Өмір - Кешпе сен

КЕШПЕ СЕН

Қырандай қалқып төскейде,
Қалықтап ағып баратсам,
Жастығым мені кеш кейде,
Жанымнан боран боратсам,

Жарқ етіп жалын көзімде,
Қасқая тартсам беткейге,
Түсін сен, мені өзің де-
Сорғалап қыран өтпей ме?!

Кеудемді желпіп түнгі ызғар,
Қақ жарса қара көк төсін,
Көрініп тұрған жұлдыздар,
Төгіліп қалай кетпесін.

Арқамда қалып жүз белдер,
Жанарын бүркеп абат бақ,
Тостаған тектес қыз-көлдер,
Ұялар сонда қарап қап.

Тауға да жету-арман бір,
Оның да шығар басы бар.
Тасырлап өткен ақ жаңбыр,
Ертең-ақ бәлкім ашылар...

Күндерде өткен жоқ есем,
Көмейде жүр көп тасқын үн.
Қырандай қағып өтпесем,
Кешпе, сен мені, жастығым!