Махаббат - Аққуым,...


АҚҚУЫМ, МЕНІҢ ҚАЙДАСЫҢ?

Даладан мынау көк теңбіл,
Гүл термеппіз-ау көптен бір.
Терезе шертіп аулада,
Күлімдеп келін-көктем жүр.

Ойнайды ерке арай-нұр,
Шертіліп жатыр талай жыр.
Көк белден көптен аяулым,
Термедік гүлдер, қалай бұл?

Шаңқылдап біздің жағаға,
Тағы да келді шағала.
Сылдырлап көлдің шолпысы,
Толқындар ақты ағала.

Тулатқан ерке өзенді,
Не деген сұлу кез еді.
Мен жалғыз тұрмын жанымда,
Қос аққу қатар жүзеді...

Жалғыздық құшақ жайғасын,
Қай жігер бойды қайрасын.
Сыңарымды іздеп мен тұрмын,
Аққуым менің, қайдасың?

***

Көп болды өзің жақтан жел еспеді,
Хаттарың сырын шертіп тілдеспеді.
Сәулем-ау, неге менен кеттің жырақ,
Жанымыз біздің бірге емес пе еді?!

Тосып тұр екеумізді аппақ әлем,
Сені ойлап біз қыдырған баққа келем.
Қасымда жоқсың сәулем, сағынышымды,
Өзіңе жыр қып, сыр қып ақтарар ем.

Көп болды өзің жақтан жел еспеді,
Хаттарың сырын шертіп тілдеспеді.
Аққуым, оралсаңшы, туған жерге,
Жанымыз біздің бірге емес пе еді?!


***
Есіңде ме, көктем айы болатын,
Біздің ауыл жайлауға кеп қонатын.
Қызғалдақтар қаптап кеткен қыр үсті,
Қырмызыдай қыздарға бір толатын.

Кешке қарай шелек алып қолыңа,
Келе жатсаң жаутаң қағып жолыңа.
Тұратынмын бар бақытым со сәтте,
Ұшып келіп қонатындай қолыма.

Айта алмадым бірак сені күнім деп,
Тұрған кезде қарсы алдыңда дірілдеп.
Жанып кете жаздап аман қалдым ғой,
Жарқ етіп сен қарағанда күлімдеп...

Содан бері өтті зулап талай күн,
Көп болды біз кездеспедік арайлым.
Сен өзге үйдің босағасын аттадың,
Тұрмыс құрған жолын қуып талайдың.

Зулап жылдар өтті со бір кез қалай,
Жаудыраған мөлдір қара көздер-ай...
...Ыстықсың-ау о, алғашқы махаббат,
Ыстықсың-ау, базарлы - бал кездер-ай!