Өмір - Тілек

ТІЛЕК

Көңілім-көктем, жаз-жаным,
Күн сайын от боп маздадым.
Ұшырып көкке келемін,
Жүректің жыр қып саздарын.

Қызықтан үркіп қашпадым,
Тойға да құмар жас жаным.
Шығайын қандай биікке,
Аспадым және таспадым.

Күндермен аққан жарысып,
Қуаныштармен табысып.
Ержетіп мен де келемін,
Қиындықтармен алысып.

Өлеңде қаппын көп кейін,
Тұлпарымды енді ерттейін.
Өкпелі жандар бар шығар,
Мен ешкімге өкпелемеймін.

Жаңа аштым өмір есігін,
Тербетіп тағдыр бесігін.
Ренжіп жүргендер болса,
Етіңдер маған кешірім.

Таратып көкке арайын,
Жүректің отын жағайын.
Өлеңнің асқар көгінен,
Өз соқпағымды табайын.

Жүрер жол алда бар қанша,
Жанайым сөніп қалғанша.
Аға бер, өмір өзені,
Ішейін шөлім қанғанша!