Өмір - Кеңшілікке

КЕҢШІЛІККЕ

Өмірге мынау ерке едің,
Өлеңмен жанды өртедің.
Төмпешік болып жатырсың,
Қалайша текті тентегім?

Жасыңнан қудың арманды,
Арманың асқақ салды әнді.
Жалмаған сендей серіні,
Қайтейін мына жалғанды.

Жыр едің тұнған құйылып,
Бұлт едің шыққан түйіліп.
Оқушы ең сүйіп жырыңды,
Қараушы ең саған сүйініп.

Арманын, ойын, мұратын,
Айқайлап айтып тұратын.
Тектілері аз мынау дүниеге,
Жетпей тұр сендей бір ақын.

Муза деп білген мұратың,
Күлімдеп дәйім тұратын.
Қадірін оның біліңдер,
Ортаңда жүр бір ерке ақын.

Тентектеу болар, тел болар,
Қыран боп көктен сорғалар.
Жақсының орны бір бөлек,
Жаман аз емес сор болар.

Асып та кейде сөйлер ол,
Тасып та кейде сөйлер ол.
Кешірім оған етіңдер,
Ұрттап та койса тойда егер.

Өйткені өлең - өмір ғой,
Шалқыған айдын көңіл ғой.
Тірлікте мынау бір тұтам,
Тұнжырап жүрген өлім ғой.

Сондықтан шалқып күліңдер,
Шаттанып дәйім жүріңдер.
Ортаңда жүрген осы ерке,
Ақынның қадірін біліңдер.