Өмір - Ақындарға тиіспе

АҚЫНДАРҒА ТИІСПЕ

Ақындарға тас атқандар оңбайды,
Қасіреттен бір күн сорлап, зарлайды.
Пәле жауып кейде залым біреулер,
Менің ақын сезімімді қорлайды.

Таңғалмаймын, тоғышарлар әлі бар,
Аяқ бассаң сүмең қағып жолығар.
Солар бір кез Қасымға да оқ атқан,
Тұлпар болсам деп шулаған жабылар.

Керек ақын тұрсын алда не бір сын,
Деп тілейді ол әр жүректе күн күлсін.
Ақынды ел ардақтайды қашан да,
Бірақ оны тоғышарлар не қылсын!

Оған қымбат қарынының тоқтығы,
Тек кемді күн қайғы-мұңның жоқтығы.
Келер күндер толғандырмас оларды,
Оларға уайым - дүниенің боқтығы.

Пасықтық пен арамзалық, күншілдік,
Жеңген кезде қаншама рет күрсіндік.
Ешқашанда жеңілмейтін олардан,
Ол-ақындық, білмесе егер білсін жұрт.

Сондықтан да биік ұстап еңсемді,
О, ақындық кастерлеймін мен сені!
Өйткені сен мәңгі жасай бересің,
Азаматтық, адалдық ар өлшемі!