Махаббат

СЫР

Махаббат!
Көп болды мен сенімен сырласпадым,
Жанымның жайып тастап нұрлы аспанын.
Өзіне өзге ұядан тапты бақыт,
Өзің деп тебіренген алғашқы әнім.

Білмеймін кім кінәлі енді бұған,
Әлі есте өткен күндер бұлдыраған.
Бір күні гүл теруге барған едік,
Құлындай кезімізде құлдыраған.

Гүл тердік қатар жүріп алқынысып,
Шаттықтың бал шарабын шалқып ішіп.
Сен жүрдің ойнақ салып, оттай жанып,
Аққудай қырдан төмен қалқып ұшып.

Қайтпақшы болдық білем кешінде тек,
Алаулап тұрды көзде-от, сезімде де-от...
Жабысып ерінге ерін... одан кейін,
Не болды... Өлтірсең де есімде жоқ.

Жан-жағы өртенгендей болды алаптың,
Жаныңды бекер сонда жаралаппын.
Жеке үйдің жалқы қызы-ай маған кейіп,
Жүгіріп жалаңаяқ бара жаттың.

Өмірдің білмедім бе өткелін көп,
Саған да кінә қойман шеттедің деп.
Өзіме-өзім әлі өкпелеймін,
Мен сонда неге қуып жетпедім деп.



САҒЫНЫШ
Туған жер, сенде өткізген,
Таңдарымды аппақ сағындым.
Сырласып жүрген көп қызбен,
Толқыды бірге жаным мың.

Тобылғы сайдың басында,
Тамаша қуып жүргенде,
Толқын шаш бір қыз қасымда,
Таң болып аппақ күлгенде.

Талайдан кеуде сыздаған,
Тамырым сексен солқылдап.
Тоқ балтыр сұлу қыз маған,
Толықси қарап сылқылдап.

Тағаты қалмай құлаған,
Талқан қып сезім-жүректі.
Тұңғыш бір мықтап жылаған,
Таңға артып аппақ білекті...

Таң атты сондай не түрлі,
Тербетіп өтіп шат үнді.
Толқын шаш сұлу бір күні,
Тойына мені шақырды...

Таңырқап жүрек шерменде,
Тандым да естен жыладым.
Тағдырым соғып сол жерге,
Тағы да бүгін оралдым.

Тал шыбық сонда көктеген,
Тамырын жайып түр әлі.
Тырналар ұшып көк белден,
Гүл теріп топ қыз шығады.

Тобылғы сайдың басында,
Томаша қаулап өсіпті,
Толқын шаш қыз жоқ қасымда,
Таяуда болған бесікті...

Сырласып талай көп қызбен,
Толқыған қайран, жалын күн?!
Төсінде қырдың өткізген,
Таңдарды сол бір сағындым.



АҚ ТҮНДЕР - АРМАН ТҮНДЕР

Көк жүзінде албыраған ай күліп,
Бақытты едік көрмеген түк қайғырып.
Аруларды қызықтырып өтуші ек,
Ойнақ салып біздер мінген сәйгүлік!

Тұла бойда тулайтұғын күш кілең,
Төмен қалып найза таулар тіс-түрен.
Зымырап біз бара жатқан түндер-ай,
Ақбоз атпен ақша бұлттар үстімен.

Ақ түндер-ай, қызбен алғаш сырласқан,
Ақ түндер-ай, төңіректі гүл басқан.
Сұлу қызбен бірге кете бардың ба,
Менімен бір сәл кідіре тұрмастан.

Бүгін көрсем сол бір сәттей қарасың,
Жүрегімнің тынап өтті жарасын.
Сол түндерді ұмыттың ба шынымен,
Сол түндерді енді қайдан табасың?

Жүрмін жаным, сан мұңайып, сан күліп,
Жұлдыз жанған жаз түндерін ән қылып.
Жүрегімде сенің бейнең және сол,
Аппақ түндер-арман түндер мәңгілік.



САҒЫНЫШЫМ МЕНІҢ

Телміріп тұрмын созылып жатқан далаға қарап көкпеңбек,
Сен жоқсың бірақ құлпырды гүлдер қауызын жарып көктем кеп. Кештерде қоңыр сен жайлы салған сағыныш атты саздардың,
Бірі де сенің құлағыңа он боп білемін әлі жеткен жоқ.

