Махаббат - Алтын шаш


АЛТЫН ШАШ

Қырқада ойнап сағым мың,
Жайраңдап жетті жарқын жаз.
Қайдасың, сені сағындым,
Аяулы еркем, Алтыншаш!

Атпайды сенсіз ақ таңым,
Отты жыр жүрек шарпымас.
Іздедім қанша, таппадым,
Қайдасың, қайда, Алтыншаш?

Өзіңдей қызды көрмедім,
Болса да сенен артылмас.
Сағынышымды көр менің,
Ақ құсым менің, Алтыншаш.

Көктеммен бірге оралды,
Төбеден ұшып әр күн қаз.
Сен көрдің бе екен оларды,
Аңсаған әнім, Алтыншаш?

Қонақтап қалған кеудемде,
Сағыныш көлі сарқылмас.
Келмейсің маған беу, неге,
Келгенде көктем Алтыншаш?

Жалынын жағып жанымның,
Жайраңдап жетті жарқын жаз.
Қайдасың сені, сағындым,
Аяулы еркем, Алтыншаш!