Махаббат - Сол бір көктем...


СОЛ БІР КӨКТЕМ ЕСІМДЕ

Өртендім бе лапыл қағып білмедім,
Әйтеуір тек жалын атып гүлдедім,
Жүрегімді жырға, нұрға бөлеген,
Жиырма жасар кезім еді ол менің.

Көкірегімді сонда отқа өртеген,
Сен де қалқам, сол көктемдей көркем ең.
Еңлік гүл сияқты едің әдемі,
Құлпыратын қыр төсінде ертемен.

Нұрлы еді, жырлы еді айнала,
Күлімдейтін төбемізде ай ғана.
Әлі күнге құлағымда тұр әсем,
Сондағы әнің өзің айтқан жай ғана.

Көктем, көктем күмбірлеген жыр ма едің,
Тұңғыш рет мен сонда бір гүлдедім.
Сұлу көркі табиғаттың мас қылып,
Егілдім бе, төгілдім бе білмедім.

Тағы келді төгіп әсем күн нұрын,
Түріп тастап мөлдір аспан түндігін.
Шабыттанып кеткендеймін жасарып,
Сондағы өткен көктемді ойлап мен бүгін.