Жайықтың жасыл жағасын тербеп, гүлдерін сүйіп көкте күн,
Саған да бәлки, оралған шығар, күлімдей қарап көктемің.
Мен бе деп қарап қаласың ба екен көрінсе жалғыз бір жігіт,
Соңынан карап сен бе деп жүрмін ақ бантик тағып өткеннің.

Санаумен күнді, қараумен ұшқан самолеттерге шаршадым,
Кеудемде жатыр жүректің нәзік пернесін басып қанша мұң.
Келетін болсаң келсеңші жаным, таусылды тағат-төзімім,
Сағындым сені! Төгілтіп салар әндеріңді де аңсадым.

Жүргенде жалғыз батпайды күнің, атпайды екен таңың да,
Зуылдап уақыт тез өтуші еді, аяулым, сенің барыңда.
Өмірден мынау басы артық бақыт сұрамас едім ешқашан,
Дариға-ай шіркін, сен болсаң жалғыз жанымда!

Телміріп тұрмын, құлпырған гүлді далама басымды иіп мен,
Қадала қарап сен шыға келердей көз ұшындағы биіктен. Махаббаттардан, сағыныштардан, сарғая күткен аңсаудан,
Тұратын дүние! Не деген ыстық, не деген шіркін, сүйікті ең!



СЕНІҢ ӘНІҢ

Еркелеуші ем тыңдап ыстық назыңды,
Көргендей бір болушы едім жазымды.
Ән салғанда сенің даусың көкке өрлеп,
Жүрегіме өлең болып жазылды.

Сенің онің маржан болып шашылған,
Қиялымды сан асудан асырған.
Осы әсем ән құшағында тербеліп,
Жиі көрсем деймін сені асыл жан.



СЕРТ

Сертте тұрмай алдап кетсең сен егер,
Мен жер басып жүре алмаймын, сене бер.
Қара дауыл тасқа апарып соқтырса,
Көк теңізде қирайды ғой кемелер.

Арамызды алыстатса күн егер,
От сағыныш өртер бойды, сене бер.
Қарсы алдыңнан сағым тұрса шілдеде,
Жақын болып көрінбей ме төбелер?

Мен кемемін, дауыл соқса қираймын,
Мен төбемін, мұңымды ішке жинаймын.
Жаным мені от шығарсың өртейтін,
Неге сені, неге осынша қимаймын?



СЕНІ ІЗДЕЙМІН

Зулайды ағып күн деген,
Білмеймін өтті ай ма, апта?
Хабарыңды үзіп сен менен,
Бұлбұлым, кеттің қай жаққа?

Қай жаққа кеттің қайырылмай,
Толқыны қуып тағдырдың.
Үміттен бірақ айырылмай,
Мен жүрмін олі жан құрбым.

Жанарда жасым мөлдіреп,
Ұйқысыз таңдар атырдым.
Бұлақтай таза мөлдір ек,
Адастық па, әлде ақылдым...

Амалың қайсы сенбеуге,
Түндерді жылап батырдым.
Ауыр ой басқан кеудемде,
Ұялап бүгін жатыр мұң.

Зулайды ағып күн деген,
Білмеймін өтті ай ма, апта?
Хабарыңды үзіп сен менен,
Бұлбұлым, кеттің қай жаққа?

***
Тербеген балғын сезімді,
Сен едің менің арманым.
Бақытқа толы кезімді,
Өзіңе ғана арнадым.

Гүл едің қауыз жармаған,
Күн едің көктен төгілген.
Кездестің маған арман-ән,
Шаттығым болып өмірден.

Төгіліп күлкің көңілде,
Жаныңда жатсың ән аунап.
Бақытқа мае боп өмірде,
Жүрейік бірге алаулап.

Соғады бірге жүрегім,
Кеудемді жүрер жандырып.
Өзіңмен бірге тілегім,
Жаным да бірге мәңгілік.

Тербеген балғын сезімді,
Сен едің менің арманым.
Бақытқа толы кезімді,
Өзіңе ғана арнадым.

Гүл едің қауыз жармаған,
Күн едің көктен төгілген.
Кездестің маған арман-ән,
Шаттығым болып өмірден.

Төгіліп күлкің көңілде,
Жаныңда жатсың ән аунап.
Бақытқа мае боп өмірде,
Жүрейік бірге алаулап.

