіп мен,
Қадала қарап сен шыға келердей көз ұшындағы биіктен. Махаббаттардан, сағыныштардан, сарғая күткен аңсаудан,
Тұратын дүние! Не деген ыстық, не деген шіркін, сүйікті ең!