Өмір - Шопан

ШОПАН

Жүрегі -аппақ, көңілі- адал, жаны-ізгі,
Кең даладан ажыратар әр ізді.
Шопан деген қарапайым батыр жан,
Туған жердің барометрі тәрізді.

Сырласады ол даламен де, көкпен де,
Гүлмен бірге құлпырады көктемде.
Сақылдаған сары аязда қой баққан,
Шопаныңнан төзімі артық жоқ пенде.

Күш-қайраты сыймай бойда тасыған,
Көкірегінен жатады ылғи тасып ән.
Найзағайдың жарқылынан сыр тыңдап,
Нұр жинайды бұлттың гәуһар жасынан.

Шаршаса да білдірмейді ешкімге,
Байқамайды тез түскенін кештің де.
Күні бойы тыным алмай жүреді,
Әрқашан бір қызу істің үстінде.

Қиындықпен алысумен не түрлі,
Табиғатты жеңуге де жетілді.
...Қыр басында тұр ол әне, қырандай,
Кең даланың ақиығы секілді...