Соғады бірге жүрегім,
Кеудемді жүрер жандырып.
Өзіңмен бірге тілегім,
Жаным да бірге мәңгілік.



СОЛ БІР КӨКТЕМ ЕСІМДЕ

Өртендім бе лапыл қағып білмедім,
Әйтеуір тек жалын атып гүлдедім,
Жүрегімді жырға, нұрға бөлеген,
Жиырма жасар кезім еді ол менің.

Көкірегімді сонда отқа өртеген,
Сен де қалқам, сол көктемдей көркем ең.
Еңлік гүл сияқты едің әдемі,
Құлпыратын қыр төсінде ертемен.

Нұрлы еді, жырлы еді айнала,
Күлімдейтін төбемізде ай ғана.
Әлі күнге құлағымда тұр әсем,
Сондағы әнің өзің айтқан жай ғана.

Көктем, көктем күмбірлеген жыр ма едің,
Тұңғыш рет мен сонда бір гүлдедім.
Сұлу көркі табиғаттың мас қылып,
Егілдім бе, төгілдім бе білмедім.

Тағы келді төгіп әсем күн нұрын,
Түріп тастап мөлдір аспан түндігін.
Шабыттанып кеткендеймін жасарып,
Сондағы өткен көктемді ойлап мен бүгін.



АҚҚУЫМ, МЕНІҢ ҚАЙДАСЫҢ?

Даладан мынау көк теңбіл,
Гүл термеппіз-ау көптен бір.
Терезе шертіп аулада,
Күлімдеп келін-көктем жүр.

Ойнайды ерке арай-нұр,
Шертіліп жатыр талай жыр.
Көк белден көптен аяулым,
Термедік гүлдер, қалай бұл?

Шаңқылдап біздің жағаға,
Тағы да келді шағала.
Сылдырлап көлдің шолпысы,
Толқындар ақты ағала.

Тулатқан ерке өзенді,
Не деген сұлу кез еді.
Мен жалғыз тұрмын жанымда,
Қос аққу қатар жүзеді...

Жалғыздық құшақ жайғасын,
Қай жігер бойды қайрасын.
Сыңарымды іздеп мен тұрмын,
Аққуым менің, қайдасың?

***

Көп болды өзің жақтан жел еспеді,
Хаттарың сырын шертіп тілдеспеді.
Сәулем-ау, неге менен кеттің жырақ,
Жанымыз біздің бірге емес пе еді?!

Тосып тұр екеумізді аппақ әлем,
Сені ойлап біз қыдырған баққа келем.
Қасымда жоқсың сәулем, сағынышымды,
Өзіңе жыр қып, сыр қып ақтарар ем.

Көп болды өзің жақтан жел еспеді,
Хаттарың сырын шертіп тілдеспеді.
Аққуым, оралсаңшы, туған жерге,
Жанымыз біздің бірге емес пе еді?!


***
Есіңде ме, көктем айы болатын,
Біздің ауыл жайлауға кеп қонатын.
Қызғалдақтар қаптап кеткен қыр үсті,
Қырмызыдай қыздарға бір толатын.

Кешке қарай шелек алып қолыңа,
Келе жатсаң жаутаң қағып жолыңа.
Тұратынмын бар бақытым со сәтте,
Ұшып келіп қонатындай қолыма.

Айта алмадым бірак сені күнім деп,
Тұрған кезде қарсы алдыңда дірілдеп.
Жанып кете жаздап аман қалдым ғой,
Жарқ етіп сен қарағанда күлімдеп...

Содан бері өтті зулап талай күн,
Көп болды біз кездеспедік арайлым.
Сен өзге үйдің босағасын аттадың,
Тұрмыс құрған жолын қуып талайдың.

Зулап жылдар өтті со бір кез қалай,
Жаудыраған мөлдір қара көздер-ай...
...Ыстықсың-ау о, алғашқы махаббат,
Ыстықсың-ау, базарлы - бал кездер-ай!



АЛТЫН ШАШ

Қырқада ойнап сағым мың,
Жайраңдап жетті жарқын жаз.
Қайдасың, сені сағындым,
Аяулы еркем, Алтыншаш!

Атпайды сенсіз ақ таңым,
Отты жыр жүрек шарпымас.
Іздедім қанша, таппадым,
Қайдасың, қайда, Алтыншаш?

Өзіңдей қызды көрмедім,
Болса да сенен артылмас.
Сағынышымды көр менің,
Ақ құсым менің, Алтыншаш.

