Өмір - Ұлыма

ҰЛЫМА

Бірінші жыр

Сен бір гүлсің қауызыңды жармаған,
Көкірегіңнен әлі ұшқан жоқ арман-ән.
Ақ төсекте пыс-пыс етіп жатырсың,
Қабағыңда бір кірбің жоқ жан-балам.

Сен бар жерде күмбірлеп күй шалқиды,
Асқақтап ән көкіректен қалқиды.
Жанымыздан мүң дегенін жоғалды,
Ойыныңа қарап сенің сан қилы.

Мәз боламыз сені ортаға алып біз,
Өзің болсаң қуанышқа қарықпыз.
Шын шаттықты саған қарап ұғыппыз,
Шын бақытты саған қарап таныппыз.

Сенің әрбір қимылыңнан жыр ұқтық,
Сен арқылы шын бақытпен жолықтық.
Бала адамның-бауыр еті деген сөз,
Рас екен, ата-ана боп соны ұқтық.

Екінші жыр

Тәтті екен бал шәрбаттай бала-шырын,
Жарадың күлуге де қарашығым.
Өсе бер ерке ұлы боп туған жердің,
Жасыңнан жаттап өскен дала сырын.

Жоқ сырым сенен ешбір жасыратын,
Болдым мен жеткенше үйге асығатын.
Жұмыстан шаршап келсем қарсы шығып,
Сен бар деп мойыныма асылатын.

Келгелі сен өмірге ардақты ұлым,
Шығатын болды менің салмақты үнім.
Өзіңе арнап жазған өлеңдерім,
Барады кең дүниені шарлап бүгін.

Сүйейін құмарлана, аймалайын,
Сәулесін өміріме жайған айым.
Сен менің ұлым бол да қарашығым,
Халқыңның баласы бол айналайын.