Көктеммен бірге оралды,
Төбеден ұшып әр күн қаз.
Сен көрдің бе екен оларды,
Аңсаған әнім, Алтыншаш?

Қонақтап қалған кеудемде,
Сағыныш көлі сарқылмас.
Келмейсің маған беу, неге,
Келгенде көктем Алтыншаш?

Жалынын жағып жанымның,
Жайраңдап жетті жарқын жаз.
Қайдасың сені, сағындым,
Аяулы еркем, Алтыншаш!



МЕН СЕНІ ТҮСІМДЕ КӨРДІМ

Сені көрдім сүйген сәулем түсімде,
Жүр екенбіз алма бақтың ішінде.
Үстіңде аппақ көйлегің бар ақ қардай,
Күннің нұры шашу шашып жатқандай.

Алтын сәуле күліп көктен күлімдеп,
Бұлақ ағып жатыр баяу дірілдеп.
Ақ қайыңдар сыбдырлап сыр шертеді,
Қуаныштан жүрек жанып елтеді.

Жанарыңнан шаттық нұры төгілген,
Күнім менің, күліп келген көгімнен.
Еркелейсің, сақ-сақ күліп келеміз,
Біріккендей болып кейде денеміз.

Жатқан кезде шаттық нұрға боянып,
Осы жерде кеттім кенет оянып.
Алыстағы өзіңді ойлап жатырмын,
Ал өзің ше, сағындың ба, ақылдым!

Жүрегімде бүршік жарып гүл-үміт,
Кеттім сергіп, жалын атып құлпырып.
...Түс-ақ болсын, өңдегіден түу алыс,
Көптеу болғай деп тіледім қуаныш!



АҢСАУ

Әнім едің, сәнім едің сен менің,
Сен бар жерде мен мұң бар деп сенбедім.
Қызыл гүдей өзің барда қасымда,
Көңілді боп өтуші еді күндерім.

Жоқсың бүгін, көктем қайта оралды,
Жас жүрегім елегзитін боп алды.
Біз қыдырған алма бақтар гүл атып,
Ақ қайыңдар ақ желекке оранды.

Қайда жүрсің, қалқам, менің аңсаған,
Саған арнап мұңға батып ән салам.
Арманымның аппақ құсы едің сен,
Не болады арманы жоқ болса адам.

Сондықтан да сені қалқам сағынам,
Күнде іздеймін туған жердің бағынан.
Сенен хабар келе ме деп қараймын,
Құстар ұшып өтсе көкте салып ән.

Көктем келді ақ жаңбырын тамдырып,
Асқар таулар жатыр қайта жаңғырып.
Тек мен ғана мұңданамын аяулым,
Сағынышым төзімімді талдырып.

Әнім едің, сәнім едің сен менің,
Сен барда мен мұңдануды білмедім.
Келші, қалқам, бірге болып мәңгіге,
Бір терейік туған жердің гүлдерін.


ҚАДАЛЫП НЕГЕ ҚАРАДЫҢ?

Қадалып неге қарадың,
Қаракөз балғын қарындас.
Жарқ етіп отты жанарың,
Қалдырдың ойға жалын жас.

Өтінем, бұлай қарама,
Орарсың өртке жанымды.
Оңай да соқпас ағаңа,
Сөндіру сосын жалынды.

Жанарың мөлдір, көркемсің,
Сұлуға құмар түгел ел.
Еліктей ерке екенсің,
Еркелеп дәйім жүре бер.

Жүре бер, күліп, досым-ау,
Шұғылалы таңдар қарсы алсын.
Бір күні шатты осынау,
Жас кезіңді де аңсарсың.

Мұңдансаң да, күлсең де,
Жүрекке бәрін құлыпта.
Әйтеуір қайда жүрсең де,
Ақын ағаңды ұмытпа!



СИҚЫР СЕЗІМ

Айналайын, жанымды жаралама,
Тіпті бұлай, өтінем, қарама да.
Қадап қара көзіңді қарай берсең,
Оңай соқпас әрине, ағаңа да.

Оңай тимес, оның да жүрегі бар,
Жүpeгi бар, нұрдан ақ тілегі бар.
Сен жаңадан сезініп келе жатқан,
Бұл сезімнің жалынын біледі олар.

Бұл сезім-өрт қой тура қарағым-ау,
Құятын жүрекке нұр, жаныңа алау.
Әлі сыр сақтай білмес жанарыңмен,
Бәрін айтып...жарқ етіп қарадың-ау.

Мен де қалам соңыңнан қарай-қарай,
Сөз оралып аузыма талай-талай.
Баршы қалқам, әйтпесе толқып тұрып,
Бір сөз айтып қалармын абайламай.

Қарағым-ай, жаралған бақыт-нұрдан,
Сен бір шырак лапылдап жанып тұрған.
Абайлап жүр, жем болма бұла шақта,
Махаббатың есікті қағып тұрған.



АЛДАП КЕТТІ МАХАББАТ
Жауқазындай үлбіреген гүл едің,
Бір өзің деп соқты менің жүрегім.
Махаббаттан күшті сезім жоқ болар,
Сенен артық қыз бар деп мен білмедім.

Сондықтан ба көңілімде күй тасып,
Өлең болып қалсақ деуші ем ұйқасып.
Көкірегімді жандырып от-сағыныш,
Өз-өзіммен жүрдім іштей айқасып.

Алма жүзің, қара көзің мөлдіреп,
Қарсы алдымда сен тұрғанда күлімдеп,
Қуанушы ем, күлімдеген алтын күн,
Орнағандай жүрегіме менің кеп.

Амал қанша, бұл ұзаққа бармады,
Махаббатым мені бір күн алдады.
Қабағымды кіреукелеп қара бұлт,
Мұңға айналды қуанышты ән бағы.

Сенің ыстық махаббатың сөнді деп,
Бір ауыр мүң тас төбемнен төнді кеп.
Тұңғыш рет сүйіп едім ерніңнен,
Сол сүйгенім екен менің соңғы рет.

Қол жетпеген арманым деп аңсаған,
Кейін талай жыр арнадым мен саған.
Мұңға орандым өлең жазған кезімде,
Сені ойладым кездерімде шаршаған.

Жалғап алып бір үзілген әнімді,
Мен өлеңге салдым сөйтіп барымды.
Махаббатты жырлаймын деп мұңдана,
Ақын болып шыға келдім кәдімгі.

Маған ба әлде, ғашық па әлде жырыма,
Көп қыздардың ұялаппын жанына.
Сол үшін мен айттым кейін қанша алғыс,
Махаббатым, қонбай кеткен бағыма.

Жүрегімнің тырнап кейде жарасын,
Қиялымда жарқ етіп бір жанасың.
...Өлең жазсам әлі күнге сондықтан,
Көз алдыма сен кеп тұра қаласың.


МАХАББАТТЫ ЖЫРЛАЙСЫҢ ДЕП

Махаббатты жырлайсың деп өкпелеп,
Жазғырасың аяулым-ау тектен-тек.
Онсыз өмір жоқ қой жердің бетінде,
Онсыз ешкім бақытқа әлі жеткен жоқ.

Есіңде ме, біз табысқан сол бір күн,
Сені ішінен таңдап едім мың гүлдің.
Күн боп күліп қонған менің кеудеме,
Бар бақытым өзің болып көріндің.

Қызық еді сол бір күндер аяулы,
Білмеуші едің тіпті мені аяуды.
Еркелікпен сағындырып, сарғайтып,
Жүрегіме салдың талай қаяуды.

Талай қойдың терезеде күттіріп,
Күттім қанша аяздарда тік тұрып.
Соныменен жүрдің бе екен сен маған,
Махаббаттың қадірін де ұқтырып.

Деп жүргенмен өзіңменен мен егіз,
Кейде біздер өсекке де сенгенбіз.
Талай рет айрылыса жаздадық,
Теңіздерде аударылып кемеміз.

Сондай кезде мұң жанымды тербеген,
Жазушы едім бұрқыратып мен өлең.
Арманымның қашан да ұшар басынан,
Аяулы еркем сені ғана көрер ем.

Еске түссе сол бір күндер бүгінде,
Бір ақ сәуле құбылады өңімде.
Махаббатты қадірлесін деймін мен,
Тұрған жастар ақ қайыңның түбінде.

Сондықтан да махаббат деп жыр жазам,
Жылытамын жүректерді мұздаған.
Құбылмалы осынау шақ сын ғой бір,
Талай рет біз өртене жаздаған.

Махаббатты жырлайсың деп өкпелеп,
Жазғырасың аяулым-ау тектен-тек.
Онсыз өмір жоқ қой жердің бетінде,
Онсыз ешкім бақытқа әлі жеткен жоқ.



АҚ ЖАҢБЫР ЖӘНЕ АҚ КӨЙЛЕК ТУРАЛЫ ЖЫР

Біз онда жап-жас құрбы едік қатар бір жүрген,
Орманға барып жүруші ек теріп бүлдірген.
Мәңгі жас болып жүре берердей көріппіз,
Өмірдің лезде есейтетінін кім білген?

Зулады күндер апталар ағып, ай талай,
Жастықтың өтті күндері қызық байқалмай.
Он сегіз жасқа шыққан кезінде мен жүрдім,
Жанымдай сені сүйетіндігімді айта алмай.

Айтқым-ақ келіп жүрсем де таппай орайын,
Өткіздім күннің от болып жанған талайын.
Қасыңа келсем жарылып кетердей жүрегім,
Сыртыңнан ғана үздігіп үнсіз қараймын.

Көрдің бе әлде, көрмедің жанған жалынды,
Түсіндің бәлки, түсінбедің бе жанымды.
Гүл теріп қырдан қайтайық дедің бір күні,
Еркелей сөйлеп, достарша күліп кәдімгі.

Гүл термек болып біз қырға сосын беттедік,
Байқамай қалдық түнеріп қапты көкте бұлт.
Төбеден сәтте жауды да жазғы ақ жаңбыр,
Жүгіріп едік орманға барып жетпедік.

Басылар тіпті болмады сол бір ақ жаңбыр,
Малшынды нұрға біз тере алмаған арман-гүл.
Екеуміз тұрдық бүркеніп жалғыз бешпетті,
Шақырғандай боп болашақ нұрлы алдан бір.

Қыздырып қанды көңілде тулап күшті ағын,
Сөйлесіп тұрдық жүректі тербеп құштар үн.
Бір кезде тіпті батылданып мен кеттім бе,
Дірілдеп тұрған қолыңды жәймен ұстадым.

Астында тұрып сол күні жазғы жаңбырдың,
Сүйістік ұзақ... біз тұңғыш рет жан құрбым.
Көйлегің аппақ жабысып нәзік денеңе,
Жанымды менің күйдіріп, өртеп, жандырдың...


Ақ жаңбыр жәймен себелеп тұрды қыратта,
Жауынның суы құйылып жатты бұлаққа.
Мен тұрдым сені құшағыма алып, аймалап,
Көзіңе жас ап жылап тұрдың сен бірақ та...

Содан соң қалқам ақ көйлегіңді кимедің,
Жаныңды тербеп жүрді ұзақ мұңды күй керім.
Тек кейін білдім сол күні жаңбыр астында,
Ақ көйлегіңнен сынғанын аппақ түйменің...

Ақ көйлек солай киілмей қалқам қалды да,
Біз содан кейін бармадық бірге орманға.
Сен тұрмыс құрдың, қайтадан көктем оралып,
Ақ жаңбыр жауып, қайыңдар бүршік жарғанда.

Кінәлі жылдар егер сен бүгін өзгерсең,
Дір ете қалам сонау күн жүрген ізге ерсем.
Мұңданып ұзақ, ойланып ұзақ тұрам көп,
Ақ көйлек киіп орманға кірген қыз көрсем...

Ақ жаңбыр жәймен себелеп тұрды қыратта,
Жауынның суы құйылып жатты бұлаққа.
Мен тұрдым сені құшағыма алып, аймалап,
Көзіңе жас ап жылап тұрдың сен бірақ та...

Содан соң қалқам ақ көйлегіңді кимедің,
Жаныңды тербеп жүрді ұзақ мұңды күй керім.
Тек кейін білдім сол күні жаңбыр астында,
Ақ көйлегіңнен сынғанын аппақ түйменің...

Ақ көйлек солай киілмей қалқам қалды да,
Біз содан кейін бармадық бірге орманға.
Сен тұрмыс құрдың, қайтадан көктем оралып,
Ақ жаңбыр жауып, қайыңдар бүршік жарғанда.

Кінәлі жылдар егер сен бүгін өзгерсең,
Дір ете қалам сонау күн жүрген ізге ерсем.
Мұңданып ұзақ, ойланып ұзақ тұрам көп,
Ақ көйлек киіп орманға кірген қыз көрсем...